• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Желтоқсан, 2019

Шымкентте Т.Рысқұловтың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

263 рет
көрсетілді

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. «Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғалары» тақырыбында өткен конференцияда Тұрар Рысқұловтың өмірі мен саяси қызметі, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыру және дамыту жөніндегі ұлы тұлғаның атқарған рөлі мен орны кеңінен дәріптелді.

Шымкенттегі Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған жиын барысында қатысушыларға ұлты үшін ұран тастап, еліміздің саяси дамуына атсалысқан, түркі халықтарының рухани бірлігін сақтауға және тәуелсіздік идеясын бастаған тұлғаның өмір жолынан сыр шертетін арнайы көрме таныстырылды. Деректі фильм көрсетілді. Конференцияға елімізбен қатар алыс-жақын шет мемлекеттерден ғалымдар мен тарихшылар қатысты. Сондай-ақ ұлы тұлғаның немересі Мәскеу қаласынан Владимир Рысқұлов пен Алматыдан Адель Рысқұлова арнайы келді. «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын іске асыру аясында ұйымдастырылған  конференцияның негізгі мақсаты Тұрар Рысқұловтың еңбегін таныту. Қазақстанның негізін қалаушылардың бірі, өнеркәсіп, білім салалаларын дамытуға атсалысқан ұлы тұлға екенін кейінгі ұрпақ білуі тиіс», - дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова. Ал «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков: «Т.Рысқұловтың еліміздің қалыптасуына, дамуына қосқан үлесі орасан. Сондай-ақ ол Моңғолияның Конституциясын жазған. Моңғолдар Рысқұлов десе бас иеді. 1400 шақырым Түріксіб теміржолын салу мәселесін де шешіп берген», - деді.

Конференцияда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастырудағы Тұрар Рысқұловтың рөлі мен орны, ХХ ғасырдың қазақ интеллигенциясының көзқарастарында тәуелсіздік үшін күрес және Түркістанның саяси дамуының маңыздылығы, жалпы Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі сапалы ғылыми зерттеулерінің жаңа бағыттары мен ынталандырылуы, Еуразияның мәдени-тарихи мұрасы үшін Түркі әлемінің құндылықтары бойынша жаңа ғылыми зерттеулер таныстырылды. Бүгінгі ұрпаққа ұлы тұлғаның тағлым боларлық істері дәріптелді. Сондай-ақ ОҚМУ ғалымдары «Мұхтартану» ғылыми орталығымен бірлесіп, О.Қоңыратбаевтың «Тұрар және Түркістан» атты монографиясын дайындап шығарыпты. Т.Рысқұловтың 125 жылдығын атап өтуге тыңғылықты дайындалған оқу ордасы 100-ден астам ғалымдардың ғылыми мақалаларын «Қазақтану» журналында жариялаған. Одан бөлек, кемеңгер тұлғаны дәріптеуге арналған арнайы байқау да ұйымдастырылды.