• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Наурыз, 2010

ҰСАҚ-ТҮЙЕК ПЕ? ЖОҚ, ҮЛКЕН САЯСАТ

814 рет
көрсетілді

Қазақстанға енгізілетін шетелдік тауарларда олардың сапасы, құра­мы, қолдану мерзімі, пайдасы, т.с.с. тізіліп, мемлекеттік тілде ақпарат­тар жазылған жапсырмалардың (этикеткалар) болуы Тіл туралы заңда арнайы қарастырылған (21-бап). Ал заңда қарастырылған талап өркениетті елде сөзсіз орындалуы тиіс. Қазақстан азаматы ретінде дұрыс жазылған сондай жапсырма­ларды көргенде көңілің марқайып, риза болып қаласың. Отансүйгіштік те осындай ұсақ нәрседен баста­лады емес пе? Ал қазақ тіліндегі жазудан біреу­дің шала сауатты, дүмбілез аудармаларын көргенде қарның ашып, көңілің құлазитыны тағы рас. Яғни, ондайда қайран тілді қор қылған “аудармашыға” да, ұлттық сезіміңді аяқасты еткен тауар өнді­рушіге де, сондайға бақылау жасау­ға тиісті болса да мән бермейтін шенеунікке де өкпең қара қазандай болып, қорланасың. Көпшілігіміз онда тұрған не бар дегендей, көңіл аудара бермейміз, бірақ бар нәрсені осындай немқұ­райды көзқарас жоққа шығарып жататынын түсінетін уақыт жеткені анық. Парламент Мәжілісінің депута­ты Ирак Илекеев – патриоттық сезімі жалындаған, намысы қайна­ған қазақтың бірі. Ол ұлттық дүниелерді айтқанда, қазақстандық мүдделерді қорғағанда үнемі жаны күйіп, шын жүрегінен ақтарылып жатады. Мәселен, Мәжілістің 4 нау­рыз күнгі жалпы отырысында ол бұрынғы Мәдениет және ақ­парат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке сауал жолдап, Қазақ­станға Кения шайын жеткізетін Алматыдағы “Симба” фирмасының тауар атауын мемлекеттік тілге аударған нұсқасы мүлде қате екенін жеткізді. “Кенияның қара шайы” деген сөз “Қара Кенияның шайы” деп аударылыпты. Бұл қазақ тіліндегі нұсқаның дұрыстығын ғана емес, білдей бір мемлекеттің атауын да бұзып тұрған өрескел қателік екенін депутат баса көрсетті және осы мысалмен аудармалардың жаңсақтығына жіті бақылау жасау қажеттігін ескертті. Жуырда сол сауалға жауап келіп, “Симба” фирмасының өз қателігін мойындап, мұндайдың қайталанбайтындығы жөнінде уәде бергені жеткізілді. Сонымен бірге, М.Құл-Мұхаммед Алматы қаласы­ның тіл басқармасына хат жолда­нып, кінәлілерді анықтап, шара қолдану тапсырылғанын айтыпты. Бұл, әрине, дұрыс үдеріс. Бірақ осындай фактілердің көп екендігі ескеріліп, барлық облыстардың тіл бас­қармаларына да осындай қате­ліктерге жол бермей, сақтықпен қарау қажеттігі айтылған нұсқау берілсе тіптен құба-құп болар еді. Әрине, тіл басқармасындағылардың жұмысы да аз емес шығар, бірақ осындайларды көріп түзету, тү­зел­мей жатса заңды шаралар қолдану керектігін көтеретін сол қызмет болған соң айтып жатырмыз. Тіл талаптарын қатаң сақтау, сайып келгенде, үлкен саясат. Ол аяқасты етілмеуі тиіс. Әзірлеген Жақсыбай САМРАТ.