• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Желтоқсан, 2019

Өнім мен өсім еселенді

392 рет
көрсетілді

Алматы облысының ел экономикасындағы үлесі аграрлық саладағы табысты көрсеткіштерімен айқындалады. Оның бір дәлелін жетісулық шаруалардың биыл өндірген өнімінің жалпы құны 780 млрд теңгеге жеткенінен аңғаруға болады.

Аймақтың агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өнімнің экспортын 2,5 есеге арттыруға қол жеткізу мақ­саты орындалып келеді. Тара­тып айтқанда, аймақта мал саны өсті. Өткен жылмен са­лыстырғанда саланың өнімділігі орташа 4,5 пайызға ұлғайған. Бұл нәтижеге облыста 102 мал бордақылау алаңы, оның ішінде асыл тұқымды мал бордақылау алаңдарының көптеп ашылуы арқылы қол жетті.

Ал өсімдік шаруашылығында дәнді дақылдар алқабы 7 мың гек­тарға ұлғайып, жалпы көлемі 961 мың гектарды құрады. 1,4 млн тонна өнім жиналып, дақыл шы­ғымы орта есеппен әр гектар­дан 31 центнерге жетіп отыр. Әсі­­ресе жүгерінің шығымы жыл­­да­ғыдан жоғары. Түсім гек­та­ры­­на 67 центнерден айналып, бар­лығы 550 мың тонна өнім жиналды.

– Алматы облысының ауыл­шаруа­шылық саласындағы жетіс­тіктері бізді үнемі қызық­тыра­ды. Алайда, мұның еш құ­пия­сы жоқ. Жетісу жері кли­мат­тық жағдайы қолайлы, оған қоса облыс шаруалары жұ­мыс­­тарын ғылымға негіздеп ұйым­дас­­т­ы­рып отыр, – дейді Қазақ егін­шілік және өсімдік шару­ашы­лығы ғылыми-зерттеу институ­тының профессоры, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман.

Академиктің айтуынша, облыс аграршылары отандық ға­лымдармен тізе қосып жұмыс іс­теуде. Нәтижесінде, өсімдік пен мал шаруашылығы саласы бо­йынша өнімділік жоғарылады.

– Бүгінде жаңа технология­ны қолдану еңбек өнімділігін арт­тырып қана қоймай, ауыл­шаруа­шылық өнімінің сапасын да жақсартты. Мәселен, «Байсерке Агро» серіктестігі ғалымдар мен өндірушілердің ба­сын біріктіріп, бір-бірімен ты­ғыз байланыста жұмыс істеуі­не мұрындық болып отыр. Олар отандық, ТМД аума­ғын­дағы және басқа да шетелдік ғалымдармен белсенді жұмыс істейді. Агрохолдинг негізінен мал шаруашылығына, өсім­дік шаруашылығына, алынған өнімді терең өңдеуге, жылыжай шаруашылығына, омар­та­шы­лыққа маманданған. Мәсе­лен, шаруашылықтағы сүт өн­дірісінің жылдық өнімі 3,8-4 мың тонна, өсімдік шаруа­шы­лығы бойынша да рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Атап айтқанда, соя өсіру – 79 центнерге, тамшылатып суару арқылы өсірілген жүгерінің шығымы – 185 центнерге дейін көбейді, – дейді Ғ. Мейірман.

Айтпақшы, облыста үз­дік нәтиже көрсеткен фермер­ді құр­меттеу ісі дәстүрге айналған. Биыл да аймақтың ауыл­ша­руа­­шылық қызметкерлері облыс орталығында өткен жиын­ға келіп, есепті жылды қоры­тындылады. Табысы тасығандар облыс әкімінің марапатын алып, үздіктерге су жаңа трактордың кілті тапсырылды. Барлығы жет­пістен астам еңбеккерге «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл ша­руа­шылығы саласының үз­дігі» төсбелгісі және Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Іле ауданындағы «Оңалбаев» шаруа қожалығы мен Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» серіктестігінің жетекшілеріне су жаңа «МТЗ-82.1» тракторлары сыйға берілді. Сондай-ақ Қарасай ауданындағы «Оң­түстік» агропаркі мен Кеген ауданындағы «Мәди» шаруа қожалығы 600 және 500 мың тең­генің сертификатына ие болды. Осындай марапатқа көксу­лық «Балпық» және Райымбек ауданындағы «Өркен» шаруа қожалықтары да лайық болып, 500 және 400 мың теңгенің сертификаттарын алды.

 

Алматы облысы