Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында бірқатар шетелдік және қазақстандық өрендердің қатысуымен үлкен кәсіпқой бокс кеші өтті. Асқар Салықбаев жетекшілік ететін «MTK Global Kazakhstan» компаниясы Тәуелсіздік күніне орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған додада 12 жұп жұдырықтасып, екі бірдей алтын белбеу сарапқа салынды.
Рейтингтік бәсекеде жеті қазақ боксшысы шаршы алаңға шығып, алтауы жеңіске жетті. Атап айтсақ, Мирасәлі Сәрсенов пен Рай Сейтжанов әзірбайжандық Асқар Рагимов пен Рамиз Мамадовты, Елшат Нығметолла мен Нұртас Әжбенов филипиндік Крис Альфанте мен Лэнди Крус Леонды, Абай Төлеш чехиялық Томаш Безводаны ұпай сандарымен ұтты.
Бірден айта кетейік, бұл кездесулердің бірінде де жеңіс жерлестерімізге оңайлықпен келген жоқ. Жат елдерден келген спортшылардың барлығы да қарымды екен. Кәсіпқой бокстағы карьераларын енді ғана бастап жүрген қазақ жігіттеріне өз жанкүйерлерін қуанту үшін сол жарыста көп тер төгуге тура келді.
Дарынды жас Нұрдос Төлебай мен Әзірбайжанның өкілі Нәби Абдуларамизов арасындағы жекпе-жек қана мерзімінен бұрын аяқталды. Бірінші раундта қандасымыз қарсыласын бүйірден қатты ұрып, қарсыласын ауыр нокдаунға жіберді. Үзілістен кейін Қап тауының қыраны бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Осы жарыста Өзбекстанның екі бірдей өренінің өнерін тамашаладық. Әсіресе, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Фазлиддин Гайбназаровтың асқан шеберлігіне тәнті болдық, Даңқты боксшы украиналық Владислав Барановты бірінші раундта-ақ ұрып жықты. Ал Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің жүлдегері Хуршид Тожибаев индонезиялық Айзек Джуниорды жеңді.
Сол секілді нигериялық Алиу Бамиделе Ласизи мен индонезиялық Хамсон Ламандау арасындағы жекпе-жек те көреремендердің көңілінен шықты. Рингке қазақтың зерлі шапанымен шыққан қара құрлық өкіліне спорт сарайына жиналған жанкүйерлер бірден қолдау көрсете бастады. Соның әсері болса керек, шаршы алаңда өзін тым еркін сезінген Ласизи бұл бәсекеде күмәнсіз жеңіске жетті.
Жерлестеріміздің арасынан тек Ескендір Харсанның жолы болмады. Осы күнге дейін жеті кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен 22 жастағы танымал былғары қолғап шеберіміз бұл жолы камерундық Томас Эссомбаға есе жіберді. Бәсеке басталған бетте Ескендір ауыр соққы жіберіп алды. Содан ол айыға алмады. Бірінші раунда екі нокдаун алса, үшінші раундта төреші бәсекені тоқтатуға мәжбір болды. Техникалық нокаут!
Кеш соңында екі бірдей алтын белбеу сарапқа салынды. Қазақ жанкүйерлері үлкен сенім артып отырған жалынды жас Сұлтан Зәуірбек Қытайдан келген Лешан Лиді ұтып, өзіне тиесілі WBC Youth World Champion (жастар) нұсқасының алтын белбеуін сақтап қалды. Қарсыласының екі көзі бірдей ісіп кетіп, көруден қалғандықтан бұл бәсеке мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Қазақстаның тағы бір белді боксшысы Виктор Коточигов өзіне тиесілі WBC International нұсқасының чемпиондық тәжін қорғап қалу үшін Аргентинаның азулы боксшысы Хавьер Хосе Клаверомен күш сынасты. 10 раундтық сайыстың қорытындысы бойынша жеңіс бірауыздан жерлесімізге берілді. Осылайша, екі алтын белбеу де елде қалды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл бәсекелер отандық «Қазспорт» арнасынан бөлек, АҚШ-тың әйгілі ESPN телеарнасы арқылы төрткүл дүниенің 60-тан аса мемлекетінде тікелей эфирден көрсетіледі. Сондай-ақ, iFL TV ютуб жобасы да арқылы бұл жарыс әлемнің басқа да аймағына кеңінен таратылды. Осының барлығы Қазақстанның кәсіпқой боксының шартарапқа таралуына оң ықпал ететіні сөзсіз.
Сөз орайы келгенде бірқатар жергілікті және шетелдік компаниялар және Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен өткен жарысқа Қазақстанның былғары қолғап шеберлерін Сағатбек Мұсаханов, Қанат Әлтаев және Дастан Сәдуақасов сынды білікті бапкерлер дайындады.