Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірнеше мәселе қаралды. Соның ішінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдардағы жағдайға назар аударылды. Ішкі істер министрі 1 аптада елімізде 104 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 39 адам қаза тауып, 158 адам түрлі жарақат алғанын айтты.
Қысқы жол қауіпсіздігі – төтенше мәселе
Өткен аптада полиция төтенше жағдайлар бөлімшелерімен және «Қазавтожол» ҰК» АҚ-мен бірге 11 облыста республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда көлік құралдарының қозғалысын шектеді. Жалпы ұзындығы шамамен 7,5 мың шақырым болатын республикалық маңызы бар жолдардың 57 учаскесі жабылды (7,272 км). Ең қиын жағдай Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында болды.
Ішкі істер органдары коммуналдық қызметтермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кептелістерді жою, жолдарды тазарту, инертті материалдарды себу, эвакуациялау және азаматтарға шұғыл көмек көрсету шараларын орындады. Шамамен 1 мың автомашина кептелісте қалған еді. Қар құрсауынан 120-дан астам автомашина мен 900-ден астам адам эвакуацияланып, адамдар жақын маңдағы елді мекендерде орналасқан жылыту пункттеріне орналастырылды. Өңірлерде жедел штабтар құрылды.
– Адамдарды құтқаруға ТЖК-нің 200-ден астам қызметкері мен 300 полиция қызметкері, 170 құтқару техникасы мен полиция машинасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінің арнайы техникалары тартылған. Қазір Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында күрделі жағдай сақталуда.
Осы жағдайға орай Үкімет басшысы Асқар Мамин жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды мәселе екенін атап өтті. «Таяу уақытта болжам бойынша боран болып, ауа температурасы төмендейді. Барлық қызметтер бұған дайын болуы керек» деді ол.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне жолдарда жылыту және тамақтандыру пункттерін ұйымдастыруға жәрдемдесуді тапсырды. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне және Қазавтожолға жолдарды қардан және мұздан тазартуға техниканы барынша тартуды тапсырамын. Ішкі істер министрлігінің мекемелері автотрассаларда кезекшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын жалғастырсын» деді Асқар Мамин.
Экологиялық айыппұл 10 есе өседі
Сондай-ақ Үкімет отырысында Экологиялық кодекстің жаңа редакциядағы жобасы қаралды.
Экологиялық кодекстің негізгі қағидаттары мен жаңашылдықтарын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев таныстырды. Кодекстің жобасы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін, сондай-ақ қазақстандық жұртшылық пен бизнестің пікірлерін ескере отырып әзірленді. Оның негізгі қағидасы – «ластаушы өзі төлейді және түзетеді».
2025 жылдан бастап «бірінші санаттағы» ірі нысандарға кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) қолданылады және қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған ең жақсы қолжетімді технологиялардың (ЕҚТ) тетігі енгізіледі. ЕҚТ-ға өткен компаниялар эмиссиялар үшін төлемнен босатылады, ал қалғандарына шығарындылар үшін төлем мөлшерлемелері 2028 жылдан бастап әр үш жыл сайын 2, 4, 8 есе болып біртіндеп өседі (2025 жылдан бастап топ-50 ірі кәсіпорын үшін). Жаңадан қосылған кәсіпорындар үшін КЭР алу міндетті саналады. Жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау шараларын 100% көлемінде түсетін экологиялық төлемдер есебінен қаржыландыруға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экологиялық тәртіп бұзушылық және шағымдар фактісі бойынша кәсіпорынды тексеру туралы алдын ала хабарландыру ережесі алынып тасталған, бұл өкілетті мемлекеттік органдарға қоршаған ортаға залалды тоқтатуға және шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге экологиялық құқық бұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар 10 есеге көбейеді.
Сонымен қатар Waste to Energy тетігі енгізілуде, яғни – жаңғырмалы энергия көздеріне ұқсас электр энергиясын өндіру арқылы қалдықтарды жағу. Бұл 2025 жылға қарай қалдықтардың көлемін 30%-ға дейін азайтуға және 180 млрд теңгеден астам сомаға инвестициялар тартуға жол ашады.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов өз кезегінде қордың Кодекс жобасын талқылауға белсене қатысқанын атап өтті.
Ол әлеуметтік маңызы бар, тиімділігі төмен кен орындарындағы өндірісті ынталандыру бойынша мемлекеттік қолдаудың пысықталып жатқан шараларына, сондай-ақ қолжетімді технологияларды енгізу кезінде электр энергетикасы саласындағы тарифтік саясатты өзгерту қажеттігіне назар аударды. «Бұл мәселелердің барлығын біз Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен жіті талқыладық. Біздің ортақ түсінігіміз бар. Жалпы, экологиялық кодекс жобасын біз қолдаймыз» деді ол.
БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якул Бериш Қазақстан климаты төмен көміртекті, тұрақты дамыту бағытында үлкен прогреске қол жеткізіп отырғанын атап өтті. «Жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу – маңызды халықаралық міндеттемелерді іске асыруға, табиғи ресурстарды орнықты пайдалануға негіз құруға және қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтатын шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл құжат Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес стратегиялық экологиялық бағалау жүйесін құруға негіз қалайтынына қуаныштымыз» деді ол.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту – Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың алдымызға қойған басым міндеттерінің бірі. Жыл сайын экологиялық қауіпсіздік мәселелері өзекті бола түсуде.
Бүгінгі таңда еліміздің полигондарында 120 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Оны азайту үшін өңірлердің әкімдеріне Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, қалдықтарды сұрыптау және энергетикалық кәдеге жарату нысандарын салуға жер телімдерін бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын» деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Париж келісімі аясындағы Қазақстан міндеттемелерін іске асыру мақсатында Төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеу кезінде жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізудің бірыңғай тәсілдері мен тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
«Қарапайым заттар экономикасы»
Сонымен қатар Үкімет отырысында «қарапайым заттар экономикасы» салаларын, жергілікті қамтуды және импортты алмастыруды дамыту мәселесі қаралды. «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов баяндамасында биылғы жылдың 20 желтоқсанындағы жағдай бойынша «қарапайым заттар экономикасы» салаларын жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында 206 млрд теңгеге 830 жоба мақұлданғанын мәлімдеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласында – 172 жоба, АӨК қайта өңдеу бойынша – 79 жоба, АӨК-тегі өндіріс бойынша 579 жоба бар. Қазіргі жағдай бойынша 707 жоба кеңейтуге және жаңғыртуға, 123 жоба жаңа кәсіпорындарға несие алды. Екінші деңгейлі банктерде 212 млрд теңге сомасына жобалар қаралып жатыр. Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын жетілдіру мақсатында Үкіметтің жобалық кеңсесі инвестициялық мақсаттарға несие мерзімін 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартуды ұсынды.
Сонымен бірге несиелендіруге арналған тауарлардың тізімін кеңейту, несиенің мақсатына байланысты (жұмыс орнын, өндіріс көлемін, салықтық түсімдерді, кірістердің өсуін ұлғайту) бизнеске ыңғайлы міндеттемелерді белгілеу, тамақ өнеркәсібі саласында айналымдағы қаражатты 100%-ға дейін толықтыруға несие беру, туризм саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін ҚДБ бағдарламасына қатысу мәселелері қарастырылуда.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы «қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ерекше бақылауына алынғанын атап өтіп, ішкі нарықты отандық тауарлармен барынша толықтыру үшін жергілікті өндірушілердің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жұмысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін айтты. «Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында әлеуетті кәсіпкерлерді іздестіру және олардың жобалары толық іске асырылғанша сүйемелдеу бойынша өңірлердің белсенді жұмыс істеуі тиіс екенін ескертті.
А.Мамин мақұлданған жобалар бойынша ең жақсы көрсеткіштерге ие өңірлерді атап өтті, олар – Батыс Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары. Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау және Қостанай облыстары артта қалған өңірлер ретінде аталды.
Премьер-Министр мемлекеттік сатып алу бойынша ДСҰ келісіміне кіру процесіне жауапкершілікпен қарауды, сатып алуларға талдау жүргізуді және отандық тауар өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.