Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын анықтап бергені белгілі. Сонымен бірге, бұл аса ауқымды стратегиялық құжатта мемлекеттің одан әрі дамуындағы ұлан-ғайыр міндеттер айқындалды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының осы жолғы Қазақстан халқына Жолдауын Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты кең пішінді, терең мазмұнды мақаласымен де байланыстыра қарай аламыз. Олай болатын себебі, аталған мақалада да стратегиялық және тактикалық тұрғыдағы міндеттер жан-жақты қамтылды. Осынау іргелі құжаттар еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) үшін де ұзақ жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасына айналып отыр.
Орал қаласындағы «Арту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан ТҰМАНОВПЕН әңгімеміз осындай бағытта өрбіді.
– Бауыржан Қанатбайұлы, Жолдаудың әрбір тарауы елімізде құралған ҮЕҰ-ның екінші тынысын ашуға алғышарт жасағаны айқын байқалады. Яғни, Елбасы мұнда барша қазақстандықтарды қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін оған белсенді түрде қатысуға шақырды. Бұған қандай ой-пікір қоса аласыз?
– Дұрыс айтасыз, мәселенің осылай қойылуының өзі кез келген үкіметтік емес ұйымның табиғаты мен бітім-болмысына толық сәйкес келеді. Олай болатын себебі, ҮЕҰ-ның о бастағы миссиясы қоғам мүшелері қажет етіп отырған талаптар мен нақты проблемаларды шешуге ықпал жасаудан туындайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл қоғамның өзара үйлесімді дамуына жол ашу деген сөз. Атап айтқанда, біз алдағы кезеңде серіктестік, жауапкершілік, ұжымшылдық секілді оң, жағымды құндылықтарды тұрмыс-салтымызға берік енгізіп, одан әрі тереңдете алсақ қоғамның үйлесімді дамуы үғымының өзі де осы түсініктерден қашыққа кетпейді. Осы арқылы болашаққа деген сенімді де нық қалыптастыруға болады. Қазақстандық патриотизмді дамыту мәселесіне де осындай өлшеммен қарай аламыз.
Мықты әрі үлкен бизнеспен әлі де болса жан-жақты дамып кете қоймаған қоғамның арасындағы үйлесімсіздік пен дисбаланс моралдық құндылықтар мен ар-намыстың шарасыз түрде коммерциялануына әкеліп соқтырмай қоймайды. Яғни, қоғамда сатылмайтын ештеңе жоқ, бәрі де сатылады деген ұғым мен түсіністіктің пайда бола бастауы оң құбылыс пен жақсылықтың нышаны бола алмайды. Мұндай теріс көзқарас жағдайында шектен шыққан арсыздық көріністері белең алуы әбден мүмкін. Оның нәтижесінде тек бизнес қана емес, сонымен бірге, барлық қоғам зардап шегеді. Арсыздық пен жемқорлық егіз, төркіндес ұғымдар. Осында айтылған екінші дерт пен індетті Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей төнетін қатер деп атауы тектен тек болмаса керек.
Жолдаудағы: Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту» атты тарауда Нұрсұлтан Әбішұлы: Азаматтардың жергілікті жердегі өзекті мәселелердің шешімін табуына белсенді түрде араласатын және жергілікті билік органдарының қызметін бақылайтын уақыты жетті деп тайға таңба басқандай атап көрсетті. Міне, жаңа Жолдау мен ҮЕҰ арасындағы үндестіктің басты көрінісі осында. Елбасы атап көрсеткендей ҮЕҰ-ның бүгінгі басты бағдары дәл осы мақсаттарға бағытталса, одан тек ұтады. Қазақстан азаматтарының әрқайсысы өз аумағы мен өз мемлекетінің қожайыны екені анық. Міне, дәл осы ақиқатты отандастарымыз сана сезімдеріне сіңіре алса – үлкен олжа сол болар еді. Бұл жалпы адамзаттық демократия талаптарына да сәйкес келеді. Өйткені, біз бәріміз – қоғам мен жұртшылық бір-біріміз үшін жауапкершілік арқалайтынымызды ұмытпасақ екен. Сонымен бірге, өз кезегінде билік пен халық Елбасы тұжырымдап бергендей мемлекеттің дамуы мен тағдыры жөніндегі жауапкершілікті тең бөліссе, сол мемлекеттің болашағы да солғұрлым сенімді әрі жарқын.
Осылай болуының өзі де табиғи әрі заңдық тұрғыдан туындайды. Біріншіден, Конституцияда көрсетілген тармақтарға сәйкес халық елдегі биліктің бірден бір қайнар көзі болып табылады. Осы ыңғаймен сөз сабақтасақ халық билікте қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар ретінде толықтай әрі тікелей қатыса алады.
Екіншіден, бүгінгі күні әр аймақ пен облыстың, әр қала мен ауданның, әр елді мекеннің, ауылдың табиғи әрі әлеуетті ресурстарын орнықты және тиімді түрде пайдалана білудің маңызы айрықша. Бұл өте кінәмшіл, жүрекке жақын алатын мәселе. Сондықтан оны тек қана жергілікті тұрғындардың келісімімен әрі көмегі