Елбасының «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы – біршама жастардың тегін білім алып, жұмыспен қамтамасыз етілуіне ықпал жасаған озық жобалардың бірі. Ақмола облысында аталмыш бағдарламамен білім алып жатқан жастарға барлық жағдай жасалған.
Қызылорда облысының тумасы Марат Фатима «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім іздеп келген болатын. Бүгінгі таңда Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылындағы жоғары агротехникалық колледжінің 1-курсында оқитын ол – болашақ қаржыгер. Мақсаты – оқуын үздік бітіріп, дипломымен қызметке орналасып, Көкшетауда қалу. Аталмыш колледж 2014 жылдан бері «Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен Фатима тәрізді оңтүстік өңір жастарын оқытып келеді.
- «Серпін» бағдарламасы бойынша оқитын студенттеріміздің географиясы кең деп айтуға болады. Бұл – Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары. Осы жылы аталмыш жоба бойынша контингент 209 адамды құрайды, жаңа құрамға 90 білім алушы келді, – дейді Шағалалы жоғары агротехникалық колледжі директорының орынбасары Арман Оспанов.
«Серпін» жастары тегін білім алумен қатар, ай сайын шәкіртақыға ие болады, жатақханаға тегін орналастырылады, әлеуметтік жағдайы төмен немесе көп балалы отбасынан шыққан білім алушылар тегін тамақтанады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыстың 7 колледжінде 370 адам білім алуда, оның ішінде жаңа оқу жылына 120 талапкер қабылданған.
- Биыл 42 білім алушы оқу орнын аяқтады, оның ішінде алтауы жоғары оқу орнына түсті, 17 бала осы облыста қалып, жұмыс істеп жүр, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Кенжебай Бекбай.
Қабылданғанына 5 жыл болған «Серпін» бағдарламасының түлектері еңбек жолдарын бастап та кетті. Алайда солтүстік өңірлерде тұрақтамай, туған жерлеріне кетіп жатқандары да бар. Себебін де іздеп көрдік. Кей жағдайда жас мамандардың жалақылары мардымсыз. Әрі баспана да жоқ. Ал жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі әлдеқашан жолға қойылған. Мәселен, агротехникалық колледжді бітірген серпіндіктердің бұрнағы жылы 35 проценті жұмысқа орналасса, биыл ол көрсеткіш 55 процентті құрап отыр. «Серпіннің» алғашқы қарлығаштарының бірі Байжігіт бұл бағдарламаның өз өміріне үлкен септігі тигенін айтады.
- Осында білім алып, жұмысқа қалдым. Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуға үміткермін. Қызылорда облысынан ата-анамды көшіріп алдым. 2017 жылдан бері осы Шағалалының тұрғынымын. Басқаларға да орын теуіп қалуға кеңес берер едім. Жақсы жағдай жасалып жатқанын көріп отырмыз, – дейді «Серпін» мемлекеттік бағдарламасының түлегі Байжігіт Боранбай.
Еңбек ресурстарын тиімді бөлу мақсатында іске қосылып, ізгі мұраттарды көздеп, жемісті жұмыстар атқара бастаған «Серпінге» сенген жастар саны артуда.