Бәрі де балалық шақтан басталады ғой, оның балалық шағы керемет тәтті болмаса да, анау айтқандай ащы да болған жоқ. Тәтті болмағаны, Жандар соғыс Жеңіспен аяқталған жылы мектепке барған. Ел әлі есін жинай қоймаған кез. Көп нәрсе жетіспейді. Әсіресе оқу құралдары. Ал балалардың оқуға ынта-ықыласы ерекше. Ащы болмағаны, Әміреқыз ананың бар тілеуі жалғыз ұлдың үстінде. Отағасы ерте қайтыс болған. Жандардың алдындағы 5 қыз тұрмыста. Үйде аналы-балалы екеуі ғана. Әлі мүшелге де толмаған 12 жастағы балаға 14 шақырым жердегі аудан орталығы Ванновкаға (қазіргі Т.Рысқұлов) жаяу қатынап оқу оңай емес. Осыны ескерген мектеп директоры, Ленин орденді ұстаз Серж Әмірханов ағай оған мектеп жанындағы интернаттан орын бергізген.
«Анашым да екі көзі төрт болып ынтыға, қара жолға қараумен болады-ау деймін. Оны мен келгенде «келдің бе, құлыным!» деп құшағына алған кезде даусының дірілінен, жанарында мөлтілдеп маңдайыма тырс-тырс тамған жасынан байқайтын едім. Дастарқан жайып барын аузыма тосады. Әсіресе, жұмыртқа турап беретін, мен жақсы көретін нансалма. Не әпкелерім, не жеңгелерім, тамақты татымды етіп істейтін. Құдай қосқан қосағым да осы күнге дейін қанша тырысса да, дәл анамдай нансалманы дәмді дайындай алған емес. Анамның тамағын аңсаумен өмір сүріп келемін.
«Анама не жақсылық жасадым?» деп жиі-жиі ойға қаламын. «Түн ұйқысын төрт бөліп, шығарға жаны бейіл, ауырып қалсам бәйек болып бірге ауырған, жалғыз ұлының амандығын Алладан жалбарына тілеген, уайыммен жүдеген оның бір күні түгілі бір сәтін де өтей алмадым-ау» деп өкінемін. Каникул кезінде оған жәрдем болсын деп әліме қарай колхозда жұмыс істедім. Кезек келгенде паданың малын бақтым. Өгіз жеккен мажар арбамен фермаға шөп тасыдым, үйдің тірлігіне қарастым. Қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, анама пайдам тисін деп қарап отырмадым. Оныншыны бітірген соң Серж ағай «Алматыдағы шет тілдер институтына бір орын беріп жатыр, неміс тілінен беретін апайың Лидия Ивановна Штраус сені ұсынып отыр, барғаның дұрыс, шырағым» деп ақылын айтқанда, «Рахмет, ағай, анам егде тартып қалды. Алысқа ұзай алмаймын. Жамбылдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумға барғым келеді» дегенмін. Ұстаз сәл ойланып, «мұның да жөн» деп құптаған-ды.
Ана біткен перзентінің жақсы болғанын қалайды ғой. Ұлының мектепті үздіктер қатарында жақсы үлгеріммен бітіргенін білетін Әміреқыз ана: «Жандаржан, жалғыздың жары – Құдай, маған алаңдаймын деп ойдағы оқуыңды оқи алмай қалма» деген мектеп бітіріп жатқанында. Бірақ ұлы өз қалауымен «мал доқтырдың» оқуына баратынын айтқан. Шын мәнінде, жүрек түкпірінде «ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқысам ғой» деген арман жатқан-ды. «Оған кейін үлгере жатармын. Әзірге ертерек мамандық алып, апама нан жегізсем» деген тағы бір ой оны Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына жетелей жөнелген. Бұл оқу орны сол кезде осы төңіректегі мықтылардың санатында.
Бұл Жандар ағаның «Анашым – ардағым» атты естелік-эссесінен үзінді.
Техникумды веттехник мамандығы бойынша қызыл дипломға бітірген Жандар апасының ақылымен Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Танты ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіндегі нағашысы Айтабан Тілеуқабыловқа барған. Ол кісі: «Сен ертең Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы Айтбай Назарбековке бар, дипломыңды көрсет, жағдайыңды айт, ол жақсы адам, көмектеседі», – деді. Бардым. Көрікті, биязы кісі екен. Мұқият тыңдады да, біреуге телефон шалып: «Қазір саған бір жігіт барады, оны «Октябрь» колхозындағы ветучаскіге жібер», – деді. Бардым. Бастық қолыма бұйрықты ұстатты.
Алғашқы айлығымды алғанда қуанышым қойныма сыймай желдей есіп ауылға келіп анамның алақанына салдым. Сол түні анам екеуміз қуаныштан таңға көз ілмедік. Анам «ұлым жігіт болды» деп қуанған шығар, «мен анама алғашқы нанымды жегіздім-ау» деп қуандым. Тағдырдың жазғаны да, қуанышымыз ұзаққа бармады. Екі аптадан соң, 1960 жылдың 21 мамыр күні, «анаң қайғылы қазаға ұшырады» деген хабар келді. Мен әкелген ақшаға алғаны бір қорап шәй, бір кило қант, қалғаны қалтасында екен. Өмірім астан-кестен болды, жалғыз қалдым. Әпкелерім, атамның інісі, нағашыларым өздерімен-өздері. Қоржын тамда кешке дейін патефон ойнатып тыңдайтыным – Құрманғазының «Қайран шешем» күйі.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған қазыналы қария Жандар Кәрібайұлы, әрі қарай анасы дүниеден озғаннан кейін артында алаңдайтын ештеңе қалмаған Жандар баяғы бір арманның жалына жармасып, ҚазМУ-ге құжат тапсырған. 1965 жылы осы оқу орнының филология факультетін қызыл дипломға бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысына келді. Облыстық білім бөлімі Меркі ауданына жұмсаған. Жандардың Жамбылдан алысқа ұзағысы жоқ. Жүрек түкпірінде сол баяғы «журналист болсам» деген ой бұғып жатыр. Бірақ, жолдамамен келген маман кемінде екі жыл жұмыс істеуі керек. Облыс Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы мектеп-интернатқа неміс тілінен мұғалім болып баруды ұсынған.
Мұғалім бола жүріп әртүрлі тақырыпта жазған мақалалары аудандық, облыстық газеттерде ара-тұра жарияланып тұрған. Журналист болудан үміті үзілген емес.
Сабақты ине сәтімен, жазғандары жоғарыдағылардың назарына іліккен Жандар Кәрібаев бір күні облыстық партия комитетінен шақырту алды. Шақырған – үгіт-насихат бөлімі баспасөз секторының меңгерушісі, ақын Жақсылық Сәтібеков. Ол кісінің қабылдауында сол кезде ордабұзар отыздың ортасынан асқан, көзілдірікті кісі отыр екен.
– Бұдан бұрын жабылып қалған Жамбыл ауданы қайтадан ашылғалы жатыр, – деді Жақсылық Сәтібеков амандық-саулық сұрасқаннан кейін. – Аудан ашылғаннан кейін оның органы болатыны белгілі. Мына кісі сол орган аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің редакторлығына тағайындалған Сағат Арынов ағаң. Сенің жазатыныңды ескеріп, осы газет редакциясынан қызмет ұсынғалы отырмыз. Келісесің бе?
Келіспегенде ше, қуана келіскен. Журналист болу Жандардың арманы ғой. Сол арман орындалғалы отырғанда!..
– Әрине, келісемін! – деді қуанышын жасыра алмай.
– Келіссең, әрі қарай жұмыс жағдайын редакторың шешеді, – деді Жақсылық ағасы «әңгіме біттіні» аңғартып.
Жандар Кәрібаев «журналистиканың мектебі» саналатын аудандық газет редакциясында қызметті бет оқушыдан бастаған. Содан корректор, әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор сынды қызмет сатыларының бәрінен өтті.
– Тілші кезімде мақала дайындау үшін ауданның кейбір шаруашылықтарына жаяу барған сәттерім болған. Көзбен көріп, көңілге түйіп жазған мақала көпшілік көңілінен шығатыны сөзсіз. Журналист үшін ең жақсы жетістік те осы. Қазір интернеттен алып жазылған мақала онша тұщымды бола бермейтінін ойласа екен сол «жазғыштар».
Бірде «Қаракемер» совхозының Жаманкөл шұратындағы тауарлы-сүт фермасынан таңғы сауын туралы репортаж дайындау жөнінде тапсырма алдым. Бір күн бұрын барып, қона жатып жазатындай онда менің қайбір нағашымның үйі бар. Он шақырымдай шамасындағы фермаға түн жамылып баруға тура келді. Абырой болғанда, ай жарық. Таңертеңгі сауынға үлгердім-ау әйтеуір. Сауыншылардың кейбірі таңғалып, енді біреулері аяп жатыр. Сол жолғы репортажым сәтті әрі шынайы шықты. Редактор да, бөлім меңгерушісі де риза. Сол ризашылық шаршағанымды, көрген мехнатымды да ұмыттырып жіберді, – дейді Жандар аға өзінің тілшілік қызметінде бастан кешкен бір оқиғаны еске алып.
Кеңестік кезеңдегі партиялық тәртіп, қалыптасқан үрдіс бойынша редакторлықтан Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілген Жандар Кәрібаев бұл оқу орнын да қызыл дипломға бітіріп, ауданға идеологиялық хатшы болып оралған. Аудандағы әлеуметтік-тұрмыстық, білім, мәдениет, медицина, сауда сынды салалардың жұмысын жандандыру, соларға қолдау көрсетіп көмектесу – міндеті.
Өткен ғасырдың ортасында облыстық партия комитетіне үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып ауысқан Жандар аға партия тарағанда облыстық мәдениет басқармасына басшылыққа тағайындалған.
– 1991 жылы партия тарап, Кеңес дәуірі келмеске кетті. Мен ол кезде обкомда кадрлармен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісімін. Өмірбек Байгелді – облыс басшысы. Өмекең маған облыс мәдениетін басқаруды тапсырған. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болып сайланғанға дейін мәдениет басқармасына жетекшілік еттім.
Облысты мекендеген ондаған ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің рухани-мәдени сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында орыс, украин, түрік, күрді, әзербайжан, неміс, татар-башқұрт, тағы басқа мәдени орталықтар құрылып, немістің «Фройндшафт», күрдінің «Найнук», түріктің «Дэстегюль», дүнгеннің «Чунтян» ұлттық ансамбльдері көрермендер көңілінен шығып, көзайым етті. Облыстың әр өңірінде айтыскер ақындар Шорабек Айдаровтың, Әзімбек Жанқұлиевтің, Серік Қалиевтың мектептері қалыптасты. Тыңдармандарын таланттарымен таңдандырған, қазірде елді аузына қаратып жүрген Айнұр Тұрсынбаева, Күміскүл Сәрсенбаева, Шырынбек Қойлыбаев, Алтынкүл Қасымбекова, Мұхамеджан Тазабеков – кезінде мектеп оқушылары арасында оза шауып бәйге алған жеңімпаздар.
Жыл сайын бір ауылда немесе қалада өткізілетін этнографиялық «Достық» фестивалі облыстағы ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерін, мәдени мұраларын қайта жаңғыртуға, ұлттарды ұйыстыруға тікелей ықпал жасаған, кейіннен республика көлемінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына себін тигізген шара болғанын мақтанышпен айта аламыз.
Бүгінде өңірдің абыз ақсақалына айналған қайраткер ағаны қазақ қоғамындағы жағымсыз жайттар толғандырады, ойландырады. Қоғамдағы келеңсіз көріністер жанашыр ағаның жанына батады. Тіпті, «жүрегіне шаншудай қадалады» десек те, артық айтқандық болмас.
– Ата Заңымызда жазылған демократиялық, әлеуметтік, құқықтық, зайырлы жаңа қоғам орнату жастардың бойына аға ұрпақ ұстанған адалдық, әдептілік, жауапкершілік, қайырымдылық, әділдік, имандылық, адамгершілік, отаншылдық сынды асыл қасиеттерді қаншалықты сіңіре алғанымызға байланысты. Заман өзгерген, пиғыл өзгерген тұста бұл оп-оңай өзгере салатын мәселе емес. Адамның қадір-қасиетін, азаматтық беделін байлықпен өлшейтін дерт атам заманнан келе жатқан құндылықтар жүйесін жүдетіп, жас буынның қоғамдық-саяси беделін төмендететіні шындық. Ол шындықты жасыру – шыңырауға құлағанымыз.
Қазан төңкерісіне дейін абақтысы, жетімдер үйі, қарттар үйі болмаған елде қазір ұлттық кейпімізге кір келтіріп, намысымызға дақ түсіріп жүрген көкек аналар, түнгі көбелектер, тастанды балалар, қараусыз қарттардың пайда болуы дерттің үлкені ғой. Бұл – қоғамдық дерт. Бұл мәселе бүкіл қоғамды қобалжытып отыр. «Қызға қырық үйден тыю» деген халықтық қағида ғасырлар бойы қалың қауымға ар жүгінің ауырлығын мойындатып, болашақ ананың сүттен ақ, судан таза пәктігін қадірлеп-қастерлеудің қажеттігін сан ұрпақтың санасына сыналап сіңіріп келмеп пе еді?! Ұлт ретінде қалыптасып, мемлекет болып отырғанымыз соның нәтижесі ғой. Ертедегі Ақжүністер, Баяндар, Жібектер мен Қамарлардай ұрпаққа ұран болған алдырмайтын қамалдардың, майданға аттанған азамат – Құдай қосқан қосағын өле-өлгенше тосып, ақ төсегін аялап, сағынышын саялап адалдығын бақиға ала кеткен ана-даналардың, бүгінгі қызығы мен қуанышы сол шаңыраққа шырай беріп, берекесін еселеп, ұл-қыз өсіріп, немере-шөберелер сүйіп, уыздай ұйыған татулықты ту етіп, өзгелерге өнеге етіп отырған енелер мен келіндер – мына фәни дүниенің сәулесі солғын тартпас шоқ жұлдыздары саналғандардың үрдістері қалайша ұмыт болып барады? Ай жарық, күн жылыда не көрінді бізге?!» – деп толғанады қашанда қоғам мүддесін жеке бас мүддесінен жоғары қоятын қайраткер.
– Адалдық, әдептілік, имандылық, арлылық секілді адами құндылықтардың арзандауын бәзбіреулер нарық заманы алып келген тұрмыстық ауыртпалықтармен ақтағысы келеді. Бірақ, халқымыз қандай қиындықтар басқа түссе де, тіпті жаугершілік, ашаршылық, нәубет кезінде де қадір-қасиетін жоғалтпай, ар-ұятты бәрінен биік ұстамап па еді?! Ендеше, мәселе кеселге ұшыраған сананы емдеуде болып отыр. Ізгілік құндылықтарын жас ұрпақ санасына сіңіруде отбасының, балабақшаның,мектептер мен оқу орындарының, еңбек ұжымдары мен қазыналы қарттардың, ақ жаулықты әзіз аналардың бірегей жұмыстары ауадай қажет. Бұған қоғамдық пікір қалыптастырып, қозғалыс туғызатын БАҚ өкілдері белсене атсалысса, нұр үстіне нұр!, – деп түйткілді мәселенің түйінін шешуді ұсынады өмірден көргені, көңілге түйгені көп көсемсөзші. Бұл ешқандай жылтыр сөз емес, бұл – ел дегенде ет жүрегі езілетін қамқор қарияның сөзі.
Міне, ойындағы осындай игілікті істерді жүзеге асыруда екі рет қатарынан Парламент Сенатының депутаты болған Жандар Кәрібайұлы көп тірліктер тындырды. Сенатта аймақтық даму және өзін-өзі басқару жөніндегі комитеттің жауапты хатшысы болған халық қалаулысы халық мүддесіне сай келетін заңдар қабылдануына белсене араласып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілген кейбір заңдарға өзінің ұсыныс-пікірін білдірген кездері көп. Сенатор Жандар Кәрібайұлы 20 заң жобасын дайындауға жетекшілік еткен. Осы заң жобалары қаралған комитет отырысында ол өз тұжырымдарын дәлелді қорғай білді. Қазақтың «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» туралы қағидасындағыдай, ондайда он ойланып, тоқсан толғану керек.
Жандай Кәрібайұлы жауапты хатшысы болған комитетте негізінен әлеуметтік, денсаулық, білім, мәдениет, спорт мәселелері қаралатын. Сонда комитет отырыстарында сенатордың жоғарыдағы ой толғаныстары да назардан тыс қалған емес.
Жандар Кәрібайұлының «Ат тұяғын қыздырған атамекен» атты кітабы бар.Онда автордың депутаттық қызметінің қыр-сырын ашып көрсететін мақалалар да орын алған. Оларды оқып отырып кейбір көбікауыз көпірмелердің «депутаттар қол көтеріп қойып қарап отырады» деген сипаттағы ойға іріткі салатын кереғар пікірлеріне жауап алғандай боласың.
Жандар аға Сенаттағы депутаттық өкілеттігі аяқталған соң бірқатар жыл «Қазтелеком» акционерлік қоғамында жауапты қызмет атқарған. Соңғы кездері Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы болды.
Саналы ғұмырында аттан түспей қызмет атқарған азамат қазір де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында. Ол – облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Беделді ұйымның белсендісі.
Жандар аға – өркені өскен әулеттің әкесі. Шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы, қазыналы қария.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл облысы