• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Шілде, 2013

CӨЗ СОЙЫЛ

401 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

 

Есіл де менің ерлерім!

(Ақтамберді жырау ізімен)

Есіл де болған ерлер-ай!

Тағдырдан нені көрмеді-ай!

Жаратқан күннен адам қып,

Қара бұлт басқа төнгені-ай!

Жансерік болар жарлары

Айтқанға жүріп, көнбеді-ай!

Таласып еркек ісіне

Ешқашан ырық бермеді-ай!

Қатал да қатал сөз арнап,

Ерлерін талай жерледі-ай!

Жауабын таппай, қайтеді,

Қара тер болып терледі-ай!

«Қабырғасы едің ғой»

дегенге еш ермеді-ай!

Қабырғаға қол салып,

Құлашты кеңге сермеді-ай!

«Жолың болсын!» дей алмай,

«Қайдасың?» деп тергеді-ай!

Осының бәрі жөн бе еді-ай!

Өзгеріп әні, әуені,

Шалбарды алды әуелі!

Шалбарыңды алғаны –

Шамаңа қолды салғаны!

«Шығарма» деп «үніңді!»

Тартып алды шылымды.

Шылымыңды алғаны –

Аузыңа қол салғаны!

Арағыңды ішіп жүр,

Бет-ауызы ісіп жүр.

Арағыңды алғаны –

Намысқа қол салғаны!

Шұқып-шұқып көзіңнен,

Ажырасып өзіңмен

Тастап кетіп анаңды,

Алып қойды балаңды!

Ал балаңды алғаны –

Ұрпаққа қол салғаны!

Мәшинеңді айдап жүр,

Аяғыңды байлап жүр.

Руліңді алғаны –

Билікке қол салғаны!

Солар руль алғалы,

Шопыр біткен дір етті.

Көшелерде пробка.

Сөз айтамын өсексіз –

Авария есепсіз.

Көңілдері тоқ кісі,

Бір қолында соткасы,

Ауызында шылымы,

Шорт кесілген бұрымы

Ерке әйел-шопырлар

Қозғалыстың «тығыны».

Міне, осындай қайтесің,

Еркектердің бүгіні!

Солай да солай, ерлерім,

Көбейтті әйел шолжаңды.

Бәрін түгел ап қойды,

Енді алмаған нең қалды?

Тығырықтан шығатын

Айтшы, қандай жол қалды?

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ.

АЛМАТЫ.

 

Біз де жекешелендік

Қостанайдағы Дәмер ағамның үйінде отырып ол кісінің:

– Жеңгеңді жекешелендіріп алдым, – дегенін естіп ішіп отыр­ған тамағыма қақалып қалғаным бар.

– Бір сен емес, алғаш естіген атаулы осы кейіпті киген, – деп көкем мән-жайды түсіндірген болды. – Қолымнан келгені сол... бажайлап қарасам, мына заман тек жекеменшіктен тұрады екен. Өз басыма жекешелендіретін бірде-бір зат бұйырмапты. Ең аяғы үй, қора-қопсы, аз-маз мал атаулыны «төріңізден көріңіз жақын» деген мәнде сөз айтқан соң қолдағы келін-балаға басыбайлы өткізіп бергенбіз. Содан «бүйректен сирақ шығарып», басқа біреудің меншігіне өтіп кете ме деген қауіппен мына қара кемпірді жекешелендіріп алдым, – деп қарқылдап кеп күліп, оның мөр басылған, куәландырған қатырма қағаздарын алдыма жайып салды.

Көзім жұмылып, аузым аңқиған маған: «Баяғыда-ақ сөйтуім керек екен», деп алып жекешеленген жеңгемнің жай-жапсарын айтқанда кәдімгідей көзім ашылып, бірден мен де неге ғана сөйтпеске деген ой келді.

Сөйттім де мен де көкемнің жөн-жобасын тәптіштеп сұрап біліп, бірден меншіктеп беретін мекемеге тарттым.

Ондағылар: «Естімеген елде көп... Қатынын жекешелендіруге кел­ген сізді көрдік» деп таң-тама­ша болып, райымнан қайтпа­сым­ды білгендіктен: «Жеңгемізді жекешелендіру үшін ол кісіні дүниеге әкелген әке-шешесінің жазбаша куәландырған рұқсаты керек», дегені.

Салып ұрып атам мен енеме келіп мән-жайды айтып едім, екеуі де «Астапыралла!» деп жағаларын ұстап, маған аса мән бере бажайлап қарап, «ауру-сырқаудан» дін аман-есен екенімді біліп, енем көрші бөлменің есігін жауып алып қызымен телефонда сәл-пәл күбірлескен болып келіп:

– Ал балам, жекешелендіру үшін сен бізге... – деп алып, көки-сөкиді көктетсін келіп. Көки-сөкидің үлкені – мына отырған үйлеріне күрделі жөндеу өткізуім керек екен... Кенже баласының үйлену тойын түп-түгел мойныма алуым керек екен...

...Ашуға булығып үйге келсем, қатын:

– Не, жолың болмады ма? – деп ыржияды.

– Атаңанәлет сен де табалап отырмысың! – деп алара қарап едім:

– Оу, көкіме, көзіңді аш. Не, жекешелендіру оңай деп пе едің! Мүлік, зат емес, бақандай адамды жекешелендірмек болады! Тағы да ашуланады, бақырып-шақырады! Тәубеңе кел! Менің құнымды білесің бе өзің!? Отасқан отыз жылдағы отыңмен кіріп, күліңмен шыққан маңдай терімді бағала! Бір емес, бақандай бес баланы тоғыз ай көтеріп толғатып, жеткізіп есейткендегі еңбегімді ескердің бе!.. – деп тереңнен тартып тебіренген әйелімді әзер деп тоқтаттым-ай!

– Қойдым, ойбай! Бүйткен жекешелендіруі бар болсын, – деп сабырға шақырып едім:

– Қоймаймын! Ос ыны біліп, Дәмер қайын ағадан естіп, менде әрекет жасап... сені мен жеке­шелендіріп алғанмын... әке-ше­шең­ді ертерек жұтып қойған өзің­нен көр. Ондағылар сенің әке-ше­шеңнің қайтыс болғандығы жө­ніндегі анықтаманы талап етіп, апа­ра қалып едім, сені маған басы бү­тін жекешелендіріп берді... – дейді.

Сасқан үйрек артымен жүзеді деуші еді:

– Әп, бәрекелді, оң болған. Бізді біреулер жекешелендіріп алмай тұрғанда мұнымыз жөн болған, – деппін.

Ерсұлтан МАҒЖАН.

ТАЛДЫҚОРҒАН.

 

Ақымақ

Біздің фирмаға дирек­тор­дың ерке баласы еркелеп келген болатын.

Балаға мән беретін екі-үш адам оны еркелете әлденені айта бастады.

– Сенің әкең ғажап адам! – деп қалды Анна Конс­тантиновна.

– Сыпайылығын, кіші­пейіл­ділігін айтсаңшы! – деп жымиды Таня кербез.

– Азаматтылығын, ақыл­­дылығын үлгі тұ­та­мын! – деді Шарафут­ди­нов.

Бұлардың айтқан­да­рына мән берген бас­тық­тың баласы қараптан қарап көзіне жас үйіріп, жыласын кеп...

Үркіп қалғандар:

– Оу, жылағаның қалай? – деп басынан сипап еді, еркетотай:

– Әкем үнемі айтып отыратын: ел-жұрт бір нәрсе десе – ойындағысын айтпайды, бәр-бәрі айтарын айна-қатесіз керісінше айтады дейтін, – деді.

Алғашқы болып Шара­фут­динов:

– Сенің әкең ақымақ! – деп қойып қалды.

Лев КОРСУНСКИЙ.

 

Жол сақшысының монологы

О, Жаратқан!

Ризамын, бақ бердің,

Қолыма ала таяқ ап бердің,

Ризығымды теріп жүрмін,

Аузыма дуалы сөз сап бердің.

Білем-білем, тәртіп сақшысымын,

Беделі зор жақсысымын.

Көліктілер жек көреді,

Келтірген соң оларға шығын.

Бұта-бұтаны тасалап тұрып алам,

Зымырағандарды дүрбіммен атып алам.

«Крутойларды» сәлем беріп шығарып сап,

Басқалардың ақшасы мен көлігін тартып алам.

Осындайда ішіп алса тым жақсы,

Көктен түсіп келді дей бер мың «баксы»,

Көлдеткенмен көз жасын жібімеймін,

Көлеңкелі бизнестің бұл ақысы.

Аллаға мың рахмет,

Ала-таяқ ұстап туылғаныма,

Қарық қылып жатыр ғой қуырдағына,

Сумилар заң бұзатын азаймасын,

Олар бар да ауқат та бар,

Үйдегі көп шуылдағыма.

Мағауия ӘЛІМЖАН.

Жамбыл облысы.

 

Қысқарту

«Қысқарту» індеті төрт түлік малдың, ауыл тұрғындарының санын кемітті. Ақынның өлеңі, жазушының ойы жұқарды. Мәдениет мекемелері жұтады. Керек десең, адам аттары да қысқарды. Тоқсанбай, Наурызғали, Құттыбектерің – Миша, Макс, Рекспен, ал Күнжамал, Бибісамал, Жайнагүлдерің – Бибка, Женя, Катямен ауысты.

Соңғы кездері «қысқарту» індеті жастар арасында да белең алды. Жігіттердің ақылы, қыздардың етек-жеңі, шашы қысқарды. Ауру асқынған сайын қыздардың етектері қысқара-қысқара анадан туғандай тыржалаңаш қалуы мүмкін дейді. Індет қоғамды біржола жайлады. Оның залалы СПИД-тен де асып түсіп отыр. Облыстар қысқарды, аудандар қысқарды. Ауылдар еленбей, мүсіркеуден тыс қалды...

«Қысқартуды» емдеп жазуға бола ма? Шындығына келгенде, әзірге дертті жазатын дәрі-дәрмектер табылған жоқ. Бірақ, білікті мамандар ауруға қарсы қолданатын вакцинаға бас қатырып, тәжірибе жасау үстінде. Қазір ауруға қарсы «Базар», «Капитал» және «Доллар» деген үш дәріні ойлап тапты. Бұл дәрілер аурудан құлан-таза жаза алмайды. Тек ағзадағы вирустың көбею үдерісін уақытша тежеп, науқастың өмірін аз-кем ұзартады.

«Қысқартудың» қазақ халқының ұлттық кеселіне айналу қаупі бар... Аурудың алдын алу жолдары: егер науқасқа шалдықпағыңыз келсе, мына шараларды ұдайы есте сақтап жүріңіз. Вирустар мекеме басшыларынан тарайтын болғандықтан, олардың көзіне оғаш көрінуден сақ болыңыз! Қарсы кездескенде басыңыз жерге жеткенше иіліп, амандасыңыз. Ретін келтіріп, бір айлық көлеміндегі жалақыңды құрбандыққа шалып жібер. Отбасындағы әйелінен бастап бала-шағасының туған күндерін жатқа біліп ал. Уақытында сый-сияпат көрсетуді ұмытпа! Мерекелік күндермен алдын ала құттықтап қой... Осы қағидаларды үнемі қолданып жүрсең, кеселден аман қалуың мүмкін.

Тағы да есіңізге саламын, СПИД жыныс қатынасынан тараса, «қысқарту» тұрмыс қатынасынан тарайды. Ауруды қазірден бастап қолға алмаса, болашақта бәріміз қысқарып кетуіміз әбден мүмкін.

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН.

АҚТӨБЕ.

 

Бала тілі – бал

Баласы шешесіне:

– «5» алсаң, бес саєат ойнайсың» деп едіңіз...

– Не боп қалды?

– Бїгін екі-ақ саєат ойнайтын болдым.

***

Баласы анасынан:

– Неге қалыңдық ақ көйлек киеді?

– Ақ түс адалдықтың, жақсылық пен қуаныштың нышаны ғой, балам.

– Онда күйеу жігіт неге қара киім киеді?..

***

Немересі атасына:

– Ата, сіздің кезіңізде компьютер болып па еді?

– Жоқ, балам.

– Ұялы телефон ше?

– Жоқ.

– Дивиди де болған жоқ па?

– Біздің заманымызда түрлі- түсті теледидар да болған емес.

– Онда сіз динозаврларды көрген шығарсыз...

***

Атасы немересіне:

– Балам, мектептерің жақсы ма?

– Иә, ата, тамақтары дәмді...

***

Баласы мен анасы:

– Шеше, неге әкеміздің басында шаш өте аз?

– Себебі, ол – көп ойлайтын ақылды адам.

– А-а! Ал сенің шашың неге өте көп?

– Көп сөйлемей, тамағыңды іш!..

 

Жыртық қалтаның жыры

(«Арман» әнінің әуенімен)

Қалай күйдім сенен,

Құлай күйдім сенен.

Жүрегімді ұстап,

Жылай күйдім сенен, сенен...

Қайырмасы:

Заман, адастырмай мені қоя тұр,

Банк, құшағыңды маған жая тұр.

Теңге, сені сақтай алмадым,

Нарық, алдадың сен мені,

Тағы да алдадың...

Естіген ел көптен,

Дағдарыс па жеткен?

Қайтару пайызбен,

Қиын еді неткен, неткен...

Ақша іздеп тынбай,

Мына өмірге сыймай.

Күлкіден айырған

Құрысын өмір мұндай, мұндай...

Үміт ЗҰЛХАРОВА.

АЛМАТЫ.

 

Ауылдың айтқыштары

 

Енді бізге бәрібір

Шиелі ауданындағы Сырдария кеңшарының директоры Каналбек Тәжиевті алдына шақырған аудан әкімі Ердешбаев шаруашылықтың төл алудың қорытындысында қандай көрсеткішке тоқтайтынын білгісі келеді.

– Әр жүз аналыққа 105-тен алсақ деп отырмыз, – дейді директор.

– Бұл аз. Аудан облыстың алдына шығуды жоспарлап отыр...

– Онда 110-нан келтіруді көз­дейміз.

– Бұл көрсеткішің де төмен. Әр жүз аналыққа 120-дан келтір­гендерің жөн, – деп әкім түйінді сөз айтады.

– Жөке, – дейді сонда Канал­бек. – Анық солай болса, қанша десеңіз де қоса беріңіз...

– Неге?

– Бәрібір сотталамыз. Өтірік ақпардың азы не, көбі не?!

 

Бюро

Өзінің шешендігімен, сөз тапқыштығымен аты шыққан Өмірзақ Қуандықов ағамыз кезінде бір себеппен партия бюросының қатаң талқылауына түсіп, қызметінен босап қалады. Аудан басшыларының басқа қызмет беру жөніндегі уәдесі де сиырқұйымшақтанып, ұзап кетеді. Өстіп жүргенде Өмекеңе облыс, аудан басшыларымен сапарлас болудың сәті түседі. Өмекеңнің айтқыштығынан хабардар бір серігі оған: «Жол қысқарсын, әңгіме айта отыр!» – дейді. Сонда Өмекең: «Айтсам, айтайын, бірақ ұрсып жүрмесеңіздер болды», – деп әңгімесін бастап кетеді.

– Ертеректе қазақ, ағылшын, француз үшеуі жабайы үндістердің қолына түсіп қалады. Сонда әлгілер «Сендер бізге бір сұрақ беріңдер. Егер шешуін таба алмасақ – босатамыз, тапсақ – жеп қоямыз», – дейді. Олар ағылшын мен француздың сауалын оңай шешіп, екеуін де табан астында жеп қойыпты. Кезек қазекеңе келгенде әлгілерден зәресі ұша қорқып тұрып, сасқанынан: «Бюро дегеніміз не?» – депті. Үндістер өзара құж-құж десіп әрі ақылдасып, бері ақылдасып, болмаған соң: «Жауабын өзің айт, таба алмадық», – дейді. Сонда қазекең өлімнен құтылып кеткеніне масаттанып тұрып: «Бюро дегеніміз – өздерің сияқты 5-6 адам құж-құж десіп ақылдасып, бір адамды жеп қоятын орын», – депті. Басшыларға өзінің өкпесін осылай жеткізген Өмекең көп ұзамай жақсы жұмысқа тұрып кеткен екен.

 

«Әкесі бар бала «Қазақстан» шегеді»

Қу тілді Әлекең темекісін тартпақ болып сырттағы көлеңкеге отырады. Қасына жақында ғана мектеп бітірген баласы да отырып, қалтасынан «Қазақстан» шылымын шығарып, тұтата бастайды. Мұнысын ерсі көрген Әлекең: «Иә, әкесі бар бала «Қазақстан» сигаретін шегеді. Әкесі жоқтар арзанын, тапқанын шегеді», – деген екен. Сөз төркінін түсінген баласы әке алдында бұндай қылықтан аулақ болыпты.

Көрген БІЛГЕНОВ.

АСТАНА.

Мүйісті жүргізетін

Берік САДЫР

Соңғы жаңалықтар