• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2013

Бәрі де адамның игілігі үшін

362 рет
көрсетілді

Қазақстанның азаматтық Альянсы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына мониторинг бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді

Қазақстанның азаматтық Альянсы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Болашақ бүгіннен басталады!» республикалық іс-шара шеңберінде «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңның негізгі ережелерін түсіндіру бойынша семинарлар желісін өткізді.

Аталған семинарлардың басты мақсаты – қатысушы­лар­ды қабылданған заңның негізгі ере­желерімен таныс­тыру, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер көрсе­тудің сапасына бағалау жүргізуде Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) қыз­­­­метінің пішіндері мен мазмұн­дарын түсіндіру болып табылды.

Қазақстанның азаматтық Альянсы­ның өңірлік құрылымы атал­ған семинарларды өткізу ке­зін­де еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдардың барынша кең ауқымын қамтуға мүмкіндік берді. Мәселен, семинарларға 14 облыстан, Астана мен Алматы қа­лаларынан 400-ден астам ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Мысал үшін айтсақ, Орал қаласында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жоғарылату бо­йынша ҮЕҰ қызметтерінің базалық түсініктерімен таны­суға ком­мерциялық емес ұйым­дардың 26 тыңдау­шы­сы қатысты. Семинардың тренері ре­тін­де «Әділет» консалтингтік ком­пания­сының бас сарапшысы А.Бисенова тартылды.

Семинарда ақпаратты беру мен қа­былдаудың түрлі пішіндері: тұсаукесер, мәселелерді талқы­лау, топтардағы жұмыс, мін­деттерді шешу бойынша тренингтер пайдаланылды. Шара қорытындылары бойынша барлық тыңдаушылар «Қоғамдық мониторинг» жобасына белсенді қатысуға тілек білдірді. БҚО азаматтық Альянсының өкілдері мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау бойынша­ бірлескен жобалар жасау ұсы­нысымен шықты.

Көкшетау қаласындағы №4 орта мектеп базасында да «Мемлекеттік қызметтер көр­сету сапасына мониторинг жүр­гізуде ҮЕҰ-лардың рөлі» деген тақырыпта семинар өтті. Оған өңір­дегі жетекші ҮЕҰ-лардың жетекшілері мен қызметкерлері – барлығы 30 адам қатысты.

Ақпараттық және оқыту бағыт­тарынан басқа, семинар практикалық сипатқа да ие болды. Л.Сеңгірбаева («Томирис» әйел­дер­дің жастар орталығы), А.Әмірова («Бо­лашақ» қоғам­дық қоры) секілді белсенді қа­ты­сушылар аталған бағыттағы жұ­мыс тә­жірибелерімен бөлісті. Олар бүгінде ҮЕҰ-лардың қыз­меттер көрсетудің сапасын бақы­лауда қандай тетіктерге жүгінуге болатыны туралы әңгімеледі.

Семинар аяқталған соң барлық қаты­сушылар мемлекеттік қыз­меттер көрсетулер сапасына ба­қылауды ұйымдастыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тетігін жасау қажет деген ортақ пікірге келді.

Қарағандыда өткен семинар бағдарла­масы бойынша «Мем­лекеттік қызметтердің реестрі», «Алушыларға жаппай сұрау салу», «Фокус-топтар» тақырыптарында практикалық оқулар ұйым­дас­тырылып, «Қызметтер көрсетуді қалай бағалауға болады», «ҮЕҰ қызметтер сапаларын баға­лаудың мүмкіндіктері мен шектеулері» деген тақырыптар бойынша теориялық іс-қимыл мәселелері қарастырылды. Сон­дай-ақ, Қарағандыдағы шара ая­сында жаңа заң жобасын қол­дауға арналған флеш-моб ұйым­дастырылды.

Қостанай қаласында өткен семинарда мемлекеттік қызметтер қалай бағаланатын болады деген сауалға қатысты мәселелер туындады. Кейін белгілі болғанындай, әр өңірде мемлекеттік қызмет көрсетудің өз үлгі-қалпы бар болса, басқалары сол белгілі бір өңірдікіне сәйкес келуі тиіс екен. ҮЕҰ-лар осы үйлеспеушілікті шешудің жолдарын жан-жақты қарастырды.

ҮЕҰ өкілдеріне Маңғыстау облысында өткен семинар не берді? Бұл сұраққа «Маңғыстау облысы азаматтық Альянсының» президенті Ж.Маханбетова жауап беруге ұмтылды. «ҮЕҰ өкілдері үшін мұндай тренинг­тер Қазақстанның барлық өңір­лерінде өткізілуде. Қаты­сушыларға мемлекеттік қыз­меттер көрсетудің «статусы» мен «реестрі» ұғымдары түсіндірілді.

Өз кезегінде «Шығыс Қа­зақ­­стан облысы азаматтық Альянсының» президенті О.Чер­ны­­шов бүгінде көптеген ҮЕҰ өкіл­дері мемлекеттік қызмет деген не нәрсе және осы қызметтерді бағалауда ҮЕҰ-лар­дың рөлі қан­дай деген мәселелерді түпкі­лікті түсінбейтіндіктен, осындай семинар­лар өткізу аса қажет деп есептейді. «Атал­ған үдеріске, сондай-ақ, ауылдық ҮЕҰ-лар өкілдерін де белсенді тарту керек деп есептеймін», деп атап өтті Олег Владимирович.

Ақтөбелік ҮЕҰ өкілдері де мемлекеттік қызметтер көрсетуге қоғамдық мониторинг жүргізудің қыр-сырын меңгеруге ұмтылды. «Біз, мысал үшін, Үкіметтің элек­трондық сайтына кіріп, 500 қызметтің кез келгенін таң­дап алуға және оның сапасын бағалауға тырыстық. Оны жұмыссыздардың а нық­тама алуларынан бастадық. Сайтта оны алудың тәртібі – мерзімі, үлгісі, шарты көрсетілген екен. Мұнымен қоса, адам анықтама алуға келген ХҚО-ның күту залын­да орындық бар ма, күтушілер өзде­рін қалай сезінеді, құжат алу үшін олар белгіленген 10 минут па әлде одан көп уақыт жұмсай ма деген мәселелерге назар аудару қажет болды. Осының бәрін бағам­дай келе, кез келген қатысушы өз ұсыны­сын енгізе алады», дейді Ақтөбе облысы ҮЕҰ қауымдастығының директоры А.Дүйсенова.

Оқудан өткен барлық қатысушылар қабылданған «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заң тұрғындарға қызметтер көрсету бойынша мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру бағытында маңызды қадам болып табылды деген ортақ пікірге келді.

Еске сала кетсек, «Мемлекеттік қыз­мет­тер көрсету туралы» Заңға Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде қол қойған болатын. Заң мемлекеттік қыз­мет­тер көрсетудің тәртібін айқындауды, «мемлекеттік қыз­мет» дегенге жаңа тү­сінікті, мем­лекеттік қызметті тұтыну­шы­лар­дың құқығын заңнамалық регла­мент­теуді, сондай-ақ, қызметтер көрсетудің са­пасына қоғамдық мониторинг жүргізуді қарастырады.

Бүгінде мемлекеттік қызметтер реестрінде 574 атау бар. Реестр құрылған 2010 жылдан бері мемлекеттік қызметтер көрсету саны үш есеге жуық өсті. Міне, нақ сондықтан коммерциялық емес ұйымдардың рөлі артып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізу мүмкіндігін заңнамалық қамтамасыз ету қажеттігі туындап отыр.

Заңның жаңалығы ұсынылған қызметтер сапасына, олардың мерзімі мен үлгі-қалыптарының сақталуына қоғамдық бақы­лау жүргізу мүмкіндігі бо­лып табылады. Өйткені, орта ста­тис­тикалық қазақстандық үшін мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы мемлекет жұмысының басты көрсеткіші саналады. Мә­се­лен, егер адам қандай да бір анық­тама немесе құжат алу үшін өзінің ешқандай ақылға қонбайтын уақытын сарп етсе, мемлекеттік машина жұмысын бағалау, тұтастай алғанда, жағым­сыз болып шығатыны айтпаса да түсінікті. Бұдан бөлек, қыз­меттер көрсетудің нақпа-нақ үлгі-қалыптары жоқ болса, жем­қорлық құқық бұзушылық көрі­ніс­терінің ықтималдылығы артатыны тағы анық. Ал бұл өз кезе­гінде көрсетілетін қызметтің сапа­сын төмендетіп қана қоймай, тұтас­тай алғанда, азаматтардың мем­лекеттік аппаратқа сенімін жоғалтады.

Мемлекеттік қызметтер сапасына бақылауды тек ком­мерциялық ұйымдар ғана емес, сондай-ақ, Мемлекеттік қыз­мет істері жөніндегі агенттік пен Көлік және коммуни­ка­циялар министрлігі де жүзеге асыратынын атап өту қажет.

Заңнамаға сәйкес, коммерциялық емес ұйымдар мемлекеттік қызметтер көрсетудің қоғамдық мониторингін өз есебінен және өз бастамашылығы бойынша да жүргізе алады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау мен бақылауға өкілетті орган мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мониторингке коммерциялық емес ұйымдарды тартуға да құзырлы. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің 2014 жылғы бюджетіне қазірдің өзінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына мониторинг жүргізуге коммерциялық емес ұйымдарды тарту үшін қаржы ресурстары салынатыны жоспарланып отыр.

Тұтастай алғанда, «Мемлекет­­тік қызметтер көрсету туралы» Заңның қа­былдануы мемлекеттік қызметтер көрсе­тудің ортақ талаптары мен тәртіптерін заңнамалық тұрғыдан бекітуге, қызметтер көрсету саласында мемлекеттік орган­дар­дың міндеттерін нақты белгілеуге, Қа­зақстан азаматтарына мемлекеттік қызмет көрсетілетін кез келген орында өз мониторингіне бастамашылық жасауға мүмкіндік береді. Себебі, мемлекеттік қыз­меттер көрсетуде азаматтардың мүдделерін тиіс­­ті деңгейде қаперге алу бас­ты шарт – мемлекеттік органдар жұмысының мөлдірлігі мен азаматтардың толыққанды ақ­параттандырылуы жағдайында мүмкін болмақ.

Сәулебек БІРЖАН.

АСТАНА.