Биылғы жылдың маусым айында Семейдегі Абай музейінің қызметкерлері Татарстанның астанасы Қазан қаласындағы Қазан федералдық университетіне қарасты Лобачевский атындағы кітапханадан 1885 жылы бұрынғы Семей облысы Шар өңірінде Абай Құнанбайұлының басшылығымен жазылған «Қарамола Ережесінің» арнайы жинақ ретінде жарық көрген түпнұсқасын тапқандықтарын және көшірмесін музей қорына әкелгендіктерін сүйіншілей хабарлаған болатын.
Жақында Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген құнды құжатқа қатысты тағы да бір жағымды жаңалықты жеткізді.
«Жуықта Шығыс Қазақстаннан арнайы делегация Татарстанға барып қайттық. Қазан қаласындағы Қазан федералдық университетінде өткен кездесу барысында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 1885 жылы жазылған «Қарамола Ережесінің» түпнұсқасын уақытша елге әкелу жөнінде келісімге келдік. Жоғары деңгейдегі кездесуге Татарстанның Қазақстандағы өкілетті өкілі Д.Валеев, ҚФУ проректоры Л.Латыпов, ҚР Жоғарғы сотының судьясы Б.Жұмағұлов, облыстық соттың төрағасы Н.Қайырбеков, облыстық соттың судьясы Е.Жұмақсанов қатысты. Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның Қазан қаласындағы баспаханада басылып шыққан, осындағы Н.Лобачевский атындағы ғылыми кітапханада сақтаулы тұрған ережелер жинағының түпнұсқасын елге әкелсек нұр үстіне нұр болары анық.
Бір ғажабы, бұл еңбек 74 баптан тұрады, Абай атамыз мұны 3 күнде жазып шыққан деген деректер бар. Біз құнды құжатты Татарстандағы әріптестерімізден бір-екі айға сұрап отырмыз. Алдағы уақытта «Қарамола Ережесін» аударып, кирилл қарпіне түсіріп, кітап қылып шығармақ ойымыз бар» дейді университет ректоры.
ӨСКЕМЕН