• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2013

Жер

517 рет
көрсетілді

 

Төрткүл дүниеге күлшелі баладай қазақты сүй­кімді етіп көрсетіп, сүйікті етіп отырған – ата-бабаларымыздың оққа ұшса да, отқа түссе де басқыншыға, дүр­диген дүмдіге, дүмбілез билікке бағынбаймын, өліспей беріспеймін, бір сүйем мекенімнен аларыңа келіспеймін, деп қасқайып тұрып көздің қарашығындай қорғаған, бізге мұра еткен жері екені айдай әлемге тастағы мәңгілік таңбадай ақиқат. Бүкіл Еуразия құрлығының 272,5 миллион гектарын алып жатқан сол жерімізге Батыс Еуропаның Франция, Португалия, Испания, Италия, Грекия, Норвегия, Финляндия сияқты мемлекеттер еркін сыйып кететінін айтып, әлемде жеріміздің байтақтығы бойынша 9-шы орынды қанжығаға байлаймыз дейміз. Асты-үсті байлыққа толы: мұнай, көмір, ураннан, тағы басқадан алғашқы ондыққа, хром мен мыстан біріншіліктеміз деп басымызды тік көтеріп, қалпағымызды алшасынан киіп жүретініміз және бар. Қадіріне жетсең, қара тасы да, сусыған құмы да алтындай жарқырайтынына кім дау айта алар дейсің. Сол ұлы қазына – бүгін қаржыны триллиондап есептеуге, екі онжылдықта миллиардерлердің төбе көрсетуіне мүмкіндік беріп, Арқадан айбынымызды асырған, Есілдің екі жағалауына дәулетіне сәулеті сай Астана тұрғызуымызға қол жеткізді. Бұл бардың арқасы, жоқты жонып отырғандар мұндай биікке өмірі көтеріле ала ма? Жоқ.

 Тағылым алар тарихқа ой жі­­бер­сең мемлекеттің шығуын мен­шікке телиді. Сол меншікке жерің бол­са ғана ие екенсің. Онсыз «…же­тім, жетекшіл халықсың» (Ә.Бө­­­­кей­ханов). Біздегідей ұлан асыр жер емес, ұлтарақтай жерге қолы жетпей, жетімнің күйін кешіп жүргендер, барынан айырылып, бастан бағы тайып, ұлттық рухын өлтіріп, ақыры өзі сатқан қандастарының қарғысына ұшыраған Проспер Мерименің «Таманго» новелласындағы Таманго тағдырын бастан кешкендер жер бетінде жоқ дей аламыз ба? Санамызда қорытып сабақ алсақ, озбырларға алданып, құлына айналғандар, соңында үнсіз көз жұмғандар алты құрлықта жетіп артылады. Ал осынша бақ пен тақ, бақыт сыйлаған, «Күн барда жұлдызды сезінбейсің» (Тагор) деп Тәңірім адал ниетімізге, ата-бабаларымыздың Алладан ағынан тілеген тілегіне осынша ұлан-асыр жерді бергеніне тәубе деуге тиістіміз. Тек көкейден кетпейтін көп сұрақтың бірі – біз осы жеріміздің қасиетін танып білдік пе, сезіп түсіндік пе?

Әлемнің небір алпауыттары келіп, игеріп жатырмыз, өндіріп жатырмыз дейтін байтағымыздың оңайлықпен бүгінге жетпегенін, адам айтқысыз сойқандарды бабаларымыз бастан өткергенін, енді сол жерді жырмыштап алып байып жүргендерден шын иесі кім десе, не дер екен? Егер, сен болсаң, қосқан үлесің, сіңірген еңбегің қайсы дегенде, күмілжімей нық тұрып таразы басында теңеуге әлгінің өресі жете ме? Қайдам, олай деп батыл айта алмаймыз-ау! Себебі, кейде Алладан бұрын бәрін өзі жаратқандай өлермендік жасайтындардың қиямпұрыс жат қылықтары, жемірлігі, жемқорлығы, алаяқтығы, жылпостығы, екі жеп биге шықсам деген арам пиғылдары ондай арлылықтан ада екенін көріп отырмыз.

Бір замандары қазақ жері 4,2 миллион шаршы шақырым болыпты. Қазіргі біздің несібемізге бұйырғаны – 272,5 миллион шаршы шақырымнан сәл артық. Әрине, аз жер емес. Осынша жағрафиямызға демографиямызды қайтсек сәйкестендіреміз, оңайға бой бермейтін тұлпардың түгіндей қалың қазақты көбейтудің жолы қайсы? деген тағы бір ой қылаң береді. Бұл біреулерге артықтау естіліп, қиялдай көрінер. Әйтсе де жерге сай ұлт болуы тиіс. Қалай десек те, Қазақ елінің көсегесін көгертетін ұлттық демография.

Елбасының болашақта Отаны­мызды «Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп айтуы жай сөз емес, айдай ақиқатты меңзеп отыр емес пе?

Жерсіз мемлекет бола алмайсың, басың қаңғырып қалады дегенді сонау аңыз заманда Мөде қаған да айтқан. Ол: «Жер – мемлекеттің негізі» деп ниеті бұзық тұлпарына көз салғанда қиналмай берген, сүйіктісіне сұқтанғанда, алтын құрсақ аман болса, тағы болар деп қиған, ал ұлтарақтай жер сұрағанда енді көнуге болмайды деп атқа қонған. Мұндай арпалыс аз болды ма?..

Осы аралықта қазақ жұртының жеріне қырғидай тигендердің қылмыс дерлік жат қылықтарын кейінгі ұрпақтың есіне сала кетсек, артық бола қоймас.

Мәуілжіп піскен алма бағындай тұнып тұрған жер кімнің де болса көкірегіне «кесел», көзіне жыбырлаған құрт болмай қойған ба? Үстемдігін жүргізген Ресей патшалығы басы артық жер деген сылтаумен, айласын асырып, қазақ арасына сына қағып, саңылау түсіріп отырған. Қазақ жерін келімсектерге үлестірген. Ал қазақты атажұр тынан түре қозғап, қоныстандырудың резервациясына ұшыратқан.

Соның кеселді кесірінен 45 миллион десятина құнарлы жерінен айырылып, қазір құнарсыз өңірде отырған халқымыздың кейбір бөлігінің ауыр халі сол кезден басталған. Сол құнарсыз қу тақырдың 10-12 млн. гектарына не егін өспейді, не мал жаюға жарамайды. Тың көтереміз деген ұранды жылдары 25 миллион гектар жеріміздің тас-талқаны шықты. Қазақты жерден айыру кезіндегі адам төзгісіз зордың зорлығы жан түршіктіреді. Оған мына дәйек мысал болады. Дума депутаты Сидельников (1907): «Жерінен айырылған қазақ сорлылар – 92 мың үй, қыстың күні судан шығарып алып, мұздың үстіне тастаған балық сияқты тулап жатты», деген дерек қалдырған. Осындай теңсіздікті қайтсек жоямыз, ұлтымыздың кеткен есесін қалай қайтарамыз, құнарлы жерге оралудың жөні қайсы деген идеяны алғаш көтерген Алаш арыстары еді. Олардың алдында – қазақты қайтсем оятам, ойлантам, қатарға қосамын, қабырғасы сөгілмейтін, көз-жасы төгілмейтін жұрт етемін деген дара данышпан Абай бар еді. Ол: «Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы», деп өзгеге малыңды беріп жалпылдама, баянды тірлігіңді ойла дейді. Сол Абайдың ұлылығын Алаш арыстарының артында қалған мұрасын парақтап отырғанда, әсіресе, биылғы жүз жылдығы аталып өтіп жатқан «Қазақ» газетін ерінбей оқысаң, көзіңіз жетеді. Жерім деп жанталасқан жампоздардың басқыншылардан қаймықпаған ерен ісіне еріксіз бас иесің. Әлихан Бөкейхан: «Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі өмір мәселесінің ең зоры. Жер ісін ала қашты, тартып алды, тиіп кетті қылмай, ақыл мен сабырмен атқарған оң», деуі соған дәлел.

Ел болғаннан кейінгі қазақ жерінің тағ­дыры қалай шешіліп жатыр деген сұрақ кім-кімді де болса толғандырмай қой­май­ды. Қазақтың жері – қазақтың демі. Осыны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ерте аңғар­ғандығынан шығар: «Біздің бүкіл тарихымыздан мен екі олжамызды бөліп айтар едім. Оның біріншісі, әрине – ата-бабаларымыз өздерінің қанын төгіп, жанын беріп жүріп, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қазақтың қасиетті жері. Тағы бір олжамыз – сол ата-бабаларымыздың арқа­сында бар бояуымен, сырлы сазымен осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір қазақ тілі», деуі еді. Тағы бірде Мем­лекет басшысы жеріміз жайлы: «Эко­­­но­миканы көтеріп тұрған киттердің бірі болып табылады», деді. Осының өзінен-ақ қазақ жерінің салмағын көру қиын болмаса керек.

Жер қорымыз алда дәйек­тегеніміздей 272,5 миллион гектар десек, оның 34 пайызы ғана шұрайлы саналады. Орманды алқабымыз 26 миллион гектар, бұл ел аумағының 4,6 пайызы. Солақайлықтың кесірінен соры қайнаған ұлтымыздың 10 пайызы ғана ауыл шаруашылығына қолай­лы аймақтарда тұрады. Ғалымдардың зерт­теуінше қолайсыз аудандардың 87 пайызы, ал экологиялық жағынан апат аймағы деп есептелетін жерді мекен етіп жатқандардың 95 пайызы өз қаракөздеріміз екенін де еске сала кетсек дейміз. Отанымызда құнарлы жер әр адамға шаққанда 12-13 (жалпы жер тұрғындарға 17) гектардан келеді дегенмен, бұл үлес барлық өңірде бірдей емес. Мысалы, Жамбыл облысында құнарлы жер жанбасына шаққанда – 2,16, Алматыда – 1,4, Қызылордада – 1,09, Маңғыстауда 0,3 гектардан келеді. Бұл бүкіл Отанымыздағы құнарлы жердің 13 пайызын ғана құрайды. Осы аймақтарда тұратын бауырларымыз – 60 пайызға жуық. Еліміздегі 180 миллион гектар жер шөл және шөлейт аймақтар. Осындай қолайсыз жерді мекен еткендерге өзіміз үлгі етіп, көп айтатын дамыған мемлекеттер 200-250 пайыз көлемінде үстеме төлейтін көрінеді.

Басқыншылықтың жоғарыда айтқан зардаптарын аяусыз тартқан жұртымыз елдігін алған соң жер мәселесін заңмен реттеуге ұмтылды. Алғашында «Жер туралы» Жарлық шықты. Кейін социалистік жүйені нарықтық экономика талабына орайластыру үшін Жер кодексі қабылданды. Ондағы мақсат, жерге мемлекеттік меншік монополиясын жойып, жердің кейбір түрлеріне меншік енгізу, тіпті қажет болып жатса ақылы пай­далануға жол ашу, мемлекеттік емес шаруашылықтарды орнықтыру еді. Әлемде осы жүйе қалыптасқан, жер иеленушілерге нарық талабына орай еркіндік алады, бәрі мемлекеттің қатаң қадағалауында болады, ең бастысы бұл Кодекс жердің асты-үстіндегі байлықты халық игілігіне тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, Отанымыздың серпінді дамуына септігін тигізеді, жер құнары артады, ол дәйім бақыланып отырады, қорғалады, жер мониторингі үздіксіз жүргізіледі дедік. Жер кодексінің 50-бабында ел азаматтарына 0,10 гектар көлеміндег і телім жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін алатынын да заңдастырдық. Жеке тұрғын үй салатын жерлерді дайындап беру керектігі де Кодексте нақтыланды. Бұл туралы Үкімет арнайы (2006 жылғы 1 тамыз, №726) Ереже бекітті. Тіпті, жекеменшікке сатылған 248 мың гектар жерден 5,6 миллиард теңге түскенін жарыса жазғанымыз есімізде. Латифундистер бел алып кетпей ме деп күдіктенгендерге, жоқ, Үкіметтің нөмірі 1071 қаулысында көрсетілгендей латифундизмге жол берілмейді делінді.

Президент сол тұста: «Жерінің сапасы жағынан, сондай-ақ табиғи және әлеуметтік мөлшері жағынан алғанда да миллионға жуық адам өзіндік жетімділіктің ең төменгі жағдайында өмір сүріп жатқанын еш бүкпесіз тілге тиек етуге болады», деп «Мен Үкіметке ауылдық аймақтардың тұрғындарын келешегі болатындай етіп қоныстандыру үлгісін жасауды тапсырамын… қоныс аударушыларды жермен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мамандықтарға бейімдеу мәселелерін шешу шарт» екенін қадап айтқан болатын. Сонымен қатар, жердің құнарлылығын арттыру арқылы адамдардың денсаулығын жақсарту мәселесін де қозғап: «Барлық адамдардың экологиялық таза ортада өмір сүруге, жақсы әлеуметтік қызмет көруге ұмтылатыны белгілі. Бұл ниетті қолдау керек. Шұрайлы жері, іргесінде оның өнімін өткізу рыноктары, қолайлы көлік желілері де бар өңірлерде ауылдың қалыпты тіршілік етуге жағдайы толық екені айдан анық», деп келелі істерді кеңінен атап, барды оңалта беруді қадап тұрып тапсырған болатын.

Осы өзгерістің бәрі нарық талабы деп білдік. Капитализмге бет бұрып, нарыққа ден қойсаң – бәрі ретімен келе береді дедік. Сөйтсек, олай емес екен. Мінсіз деген нарығыңыз да тәртіпке бағынбаған, заңға ұйымаған жерде қарық қылмайтынын, капитализмнің де «бет шырайына» адалдықпен қарамасаң, «кәрілікке» бой алдыратынын – соның айқын айғағын қазір дүниені дірілдетіп тұрған АҚШ-тағы, ұлы Абайдың: «Шығысым батыс болды» дейтін батыстағы аласапыран дағдарыс, билік пен халық арасындағы талас-тартыс көрсетіп отыр. Оның астары қайда жатыр дегенге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында тайға таңба басқандай талдаған ХХІ ғасырдың жаһандық 10 сын-қатерге ой жіберген белгілі ғалым, сенатор Әділ Ахметов «Құндылықтардың құлдырауы әлеуметтік тұрақсыздыққа соқтыратын сын-қатер» («Е.Қ», 20 сәуір, 2013 ж.) атты мақаласында үңіліп көрген. Ол Нобель сыйлығының лауреаты, кезінде Билл Клинтонның экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшілер тобын басқарған Джозеф Стиглицтің «Теңсіздік құны» атты еңбегінде көрсетілген нарықтық экономика мен саяси жүйенің әділетсіздігін, әлеуметтік теңсіздік қалыптастыратын дағдарыс байлар үшін табыс көзі болатынын, оған АҚШ-та соңғы 30 жылда қоғамның 99 пайызын құрайтын төменгі жұрттың айлығы 15 пайызға әрең өссе, 1 пайыз алпауыттар айлығы 150 пайыздан, шексіз байығандардың табысы 300 пайыздан асып жығылатынын алға тартады. Ондайлардың бір айдағы айлығы мен қатардағы қызметкердің алатын нәпақасы арасындағы алшақтық, тәртіптің «құлы» Жапония елінде 16 есемен шектелсе, АҚШ-та 200 еседен артып жығылатын көрінеді. Осындай теңсіздікті бүркемелеу үшін орташа жалақыны ойлап тапқандардың ісі, атам қазақтың құрттың атын жаңылтып, малта қойдының кері екенін екінің бірі түсінсе керек. Бұл капиталистік қоғамда баяғыдан қалыптасқан жағдай делік. Ал өз қоғамымызға қарасақ, осы әділетсіз бөлініс бізде де бар екенін, екі онжылдықта байлар мен кедейлер арасындағы табыс айырмашылығы 30 есеге дейін алшақтап кеткенін ғалым экономистеріміз айтып, желеудің артындағы ақиқатты дәйекті мысалмен алдымызға жайып салады.

Нарықтың оңай қарық қылмайтынын кейін түсініп, жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем бар, бұл жүрісім қай жүріс, жер тіршілік тірегі, үлесіме тиген жерімді тауып, бір тірлік жасайын деген кейбір момындардың оянуы қазір дау-дамайға ұрындыруда. Олар кезінде пысқайлардың алдауына түсіп, жерінен айырылып, жер шұқып қалғанын енді біліп отыр. Оған мысал аз емес. Теледидардағы сондай бұқараның ащы айқайынан құлақ тұнады, басылымдардағы дау-дамайлардан көз сүрінеді. Сондай жер иеленушілердің кесірлі іс туралы әкімдермен әңгіме үстінде Президент: «Маған келіп жатқан мәліметтерде жайлауға мал айдайық десек, жол жоқ. Бәрін бөліп-бөліп алған дейді. Қай ауданның малы қайда жайылатынын білем ғой. Жайлау ортақ болу керек. Ол қысқа мерзімде ғана пайдаланатын жер», деген болатын. Сол тапсырманы ескермей кейбір ауыл тұрғындарының аузын ағартып, тәнін жабуға сеп болып отырған аз малын өріссіз қалдыру тоқтамай тұр. Жасыратын несі бар, жер жекеге берілді дегенмен, сол