Тұңғыш Президент мерекесі қарсаңында Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада мектеп оқушылары мен Василий Ахаев, Алдияр Әубәкіров, Айтмұхамбет Қасымов және Нина Цоймен кездесу өтті.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры Люция Абдуллина жүргізген жүздесу аға буын мен жас ұрпақ арасындағы диалог түрінде өрбіді.
Еңбек жолын мектептен бастаған, кейін ұзақ жыл облыстық мәслихаттың хатшысы болған Василий Ахаев Елбасымен жұмыс барысында сан мәрте кездескенін айтты. «Облыс әкімдігінде ұзақ жыл жұмыс істедім. Еліміздің қалыптасу тарихы көз алдымда өтті десем артық айтпаған болармын. Тұңғыш Президентіміздің қызметі де елдің көз алдында болды. Қарапайым ауыл баласы осындай биік белесті бағындырды. Замандастары арасында көшбасшы болды. Еңбектің арқасында ел басқару биігіне жетті» деді В.Ахаев.
Белгілі журналист, жазушы, облыстық «Дидар» газетінде ұзақ жыл жемісті еңбек еткен Айтмұхамбет Қасымов Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтар туралы сөз қозғады. «Расында, Тәуелсіздік өте қиындықпен келді. Қарулы қақтығыс болмаса да, соған жақындаған жағдайлар болды. Одақ ыдыраған кезде әсіресе жер мен тіл мәселесі ушығып тұрды. Алысқа бармай-ақ, Өскеменді айтар болсақ, еліміз егемендік алар тұста қалада автономия құрамыз деп бүйректен сирақ шығарғандар да кездесті. КСРО Жоғары Кеңесі депутатының бірі: «Семей полигонының ешкімге, адамға да, табиғатқа да еш зияны жоқ. Сондықтан КСРО-ның қорғаныс қабілетін дамыту үшін полигонды жаппау керек, керісінше дамыту керек» деді. «Шығыстың жері – орыстың жері, сондықтан оны бөліп алып, автономия құруымыз керек» деді тағы бір депутат. Өскеменде 36 жыл газетте жұмыс істедім. Сол кезде ақпараттық айқастың да талайын көрдік» деген ардагер журналист 1991 жылы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланғанда Алматыда өткен ұлықтау рәсіміне қатысқанын еске алды.
«Ұлықтау рәсімі Алматыда, Республика сарайында өтті. Тарихи шараға біздің облыстан 20 адам барды. Сол сәтті сөзбен айтып жеткізу қиын. Еліміз тәуелсіздік алды, кеңестік бұғаудан босады. 91 жастағы абыз ақсақал, жерлесіміз Шәкір Әбенов Елбасыға ақ батасын берді. Сол жерде, жиын үстінде ҚазКСР Қазақстан Республикасы деп өзгертіліп, сол сәтте Президент қаулыға қол қойды. Халық дүркірете қол соқты. Кейбіреуі орындарынан тұрып, көздеріне жас алды. Аса тебіреністі сәт еді. Ең ғажабы, Тәуелсіздігімізді жариялаған жарты сағаттан кейін жиналыс үстінде Түркия Президенті Тұрғыт Озалдан телеграмма келді. Оны жиналыс үстінде оқып берді. Халықаралық дипломатияда мұндай жеделдік, мұндай құрмет бұрын-соңды болмаған екен» деп Тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан шағын көз алдымыздан өткізген журналист Тәуелсіздіктің бұдан былай баянды болуы жас ұрпақ қолында екендігін айтты.
Кездесуде аға буын сөздерін мұқият тыңдаған оқушылар өздерінің тұлға, көшбасшылық жайындағы ой-пікірлерін де ортаға салды. Бір оқушы: «Көшбасшы бұйрық беруші ғана емес, командасымен бірге жүретін, қиындықты көпшілікпен бірге көретін, бағыт-бағдар көрсететін тұлға» деп өз ойын айтса, енді бірі: «Көшбасшы айналасындағы адамдарға ықпал ететін тұлға» деп пікірін білдірді.
ӨСКЕМЕН