Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова газет қызметкерлерімен жүздесіп, министрлік тарапынан тағайындалған марапаттарды табыс етті.
Мерейлі кездесуде басылым басшысы Дархан Қыдырәлі жиынға қатысқан газет ардагерлеріне «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерекелік медалін табыс етті.
Министр Ақтоты Райымқұлова құттықтау сөзінде Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы, әкесі Рахметолла Райымқұловты есіне алып, жиналып отырған ұжымның өзіне таңсық емес екеніне, біраз тұлғаларды танитынын атап өтті.
Газетте қызмет етіп жүрген барша қызметкердің еңбегіне бас иемін, деп жылы естелігімен бөліскен министр сөзін шығармашылық ұжымға арнаған ресми құттықтау хатпен жалғады.
«Сіздерді ел газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Сонау «Ұшқыннан» жалын лаулап, оқырманға жол тарта бастаған кезден бері іргелі басылым қазақ халқының өткенін түгендеп, ғасырлық жылнамасын тізбектеп келеді. Бір кездері үркердей шоғырланған ұлт зиялыларының өрелі ойы мен қастерлі сөзі, өзіндік қолтаңбасы қалған үнжарғы қазіргі таңдағы жалпыұлттық басылымға айналды. Ұлы даланың төрінен орын алған салиқалы басылым алдағы уақытта да мәңгілік елдің болмысын бүкпесіз баяндап, ойлы оқырманына қалқысыз қызмет ете беретініне сенімдімін», делінген құттықтау хатта.
«Egemen Qazaqstan»-ның бірінші басылымы шыққанынан бастап елде болған сан алуан оқиғаларды әлі күнге дейін бүкпесіз баяндап келе жатқан, орны ерекше басылым екенін ардагер журналистер айтып, өздері еңбек еткен газет тарихында болған оқиғалармен бөлісті.
Жиын соңында салтанатты мерейтойға қатысушылар естелік суретке түсіп, мемлекет тарапынан қолдауға үлкен ризашылықтарын білдірді.