• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Хоккей 09 Қаңтар, 2020

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Нефтехимикті» ойсырата ұтты

221 рет
көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» кезекті тур ойынын Нижнекамскіде жергілікті «Нефтехимикке» қарсы өткізді.  

Бірінші кезеңде есеп ашылмағанымен, қызықтың бәрі содан кейін басталды. Айналдырған 10 минут аралығында «Нефтехим Аренаға» жиналған көрермендер торда тулаған төрт бірдей шайбаның куәсі болды. Атап айтсақ, 31-минутта Даррен Диц қонақтарды алға шығарса, 35-минутта Арсен Хисамутдинов таразы басын теңестірді.

Бұл жағдай «Барыстың» хоккейшілерін қанағаттандырмады. Керісінше, намысын қамшылай түсті. 35 және 37-минуттарда Аркадий Шестаков пен Атте Охтамаа қатарынан екі гол соқты.

Үшінші кезең де қазақстандық команданың басымдығымен өтті. 42-минутта Корбан Найт булитті сәтті орындаса, 51-минутта Никита Михайлис матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 1:5. 

Бұл күнге дейін 45 ойын өткізіп, 59 ұпай жиған «Барыс» тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде жетінші орынды иеленуде. Ал Шығыс конференциясында олар үшінші сатыға жайғасты.