Бүгінде Жетісу жерін мекендеген ел-жұрттың жалпы үлесі 2 млн 47 мың адамға жетті. Ал облыс тұрғындарының 60 проценті Алматы қаласының маңын мекен етеді екен. Яғни, мегаполиспен шектесетін аудандарда 1 млн 200 мың адам тіршілік етуде.
Ішкі көші-қон үдерісінің үздіксіз өсуі Алматы қаласының маңын үлкен ауылға айналдырып жібергені жасырын емес. Урбанизацияға ұшырап отырған облыстың Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандары үшін әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі мен жол, жарық, ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазіргі күні қала маңын дамытудың бас жоспарына сәйкес мегаполиспен қоян-қолтық жатқан 5 аудан мен Қапшағай қаласының болашағын қалыптастыратын жұмыстар қолға алынған. Оның ішінде ауылдардың бас жоспарға сай сәулет талаптарына сәйкес келуіне көңіл бөлініп, инфрақұрылым жүйесін жақсартуға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде қала маңындағы құрылысты ретке келтіруге және жол, су, жарық мәселесін шешуге жол ашады. Дерек бойынша, қала іргесіндегі облысқа тиеслі алқаптарға жасалған түгендеу жұмыстарынан кейін жер телімдерін жекеменшікке беруге шығарылған 1,5 мың шешімнің күші жойылған. Нәтижесінде, 121 000 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқап мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Және бүгінге дейін бой көтерген 187 елді мекеннің 80 проценті ғана бас жоспар талаптарына сай келетіндігі анықталған.
Айтпақшы, қала маңындағы ауыл құрылысының қызу жүруі адамдардың баспана мәселесін бәрібір шешпейді екен. Оны облыс бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 48 мың адамның 40 процентін осы мегаполис маңында тіркелген тұрғындар құрайды. Олардың нақты саны 19 мың шамасында. Облыс билігі Алматы маңында тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізгенімен, қазіргі қолданысқа берілген үйдің саны кезекте тұрған 2 000 отбасын ғана баспанамен қамтуға жетеді дейді. Әрине, жақын жылдары бұл көрсеткішті 200 000 отбасына дейін жеткізу жоспарда тұр.
Енді мегаполис маңындағы елді мекен тұрғындарына қызмет көрсететін әлеуметтік нысандарға қатысты бірер сөз. Соңғы 5 жыл көлемінде білім беру мен денсаулық сақтау саласы бойынша салынған жаңа нысандардың жартысы Алматы қаласы маңына тиесілі екен.
-Қала маңына мектеп пен емханаларды қоса алғанда 99 нысанның құрылысын жүргіздік. Облыстағы балабақшаның 76 проценті Алматыға жақын аудандарда ашылған. Қазіргі кезде 3 ауысымды мектептердің мәселесімен айналысып жатырмыз, олардың саны - 33. Қуаныштысы, бұл аумақта апатты мектептер жоқ. Жаңадан 10 мектеп салынуда, дәл қазіргі қарқында 3 аусымды мектептерді жою үшін 21 мектеп салуымыз қажет. Бұған 52 млрд теңге қаржы кетеді. Мақсатқа 2021 жылы қол жеткіземіз деген сенімдемін, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Тағы бір өткір мәселе ауылдардың инфрақұрылымына қатысты. Бұл жерде адамдардың өркениет талаптарына сай өмір сүруге деген құқығымен қатар Алматының экожүйесін сауықтыруға бағытталған шараларды қосып қарастыру керек. Соның бірі – тұрғын үйлерді жылытуға кететін қатты отын мөлшерін азайтып, табиғи газ желісіне қосылуға қол жеткізу. Деректер қазір қала маңындағы елді мекендердің көгілдір отын тұтыну көрсеткішін 70 процентке жеткенін айтады. Яғни, 187 ауылдың жүз отыз бесі табиғи газға қосылған. Оны ішінде Қарасай ауданы толықтай көгілдір отынға көшсе, Іле мен Талғар аудандарына қарасты ауылдарды газдандыру 2022 жылы 100 процентке жетеді екен. Сондай-ақ, қала маңындағы 187 ауылдың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үлесі 95 процентке жетеғабыл деген дерек бар. Ал елді мекендерді электр энергиясы желісіне қосу толықтай аяқталған.
Эконжүйе дегеннен шығады, Алматы облысы мен қаласына қатысты ортақ мәселе ретінде қоқыс полигондарының жайын айтуымыз керек. Күн сайын 1 млн 200 мың тонна қоқыс қалдығы облыс аумағындағы арнайы орындарға шығарылады екен. Оның ішінде 800 мың тонна қатты қалдық таза мегаполистен тасымалданады. Дәл осы қарқынмен кете берсе, 2025 жылы қала маңы үлкен қоқыс қоймасына айналып, жиналған қалдық көлемі 12 млн тоннаға жетуі мүмкін деген болжам бар.
Әрине, Алматы облысы бұл мәселені шешуге қадам жасап отыр. Қазір Іле ауданы аумағында екі қоқыс өңдейтін зауыт салу жөнінде бастама бар. Испания инвесторларымен келісім жасалып, «Вейст Энерджи Қазақстан» біріккен кәсіпорыны құрылған. Қос зауыттың құрылысы аяқталғасын жылына 220 мың тоннаға дейін қоқыс өңдейтін кәсіпорын іске қосылмақ. Қазір Қапшағай қаласы мен Талғар қалсында қоқыс сұрыптайтын орталықтар ашылуда. Ал Еңбекшіқазақ ауданының аумағынан қоқыс полигонын салуға жер бөлініп, 1,7 млрд теңге қаржы қарастырылған.