ТАЗА ИСЛАМНЫҢ ЖАРШЫСЫ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ
Ислам дүниесіндегі айтулы тұлғаның бірі, әлемдегі ең көне және ең ірі “Әл-Азхар” ислам университетінің ректоры, Египеттің бас муфтиі болған шейх Мухаммад Саид Тантауи Сауд Арабиясына сапары кезінде қайтыс болды.
82 жастағы діни және саяси қайраткер құрметті қонақ ретінде король Фейсалдың “Исламға сіңірген еңбегі үшін” деп аталатын халықаралық сыйлығын тап-сыру рәсіміне қатыс-паққа келген еді. Жұрт оның ислам-ның рухани орталы-ғына келген сәтінде дүниеден озуының өзін қасиеттілікке жорыды. Бұрын айтқан өсиетіне орай ғұлама ғалым, таза исламның жаршысы Мәдинеде жерленді.
Таза ислам деп атап айтып отырғанымыз – шейх Мухаммад Саид Тантауи лаңкестікке қарсы идеологиялық күреске айрықша мән берген және өзі соның басында болған қайраткер еді. Оның пікірінше, ислам әділетсіздікпен, басқыншылықпен, жазықсыз адамдарды қырып-жоюмен үйлеспейді.
Мұндай пікірді ислам діни қайраткерлерінің көбі айтады, бірақ сол араб, мұсылман елдерінің талайында бар лаңкестік ұйымдарға қарсы пәрменді күрес жүргізе қоймайды, ислам оларды қолдамайды деумен шектеледі. Ал Тантауи болса, лаңкестерді айып-таумен қатар, өзінің құзыры жеткен дәрежеде әкімшілік, діни мекемелерден лаңкестерге қарсы пәрменді күрес жүргізуді талап етіп отырды.
Осы жерде оның жоғары биліктік, рухани қызмет атқарғанын да айта кеткен жөн болар. Ол 1986 жылы Египет елінің бас мүфтиі болып сайланды, ал 1996 жылы президент Хосни Мүбәрәктің жарлығымен атақты “Әл-Азхар” университетінің ректоры, сондай-ақ Каирдегі атақты “Әл-Азхар” мешітінің ұлы имамы болып тағайындалған.
Ислам атын жамылған лаңкестік ұйымдар негізінен осынау қасиетті дінді ұстанған елдерде әрекет етеді. Билік орындары мен діни құрылымдар сөз жүзінде оларды айыптаған болып, олармен исламның жолы бір еместігін мәлімдеумен шектеліп жүргені де белгілі. Кезінде Саддам Хусейн сияқты диктатор экстремистік ұйымдарды ашық қолдап, шахидтерге ескерткіш орнатқанын да жұрт ұмыта қойған жоқ.
Тантауи ашық лаңкестермен қатар, экстремистік бағыттағы ұйымдарды да қатты сынға алды. Сол үшін де ол фундаменталистер мен радикалды діндарлар тарапынан қатты сынға ұшырап жүрді. Соған қарамай, исламның тазалығы үшін, оның атын жамылған экстремистік күштермен күресін тоқтатқан емес. Бәлкім, оның жүрек талмасынан қайтыс болуына да сол күрестің жүйкеге тиген әсері себепші болған шығар.
Ерекше тоқталатын бір жай, Тантауи ислам әлеміндегі әйелдердің құқы мен бостандығы үшін батыл күрес жүргізген қайраткер. Біршама ислам елдерінде ресми талаптарда әйелдердің құқы, оның қоғамдағы орны шектеулі екені белгілі. Тіпті көп жерде соңғы кезге дейін әйелді сүндеттеу (хитана) жүзеге асып келді. Тантауидай үлкен беделді қайраткердің мақұлдауы арқасында ғана денсаулық сақтау министрінің оған тыйым салу жөніндегі жарлығы жүзеге асты.
Көп жерде, тіпті біздің елде де, қыздардың бетін жауып тұратын орамал (никаб) тартуы жөніндегі мәселе айтарлықтай дауға барып тіреліп жатады. Түркияда ол мемлекеттік, саяси деңгейге дейін көтерілді. Ал Тантауидің өзі басқаратын “Әл-Азхар” ислам университетінде никабпен жүруге тыйым жөніндегі пәтуасын ерлік санасақ, оған қарсы консерваторлардың шулап қарсы шығуын да түсінуге болар.
Тантауи исламға қарсы әрекеттердің барлығына қарсы пәрменді күрес жүргізді. Данияда Мұхаммед пайғамбарды әжуалаған карикатура жарияланғанда БҰҰ-ға дейін хат жазып, ұлы дінге ара түскені бар. Ең бастысы – ол өздерінің жосықсыз әрекеттерімен ислам дінінің беделін түсіргендерге қарсы белсенді күреске шықты. Мұндай қадамға бару көп адамның қолынан келе бермейді.
БАСҚАНЫҢ КІНӘСІН АРҚАЛАҒАН ПАК НАМ КИ
Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Пак Нам Ки қасақана ел экономикасын күйретті деген айыппен өлім жазасына кесілді.
Оған елде жүргізілген ақша реформасы үшін айып тағылды. Бұл ре-форма өткен жылдың аяғында жүзеге асып, елде айтарлықтай қиындық тудырды. Оның халыққа қолайсыздық туды-ратыны жайында бұдан бұрын жазғанымыз да бар. Ол ең алдымен халықтың азық-түлік жөніндегі қажетін өтеп келе жатқан орташа кәсіпкерлерге қарсы бағытталғанын және соның салдары бүкіл халыққа жайсыз тиетінін айтқанбыз. Ол біздің сәуегейлігіміз де емес, бірден аңғарылатын жай еді. Көп уақыт өтпей-ақ, шын мәнінде солай болып шықты, казармалық тәртіп орныққан елде сол реформа жүзеге асқан кезде халық бұрынғыдан да күйзеле түсті.
Бұл реформаның мәні мынада еді. Билік бұл реформаны инфляцияның өсуіне, халық тұрмысының төмендеуіне қарсы шара деп түсіндірді. Реформа бойынша қолдағы ақша 100:1 курсымен деноминацияланды. Оның үстіне әр отбасына тек 140 доллар көлеміне сай ақшаны ғана айырбастай аласың. Одан артылғаны күйіп кетеді.
Бұл дегеніңіз жұрттың жылдар бойы азын-аулақ жиған-тергені күлге айналды деген сөз. Бар-жоғы 140 доллары бар отбасының кәсіпкерлікпен айналыспақ түгілі, шамалы уақыттың өзінде күн көруінің өзі мұң болмақ. Ал бұған дейін шамалы қаржысы бар кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен, оларды халыққа жеткізумен айналысып, содан белгілі мөлшерде пайда тауып келсе, енді оған мүмкіндік жоқ. Бұдан сол кәсіпкерлер пайдадан айрылып қана қоймайды, халық өзіне қажетті өнімнен айрылады.
Жан-жақты ойластырылмай жүргізілген реформаның зардабы ол жүзеге асырылған күннен-ақ көрінсе, алдағы уақытта күшейе түспек. Үш-төрт айлық мерзімде халық бұрынғы күнде жинақтаған қорымен күн көріп келсе, енді сол қор таусылған кезде онсыз да негізгі халқы ашқұрсақ күн кешіп келген елде азық-түлік жетіспеушілігі мықтап белең алатыны даусыз. Және оны қысқа мерзімде жоюдың да жолы белгісіз. Өз басшылығының жосықсыз әрекеттерінен жылдар бойы жапа шегіп келген солтүстіккореялықтар тағы да тағдыр талайына ұшырап отыр.
Елде ақшаны деноминациялау сауатсыз жүргізілгені даусыз десек, оған кінәлі ретінде жоспарлау комитетінің төрағасы Пак Нам Киді ұстап беру де ақылға сыймайтын жай. Бұл әсте де Пак Нам Кидің жеке өзі шешім қабылдауымен жүзеге асатын шаруа емес. Мұндай қадамға сауатты экономистің бармайтыны өз алдына, бұл шын мәнінде саяси авантюраға негізделген белден басқан шешім болғаны да даусыз. Және мұндай шешімді КХДР-де тек ел басшысы жасай алады. Ақша реформасы арқылы соңғы жылдары ел экономикасына ықпал ете бастаған орта тапқа мықтап соққы беру көзделсе, бұл жосықсыз шара бүкіл мемлекеттің қабырғасын солқылдатып кетті.
Әдетінше КХДР басшылығы халық қасіретін де өзінің саяси мүддесіне пайдаланып қалмақ. Олардың айтуынша, “тегі буржуазиялық” Пак Нам Киді жау “Солтүстік Кореяның ұлттық экономикасын құрту үшін ел ішіне кіргізген” көрінеді. Демек, бұл елдің басына түскен қиындық ел басшылығының қателігінен емес, жау жақтан келген. Сарапшылардың пікірінше, халық мұндай ақталуға сене қоймайтындай. Ақша реформасы үшін кімнің кінәлі екенін халық пайымдап отыр. Тіпті Пак Нам Ки айыпты болғанда, соны аңғармаған ел басшылығынан не үміт, не қайыр!
Әйтеуір қарапайым халыққа бұл елде аса қиын кезең туып отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП.