«Сатира құрдымға кетті!..» сияқты сөздер мен Үмбетбай Уайдин айтпақшы, сатираға тұтқиылдан шабуылдаушылардан шаршаған мезгіл. Жас тілшілер де: «Сатира өмір көшінен неге кешігіп жатыр?», дейді.
Жуырда жағымды жаңалық жетті. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ақ ордасы саналатын Алматы шаһарындағы «Нұрлы әлем» баспасынан – Маңғыстау журналистикасының белгілі өкілі, қазақ сатирасының сарбазы, «Егемен Қазақстан» газетінің Балғабек Қыдырбекұлы атындағы республикалық сықақшылар байқауының лауреаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы – Әзірбайжан Қонарбаевтың «Күлкі базар» атты сатиралық жинағы жарық көрді.
Анау-мынау емес – 500 беттік кітапқа сайыпқыран сатириктің соңғы жылдары жазылған түйнек-түйнек сатиралары, шындыққа толы шымшымалары, зілдей болған әзілдері мен фельетондары, юморлық өлеңдері мен қалжыңбас әңгімелері жинақталған.
Ақынның бұдан басқа 60-тан астам шежірелік, тарихи-танымдық, әдеби сатиралық кітаптары жарық көрген. Әзекеңнің елге танымал осы күнге дейін жарық көрген «Түрлі-түрлі тәнтанай», «Ойбай ғана құдай-ай», «Жаймабазар» кітаптары көптің көңілінен шығып, дүйім халықты күлкіге батырған еді. Енді, міне сондай оғы алысқа тиетін қалжың қалтаға, әжуа мен әзілге, қисық сөз бен қыңыр сөзге толы сықақ дүниелері оқырманға тағы да жол тартты.
Қазақ – қалжыңқой халық. Күллі әлемнің күлкісін оқимыз да, өз күлкімізді әлемге паш ете алмайтынымыз қынжылтады. Сондықтан қазақ сатирасына тағы да бір сүбелі еңбектің келуі – бүгінгі қазақ сатирасының болашағы жарқын екендігінің айқын дәлелі болмақ. Қазақ күлкісінің королі Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышұлының ақ батасын алып, «Сатира» атты аралға мәңгілік тұрақтаған Әзекеңнің әлемі әлі талай жұртты таңғалдырып, таңдай қақтыратыны сөзсіз.
Аралбай МАҚАН
Маңғыстау облысы