Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен 2019 жылдың 10 айындағы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Өңір басшысы биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша іс жүзінде өңірдің барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері оң серпін көрсеткенін атап өтті. Өнеркәсіп өсімі – 15,3, құрылыс жұмыстары – 3,5, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 15,9, бөлшек сауда – 3,6 %-ға өсті. Өңір экономикасына 226,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсімі 3,9 %-ды құрады. Сыртқы инвестиция 10,7%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 2,1%-ға ұлғайды.
10 айда облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 978,4 млрд теңгенің өнімін өндірді, ал тұтас 2018 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 883,4 млрд теңге болған еді. Жыл қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі алғашқы рет 1 трлн теңгеден асты.
А.Мұхамбетовтың айтуынша, автомобиль құрастыру жақсы қарқынмен дамып, өндіріс көлемі 2 есеге өсті. Есепті кезеңде 19,6 мың автомобиль құрастырылды, бұл өткен жылғы осы мерзім көрсеткішінен 2 есе артық. Жыл соңына дейін 25 мың автомобиль құрастыру көзделуде. Облыста биыл «Lovol», «Кировец» тракторлары құрастырыла бастады. «АгромашХолдинг kz» АҚ, «КамАЗ» компаниясымен бірлесіп іске асыратын автобөлшек өндірісіне қатысты жобалар жүзеге асырылуда.
Аймақ басшысы облыстың ауылшаруашылық саласы туралы да баяндады. Бұл сектордың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 11,2 %-ға тең. Салада 125 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 26%-ы.
Биыл облыста 3 млн тонна астық бастырылды, орташа өнім гектарына 7,6 центнерден айналды. Жиналған астық көлемі шаруашылықтарға бірінші кезектегі қажеттіліктерді жабуға, мал қыстатуға, егіс жұмыстарына дайындалуға мүмкіндік береді. Бидай құнының өсуіне байланысты жергілікті бюджеттен әлеуметтік нанның бағасын тұрақтандыру үшін 300 млн теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің саны және өнімнің барлық түрлерінің өндірісі артты.
– Биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға 37,3 млрд теңге бөлінді. Бұл 550 км-ден астам автожолды қайта жаңартуға және жөндеуге мүмкіндік берді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 2018 жылғы 66%-дан 68%-ға дейін өсті, – деді әкім.
Жыл басынан бері аймақта 281,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысына 24,8 млрд теңге инвестиция салынды. Жыл соңына дейін құрылыс қарқынын 330 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр, бұл былтырғы межеден 10%-ға жоғары. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру мақсатында 2019 жылы 8 нысанды іске асыруға 3,1 млрд теңге бөлінді.
Білім беру саласын қаржыландыру да артып келеді. Соңғы 3 жылда облыстың білім беру бюджеті 1,5 есеге дерлік өсті. Қостанайда әрқайсысы 900 орындық бірнеше мектеп пен гимназия пайдаланылуға беріліп, үш ауысымда оқыту проблемасы еңсерілді. Қостанайдың «Юбилейный» шағын ауданында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай кентінде мектеп салынып жатыр. Мұның сыртында 21 оқыту нысанын күрделі жөндеуге 2,7 млрд теңге берілді. Білім беру мекемелері кең жолақты интернетпен 100% қамтамасыз етілді.
10 айдың ішінде 15 мыңнан астам жұмыс орны, оның ішінде мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын жобаларда 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Іс-шараларға 25 мыңнан астам адам тартылды. Оның ішінде 18 мың адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты, 4,5 мыңнан астам адам сұранысқа ие мамандықтар бойынша және бизнесті жүргізу негіздерін оқуға жіберілді. Бағдарлама қатысушыларына бизнесті жүргізуге 3 млрд теңгеден астам шағын кредиттер берілді.
Әкім журналистер сауалына да кеңінен жауап берді. Мәселен, Арқалық пен Шұбаркөл арасында темір жол болғанымен, Арқалық қаласының тұрғындары әлі күнге көмірдің қызығын көре алмай отыр. Себебі қаладағы жылу орталығы мазут жағады. Мазут көмірден бірнеше есе қымбат. Арқалықты көмірмен жылыту мәселесі қашан шешімін таппақ?
Біздің осы сұрағымызға жауап берген облыс әкімі соңғы жылдары мазуттың 1 тоннасы 50 мың теңгеден 116 мың теңгеге қымбаттап кеткендігін айтты. Осыған орай Арқалық тұрғындары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барғанда осы мәселені көтерген. Қазір бұл проблема шешімін табуда. Арқалық жылу энергетикалық орталығын мазуттан көмірге көшіру үшін Үкімет 3 млрд теңге қаржы бөлді. Бұл қаржыға көмірмен жанатын қазандықтар салынуда. Бұл мәселе Президент бақылауында тұр.