Оны енгізу нормасы өзгертілуі тиіс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында “Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті аргоөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі өте төмен және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллардан келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды. Ауыл үшін өсу перспективасы, міне, осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру”, – дей келе, агроөнеркәсіптің экономикамызда алатын орны ерекше екендігін атап көрсетті.
Оңтүстік Қазақстан – жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуға және өсіруге ең қолайлы аймақтардың бірі.
Ел Үкіметінің 2010 жылғы 15 ақпандағы №91 қаулысымен бекітілген “Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызу мен өсіруді қамтамасыз етуге 2010 жылғы республикалық бюджеттен бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану” ережесіне сәйкес жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуға және өсіруге арналған шығындардың нормалары және төленетін субсидия көлемі бекітілген.
Алайда бүгінгі таңда жеміс-жидек дақылдары мен көпжылдық екпелерін отырғызу Оңтүстік Қазақстан облысының агроқұрылымдарына (шаруашылықтарына) көп қиыншылық туғызуда. Өйткені, қойылатын талаптарға сәйкес егу алаңы кемінде 5 гектар, ал оны өсіру әдісі тамшылатып суару жүйесі болуы тиіс. Сонымен қатар, тіреуіш бағаналарды орнатып, жеміс-жидек дақылдарының көп жылдық екпелері аласа бойлы телітушілермен отырғызылған жағдайда – бірінші отырғызылған жылы, жүзімнің көп жылдық екпелерін өсірген жағдайда – екінші жылы отырғызылуы қажет және т.б. шектеулер қойылуда.
2010 жылға жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуды және өсіруді қамтамасыз етуге арналған бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен Оңтүстік Қазақстан облысына 1 417,8 млн. теңге қаралған, бұл сома бүкіл республикаға бөлінген қаражаттың 68 пайызын құрайды.
Бүгінгі таңда, бөлінген қаражаттың игерілмей қалу қаупі туып отыр. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-жидек дақылдарын және жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызумен айналысатын аудан аумағындағы агроқұрылымдардың 90 пайызға жуығының жер көлемі 5 гектарға жетпейді. Бұл агроқұрылымдарды бір мезетте ірілендірудің мүмкіндігі жоқ.
Сондай-ақ, 1 гектар жерге жеміс-жидек дақылдары мен көпжылдық екпелерін отырғызып, алғашқы жемісін алғанға дейін кемінде орта есеппен 3 442 000 теңге қажет, ал 5 гектар жерге 17 210 000, яғни 5 есе артық қаржы қажет, ал мұндай қаржы ауылдағы кәсіпкерлерде жоқ, несие алу тетігі де қиындық туғызуда.
Әрине, қазіргі қаржы дағдарысымен күрес кезінде ауыл шаруашылығын жандандыру үлкен мәселе. Сондықтан Үкімет республика бойынша осы ауыл шаруашылығы саласына республикалық бюджеттен субсидия қаржысының игерілмей қалу қаупін болдырмау мақсатында ережелерде көрсетілген шектеуліктерді азайтуы, яғни жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызу үшін кемінде 1 гектар жер бөлуі және міндетті түрде тамшылатып суару тәсілін енгізу нормасын өзгертуі тиіс.
Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.