Алматы облысында ақ желеңді дәрігерлердің жетіспеушілігі сезіле бастады. Маман тапшылығы әсіресе алыс ауылдарда байқалып отыр.
Бүгінде облыстың медициналық мекемелерінде 4 756 дәрігер және 14961 мейірбике еңбек етеді екен. Яғни, 10 мың адамға шаққандағы орташа медициналық қызмет көрсетумен қамту 73,8 процент болса, жоғары білімді дәрігердің үлесі 23,2 процент шамасында. Кадр жетіспеушілігін зерделеу барысында аймақта 122 жалпы тәжірибе дәрігері, 28 акушер-гинеколог, 24 оташы, 18 анестезиолог-реаниматолог, 13 неонатолог, 13 невролог және 8 онколог дәрігердің орны бос тұрғаны анықталған.
Әрине, облыстық денсаулық сақтау саласының басшылығы бұл мәселені шешуде қол қусырып отырған жоқ. Биыл 173 жас маман емханалар мен ауруханаларға жұмысқа тұрған. Оның ішінде 97 медицина қызметкері ауылдық жердегі мекемелерге қабылданыпты.
- Біз өз тарапымыздан маман жетіспеушілігін болдырмау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып отырмыз. Жергілікті әкімдермен бірлесіп, жұмысқа тұрған жас мамандарды уақытша баспанамен қамтуға, алғашқы көтерме жәрдемақы төлеуге, үй сатып алуға жеңілдетілген несие беруге көмектесеміз. Биыл жұмысқа тұрған жас маманның барлығына 1 млн теңгеден көтерме ақы төледік. Жалпы, дәрігерлердің жетіспеушілігі саладағы әлеуметтік қолдаудың әлсіздігінен емес, адами факторға да байланысты. Яғни, тәжірибелі мамандар зейнетке шығып жатыр, олардың орнын жас буын толтырып үлгермеуде. Медицина маманы болу үшін жоғары оқу орнында 10 жылға дейін білім алуға тура келеді, одан кейін де біраз тәжірибе жинап, мықты маман болғанша уақыт өтіп кетеді. Демек, дәрігерлік қызметке арманына адал, мамандығына құлай берілген адам ғана келеді, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Ал аймақтағы дәрігер тапшылығын шешу үшін облыстық бюджеттен 18 млн теңге қаржы қаралып, талапты жастардың жоғарғы оқу орындарына түсуге жағдай жасалған. Атап айтқанда, 47 болашақ дәрігер Алматы қаласындағы медициналық білім беретін оқу орындарында облыстың есебінен оқып жатыр. Оның ішінде 26 студентке облыс әкімінің гранты тағайындалған. Биыл оқу шығындары үшін бөлінген қаржы тағы 26,5 млн теңгеге көбейді. Келер жылғы талапкерлер үшін де 4,6 млн теңге қарастырылып, бюджет есебінен оқыту ісі жалғасын табады.