Газетіміздің Ақтөбе қаласындағы тілші қосынына келген азаматтар аты-жөндерін Залжан Сүеуов және Нұрлыбай Қошаманұлы деп таныстырды. Өз тарапымыздан шаруаларыңызды айта отырыңыз деген ишара тасталған соң олар қазіргі күні қабырғаларына қара тастай батып жүрген мәселелерді егжей-тегжейлі айтып берді.
Шалғайдағы Байғанин ауданына қарасты темір жол бекетінің бойында орналасқан Ноғайты ауылында тұрамыз. Бізді қинайтыны газ құбырының тартылмағаны. Әлі күнге дейін кешке қи мен көмір жағып отырмыз. Ал қатты отынның бағасы жылдан жылға өсіп барады. Мысалы көмірдің бір тоннасының құны қазір жиырма мың теңгеге жуықтады деп қынжылыс білдірді «Егеменге елден келгендер».
Бұдан соң шалғай ауылдың қос тұрғыны бүгінгі күні қолдан жасалған ауыз су проблемасына да тап болып жүргендерін жеткізді. Мәселенің мәнісі мынада деді Ноғайты ауылының тұрғындары. Ауыл аумағында су жоқ емес, бар. Атап айтқанда Ноғайты-Жамансор ауыз су тасымалдау өндірістік кәсіпорны сонау 1973 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Аталған гидро-инженерлік нысан Ноғайтыдан көршілес Атырау облысының Сағыс, Мұқыр, Жантерек, Кенбай және Жамансор бағыттарына әрі сол өңірлерде орналасқан әскери бөлімшелер мен темір жол бекеттеріне ауыз су жеткізіп беріп жүр. Бүгінде отыз мыңға жуық халық осы өндірістік мекеменің суын пайдаланады. Бір өкініштісі «шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей өзіміздегі өндірістік мекеменің ауыз суын Ноғайтының өз тұрғындары тұтына алмай отыр деді Залжан Сүеуов. Сонымен бірге ол аталған ауылдың жарты бөлігі жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтылмай отырғанына да алаңдаушылық білдірді.
Мұндағы мектептің іргесінен «Қазақтелекомның» кең жолақты интернет желісі өтіп жатса да жергілікті тұрғындар оның игілігін көре алмай келіпті. Соның салдарынан мектеп мұғалімдері есептері мен өзге де құжаттарын құр босқа сабылып аудан және облыс орталығына барып өткізуге мәжбүр болып келген. Қысқасы бүгінгідей ақпараттық-технология жетістіктері жан-жақты дамыған заманда біздің ауылдың тұрғындары интернетке кіріп жедел электрондық пошта байланысын пайдалана алмай отыр. Сөйтіп «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отаудың» күйін кешудеміз деді олар бұдан әрі.
«Егеменге келгендердің» айтуынша Ноғайты ауылына көгілдір отын тартылып, ауыз су мәселесі шешілсе өзге өңірге көшіп кетіп жатқандардың лебі күрт тиылмақ. Мұның салдары ауылдық орта мектептегі оқушылар санының күрт төмендеп кетуіне де салқынын тигізген. Бүгінгі күні 420 орындық ғимаратта не бәрі 150-ге жетер жетпес оқушы оқиды екен. Ел азаматтарының аузынан тағы бір естігеніміз ауыл тұрғындары негізінен өз ризық-несібелерін қолдарындағы азын-аулақ малымен айыра тұрса да, олардың ауыл аумағы мен іргесінде қызмет жасайтын мұнай-газ компанияларына қарапайым жұмысшы болып кіруге деген құлшыныстары мол екен.
Әйтсе де шетелдік компаниялар жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдамаған. Бұл өте орынды тілек деген ойдамыз. Шынтуайтына келгенде екі жақты келісімге сәйкес шетелдік компания жетекшілері белгілі бір квота шеңберінде 15-20 пайыз төңірегінде сол аумақтағы ауыл тұрғындарын арнайы курста оқытып IV және V разрядтары бойынша қарапайым қызметке қабылдауға тиіс. Бұлай болмай отырғаны әрине өкінішті-ақ.
Облыстың ең шалғай елді-мекенінен «егеменге келгендер» осындай жәйттерді назарымызға беріп, бұл барша ауыл тұрғындарының аманаты екенін айтып берді. Әрі өздерін толғандырған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер өздері тұрақты түрде алдырып оқитын «Егеменде» жарық көрсе екен ақжарма тілектерін жеткізді. Әлбетте аманатқа қиянат жасауға болмайтындықтан, біз олардың жан айқайын газетімізге жолдағанды жөн көрді.