Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» наурыз айының 23-інде жарық көрген осы газет тілшісі Гүлайым Шынтемірқызының «Қырымның қырық батыры жырының «Манастан» несі кем?» атты мақаласын оқыған кезімде Қазақстанның Еңбек Ері, ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік», деген ғибратты сөзі ойға орала кеткен еді. Бұл тұрғыдан қарағанда, еліміз Тәуелсіздік алған жылдар ішінде облысымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылған істер ауыз толтырып айтарлықтай-ақ бар. Солардың қатарында Жоңғар соғысының батырлары Шотан, Шоғы, Атағозы батырларға, еліміздің батыс өңірлерін жаудан қорғауға сүбелі үлес қосқан Рысалы батырға, елді жаудан қорғаумен бірге аштықтан құтқаруда ерлікпен қаза тапқан батыр қыз Қаламқас аруға, «Маңғыстау көтерілісінің» басшылары Иса мен Досан батырларға, жыр дүлдүлі Қашаған Күржіманұлына, күй алыбы Құрманғазы Сағырбайұлына, басқа да батырлар мен билерге, халыққа пайдасы тиген байлық иелері – сахиларға арналып ескерткіштер салынып, биік күмбездер тұрғызылуы, ағартушылық қызметпен айналысқан көптеген ардагерлердің есімдерінің көшелерге, мектептерге берілуі бір жағынан сол асылдардың рухына тағзым ету болса, екінші жағынан жас ұрпақты бабалар, аға ұрпақ үлгісімен барлық жан-тәнімен Отанын сүюге тәрбиелеу болмақ.
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» наурыз айының 23-інде жарық көрген осы газет тілшісі Гүлайым Шынтемірқызының «Қырымның қырық батыры жырының «Манастан» несі кем?» атты мақаласын оқыған кезімде Қазақстанның Еңбек Ері, ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау – өз ырысын өзі тепкендік, өз тілеуін өзі кескендік», деген ғибратты сөзі ойға орала кеткен еді. Бұл тұрғыдан қарағанда, еліміз Тәуелсіздік алған жылдар ішінде облысымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында атқарылған істер ауыз толтырып айтарлықтай-ақ бар. Солардың қатарында Жоңғар соғысының батырлары Шотан, Шоғы, Атағозы батырларға, еліміздің батыс өңірлерін жаудан қорғауға сүбелі үлес қосқан Рысалы батырға, елді жаудан қорғаумен бірге аштықтан құтқаруда ерлікпен қаза тапқан батыр қыз Қаламқас аруға, «Маңғыстау көтерілісінің» басшылары Иса мен Досан батырларға, жыр дүлдүлі Қашаған Күржіманұлына, күй алыбы Құрманғазы Сағырбайұлына, басқа да батырлар мен билерге, халыққа пайдасы тиген байлық иелері – сахиларға арналып ескерткіштер салынып, биік күмбездер тұрғызылуы, ағартушылық қызметпен айналысқан көптеген ардагерлердің есімдерінің көшелерге, мектептерге берілуі бір жағынан сол асылдардың рухына тағзым ету болса, екінші жағынан жас ұрпақты бабалар, аға ұрпақ үлгісімен барлық жан-тәнімен Отанын сүюге тәрбиелеу болмақ.
Мақала авторы Мұрын жырау туралы, оның Жаратушы Құдірет берген таңғаларлық талантын қалың жұртшылыққа танытуда облысымызда бірқатар жұмыстар жасалғанын, 2009 жылы Мұрын жырау Сеңгірбекұлының туғанына 150 жыл толу мерекесі аталып өтіп, Ақтау қаласында республикалық дәрежеде ғылыми-теориялық конференцияның өткізілгенін айта отырып, айтулы жырауды ұлықтау, мақтан тұту жайының әлі де жеткіліксіз болып отырғанын сөз еткен.
Осы конференцияға біздің де қатысуымыздың сәті түскен еді. Сонда өз еліміздің ғалымдарымен бірге шет елдерден – Иран, Түркіменстан, Өзбекстаннан келген оқымыстылар ұлы жыраудың ерекше қасиетіне кеңінен тоқталып, оның өмірі, теңдесі жоқ жыраулық өнері жөнінде бүкіл әлем халқы білуі керек деген пікірлер айтқан болатын. Сондай-ақ, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы төралқа төрағасының орынбасары Қ.Сәтбаев пен КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Н.Сауранбаев екеуі ҚКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа екінші дүниежүзілік соғыс өрті қаулап тұрған 1942 жылдың өзінде арнайы хат жазып, Мұрын жыраудың жырларын стенографияға түсіріп алуды іске асырғандары да айтылған және Мұрын жырау Сеңгірбекұлына арналған еск ерткіш пен мұражайдың көңіл ашпайтындығы жөнінде де сөз болған еді. Содан бері де үш-төрт жылдың жүзі болғанына қарамастан, осы кезге дейін мардымды шаралардың алынбай отырғаны жасырын емес. Осыған байланысты Мұрын жырау, оның адамда өте сирек кездесетін қасиет иесі болғанын айта отырып, ендігі жерде іске асырылуға тиісті шаралар туралы пікірімізді де ортаға салуды жөн көрдік.
Қазақ халқының ұлы алыптарының бірі Ахмет Байтұрсынов: «Атадан балаға екі байлық қалады, бірі байтақ жер, екіншісі байтақ тіл», деген болса, Мұрын жырау сол тіл байлығын еркін меңгерген кісі. Тек сондықтан да ол ұшан-теңіз оқиғалы, сан қырлы айшықты тілді шығарма – «Қырымның 40 батырын»: қаһарлы – жеңген батырлардың, бағынышты – жеңілгендердің әртүрлі көңіл-күйлерін өз толғау-әуенімен нақышына келтіре он екі ай бойы талмай жырлап ұрпаққа толықтай жеткізіп бере алған бүтін қазақ халқында, тіпті әлемде десек те артық емес, жалғыз-ақ адам.
Мұрын жыраудың кісі таңғаларлық қабілетінің, айту шеберлігінің арқасында «Қырымның 40 батырындағы» алғашқы ала тайлы Аңшыбай батырдан бастап, Қарақыпшақ Қобыланды батырмен аяқталатын жырда 40 батырдың аттары толық аталып, олардың әрқайсысының іс-әрекеттері тыңдаушыларға әсерлі де тартымды жеткізіліп отырады.
Мұрын жыраудың талас туғызбайтын мәңгі биік орны, айрықша ерекшелігі – оның Сыпыра жыраудан бастап, басқа да ақын-жыраулар жырлаған бөлек-бөлек батырлар жырларын бір ізге түсіріп жадында сақтап, бүтін дүние етіп халыққа жеткізуінде. Батыстың айтулы жыраулары мен жыршылары Қырымның қырық батыры – ноғайлы жырлары туралы топтама жырлардың негізін салушы өмірінің алғашқы кездерінде Маңғыстауда болып, кейіннен ханның шақыруымен Сарайшыққа ауысқан Сыпыра жырау екендігін айтып кеткен. Ал араб саяхатшысы ибн Батута XIV ғасырда Каспий теңізінің шығыс бетіне жасаған саяхаты кезінде Сарайшықта бір ғұлама жырауды көрдім деген болса, Ә.Марғұлан бұл – Сыпыра жырау болуы керек деп жазған.
Мұрын жырау Сеңгірбекұлының зердесінде толық сақталған осы дүниені алып қалуға күш жұмсаған Қ.Сәтбаев, Н.Сауранбаев, ақын М.Хакімжанованың, кейіннен терең талдау жасаған ғалымдар Ә.Марғұлан мен Қ.Сыдиықовтың еңбектері олардың халқымыздың ұлттық өнерінің сақталуына, Мұрын жыраудың осыншама ұзақ жырды тыңдағандарды таңғалдырмай қоймайтын дара қабілетіне айрықша баға беріп, алып жырдың жоғалып кетпеуіне қамқоршы болған тұлғалар екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр.
Мұрын жырауды қазақтын Гомері деп келеміз. Осы жерде сөз орайына қарай бір жайды айта кеткім келеді. Дұрысына келсек, қай заманда да әрбір данышпан, ғұлама, айрықша қабілет иесі, айтулы ақын, жазушы, тағы басқа саңлақтар табиғат берген қабілетімен халықтың есінде сақталатын жеке-дара тұлғалар. Олай болса, олардың бірін бірінші, бірін екінші деп санамалаудың, немесе, қайсыбір дарынды тұлғамызды мадақтау, оның рухани өмірдегі алатын орнын, кісілік келбетін халыққа жеткізу кезінде қалайда одан бұрын өткен дарын иесімен шендестіріп, сонымен қатар тұратын, не содан кейінгі сондай талант, міне, осы кісі деп отырудың неге қажеттігі бар деп ойлаймыз.
Сол әлемге әйгілі Гомерден (ол қазір белгілі жазушы Әнес Сарайдың зерттеулері бойынша протүрік текті Ғұмар деп те айтылып жүр) Мұрын жыраудың айырмашылығы, тіпті артықшылығы мынау дер едім: Гомер өз шығармаларын өзінен бұрынғы аңыздар ізімен жаратылыс берген ақындық қабілетінің арқасында поэмалар түрінде жазып қалдырса, Мұрын жырау көлемі жағынан «Илиада» мен «Одиссеядан», Шығыстың ұлы туындысы «Мың бір түннен» де анағұрлым көп, қырғыздың «Манасынан» екі есе артық «Қырымның 40 батырын» толықтай жадында сақтап, біртұтас эпопеялық шығарма деңгейіне жеткізді. Демек, ол Жаратушы Құдірет берген жаттау қабілеті бар әлемде жалғыз-ақ адам деуге болатын тұлға. Олай болса, осылай екенін бүкіл әлем білуі үшін, біріншіден, оның келесі мерейтойларын халықаралық деңгейде – ЮНЕСКО қамқорлығы аясында өткізуіміз қажет.
Біздер, менің замандастарым, «Қырымның 40 батырындағы» үздік-үздік жырларды оқыдық, қайсыбір үзінділерін жаттап та алдық. Ал осы кездегі жастар біле ме, күмәнім бар. Бұған қазіргі кездегі жыршыларымыздың бұрынғы өткен ақын-жыраулардың шығармаларын әдемілеп айта алса да, біз сөз етіп отырған «Қырымның 40 батырындағы» жырлар туралы көп біле бермейтіндігі дәлел. Сондықтан, екіншіден, 2005 жылы «Арыс» баспасынан бар болғаны 2000 дана болып басылып шыққан бұл шығарманы көп тиражбен шығару, болашақ ұрпақ үшін мектептерде оқыту керек деп білеміз.
Үшіншіден, ең бастысы, Форт-Шевченко қаласынан әдейі аумақты жер бөліп, онда кеңейтілген мұражай салумен қатар, Қырымның 40 батырын бейнелейтін скульптуралық ансамбль салып (әр батырдың ұлтын, киім кию, қару асыну салттарын сақтай отыра), ортасында домбырасын қолға алып батырлар жырын толғап отырған Мұрын жыраудың тұлғалы ескерткішін салу керек деген ұсыныс-пікір айтамыз (ынтамен тыңдап отырған халықтың көрінісін беру суретшілердің қолынан келеді және Жырау, батырлар бейнелері, халықтың көрінісі – бәрі де тозбайтын материалдан жасалуы қажеттігі түсінікті жәйт).
Біз бұл ұсыныс-пікірлерімізді бұдан бұрын тиісті қалалық, облыстық билік орындарының алдына арнайы хат арқылы қойып, мақұлдаған жауап та алған едік. Алайда арада екі жылдай мерзім өтсе де бұл мәселенің шешімін табу жайының кешеуілдеп келе жатқаны жасырын емес.
Уақыт тез өтеді емес пе, Мұрын жыраудың 155 жылдық мерейтойы да бұрынғы дағды бойынша келесі жылы өтуге тиіс. Осыған байланысты мына бір жайды да еске салып өткім келеді. Мұрын жыраудың өз қолымен КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының төралқасына 1949 жылы жіберген хатында 1860 жылдың 15 қаңтарында тудым деп көрсетілген. Ал Форт-Шевченко қаласының Сислам ата қауымындағы құлпытаста Мұрын жырау Сеңгірбекұлы 1860 жылы туып, 1954 жылы өмірден озды деп жазылған. Біз осы мәліметтерді негізге алып, Мұрын жыраудың 155 жылдығын 2015 жылы өткізген дұрыс деп есептейміз.
Мұрын жыраудың есімін әлемге аян етуге бағытталған, болашақ ұрпақ тәрбиесінде айрықша орын алатын, шетел туристерін сөзсіз қызықтыра түсетін осы аумағы мен көрнекілігі аса күрделі скульптуралық ансамбль-ескерткішті, мұражайды салу Жыраудың 155 жылдығын атап өтуге дейін қалған мерзімде (жоғарыда келтірілген біздің ұсынысымыз бойынша) іске асқан жағдайда Гүлайым Шынтемірқызы жазған: «Біздің айтпағымыз – әлем алдында қазақтың мақтанышына айнала алатын ұланғайыр жырдың, оның айтушысы, айрықша талант иесі Мұрын Сеңгірбекұлының әлі күнге елеусіз қалып келе жатқандығы» деген өкінішінің орны толар еді деп білеміз.
Дүйсембі ӘРІПҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері,
Маңғыстау облысының құрметті азаматы.