Бұл Алматы қаласы бойынша Жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 6 ескерткіштің бірі саналады. Ықылым заманнан келе жатқан, көне дәуірдің куәсіндей болған Ұлы дала елінің ескерткіштері елдік сананы жаңғыртады. Біздің елдің қай өңірі болсын, тарихи нысандарға бай. Осыдан тура 36 жыл бұрын ЮНЕСКО-ның шешімімен ең алғаш рет Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні мереке ретінде аталып өткен болатын.
Содан бері жыл сайын осы күні әлем бойынша осы салада еңбек етіп жүрген сәулетшілер, ғалымдар мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтірушілер, мәдениет саласының қызметкерлері аталған мереке арқылы ескерткіштерді сақтауға қоғам назарын аудартып келеді.
Жуырда осы айтулы күнге орай Алматы қалалық Мәдениет басқармасы мен Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі аумағында «Боралдай – тарих куәгері» атты тарихи-танымдық, мәдени-спорттық іс-шара өтті.
Туған жер мен туған табиғатты аялап, тамыры терең тарихымызды насихаттауға арналған бұл дүбірлі мерекеге Алматы қаласындағы мәдени мекемелер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері мен Алатау ауданы мектептерінің оқушылары қатысты.
Боралдай сақ қорғандары – Алматы қаласы бойынша Жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 6 ескерткіштің бірі. Биыл археологиялық парк аумағынан «Сақ мәдениеті орталығының» құрылысы басталады деп жоспарлап отырмыз. Ұлан-ғайыр даланы мекен еткен бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін бұл бірегей нысан – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен жіті бақылауымен іске асып отырған жоба. Қазір бұл нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді аз уақытта құрылыс жұмыстары басталмақ», – деп атап өтті мерекенің ашылу салтанатында сөз алған Алматы қалалық Мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра бөлімінің жетекшісі Назерке Какижанова.
Назерке Аманбайқызының айтуынша, бұл құрылыс «Райымбек батыр мемориалдық кешені» мен Розыбакиев пен Штраус көшелері қиылысындағы сақ қорғанын музеефикациялау жобаларымен бірге Алматы қаласының әкімдігінің бастамасымен іске асырылатын драйверлік жобалар тізіміне енді.
Мерекелік шара «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Сәулежан Тақзияның орындауындағы Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай» әнімен ашылды. Іс-шара барысында қонақтар Алматы қаласы аумағындағы ескерткіштер туралы толық мағлұмат алып, қызықты викторинаға қатысты. Туған өлке, туған қаламыздың тарихынан қойылған сұрақтарға Алатау ауданында орналасқан №26, 156, 180 жалпы білім беретін мектептердің, №150 Р.Хамраев атындағы ұйғыр орта мектебінің және №152 мектеп-гимназиясының оқушылары нақты әрі толық жауап беріп, естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттарға ие болды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Алатау серілері» тобы, №156 жалпы білім беретін мектептің «Әуен» тобы сынды өнер майталмандарының мерекелік әндері мен мың бұралған «Шейнан» тобының әсем билері ешкімді де бейжай қалдырмағаны анық.
Осы кезде мерекелік алаңның келесі бір бұрышында спорттық жарыстар қызып жатты. Кір көтеру, арқан тарту, қол күресінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жігіттер лайықты марапат пен көрермен ықыласына бөленді.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген «Атқа міну мәдениеті» туралы да ұйымдастырушылар кешенді сабақ өткізді. Ат ерттеу, ат әбзелдері туралы шеберлік сағатын өткізген Алматы музейінің аға ғылыми қызметкері Алмат Нұрғалиев жастарға мол мағлұмат берді. Ауыздығымен алысқан тұлпарларға мініп, шашасына шаң жұқтырмайтын дүлдүлдердің жалына жабысқан шабандоздарға ұқсап баққан жасөспірімдер аяғын үзеңгіге салып, өздерін кешегінің батырларынша сезінді.
Ал арнайы орнатылған қазан-ошақ басында Алматы музейінің қызметкерлері бауырсақ пісіріп жатты. Сол бойда қыз-жігіттер келген қонақтарға буы бұрқыраған бауырсақ ұсынды.
Шара шымылдығы жабылар сәтте археологиялық парк аумағында жасыл желек көшеттер егілді. 150 жас тал ежелгі сақ қорғандары аумағында жайқалып тұрды.
«Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, Nur Otan партиясы Алматы қалалық бөлімшесі, Jas Otan жастар қанаты Алматы қаласы бөлімшесі, Алатау ауданының әкімдігі мен осы ауданда орналасқан орта мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары көмегімен атқарылған бұл іс-шара еліміздегі барлық тарихи ескерткіштері маңында атқарылатын игі бастама болса нұр үстіне нұр болары сөзсіз! Және осындай көгалдандыру, абаттандыру шараларын жүргізуге барша қазақстандық әріптестерімізді, жастарды шақырамыз!», деді мерекені қорытындылаған «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Сержан Саров.
Иә, өткенімізден сыр шертіп, бүгінге дейін жеткен ескерткіштерді қорғау мен сақтау, насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, мәдени мұраларға деген қамқорлығы болмақ.