Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бастау алған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдегі оқу орындарында білім алып жатқан жастардың жартысына жуығы ғана жерсініп қалуда. Жалпыұлттық, қоғамдық жобадағы жақсы ниеттің жүзеге асуына не кедергі?!
Бірден айта кетелік, солтүстік өңірде білім алып, белгілі бір мамандықты меңгеріп, кемелденген жастардың солтүстік өңірді жерсінбей, туған өлкелеріне кетуіне алдымен жергілікті жердегі жұмыс беріп отырған ұжымдардағы жалақының аздығы себеп. Екіншіден, пәтер мәселесі. Үшіншіден, бәлкім ең бастысы, жастардың күш-қуатына, білімі мен білігіне сусап отырған ауылдардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жетімсіздігі.
– Жастар еңбек еткісі келеді-ақ, бірақ көптеген ауылда не клуб, не кітапхана жоқ. Жол қатынасы мүлде қиын. Көңіл көтеретін орын болмаған соң, жас көңіл жайлы жер іздеп елегізи береді, – дейді осы бағдарлама арқылы білім алып, еңбекке білек сыбанып кіріскен Қабдуәли Сыбанбай. – Мәселен, менің көптеген құрбым Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына жұмысқа орналасып көрді. Шынын айту керек, жұмыс дегеннің өзінде бар болғаны науқандық жұмыс қана. Қазір механизаторлар серіктестіктерге көктемгі егіс және күзгі орақ кезінде ғана қажет. Толымды табыс табатын шақ осы маусымдық жұмыс кезі. Қалған уақытта қол қусырып қарап отырасың. Бұл жерден бездіріп тұрған да тұрақты табыстың болмауы.
Демек, осы арада ауыл шаруашылығы құрылымдарына егін егумен қатар, төрт түлік мал өсіруді міндеттеу қажеттігі туындайды. Қазір көптеген серіктестік жердің игілігін көргенімен, сол жерде түтін түтетіп жатқан ауыл тұрғындарына тигізіп отырған шарапаты аз. Таза егін шаруашылығымен айналысу серіктестік үшін қолайлы болғанымен, екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл тұрғындарына тиімсіз. Егер екі сала қатар дамыса, халыққа жұмыс болар еді, жер де бос жатпас еді. Назардан тыс қалып келе жатқан осы мәселе «Серпіннің» түлектерінің түбегейлі орналасып қалуына да теріс әсер етіп отыр.
Шынтуайтында, «Серпін» бағдарламасы жастар үшін өте қолайлы бастама. Оңтүстік өңірлерден келген жас толқын тегін білім алады, оларға ай сайын шәкіртақы төленеді. Жатақхана тегін. Әлеуметтік жағдайы төмен немесе көп балалы отбасынан шыққан білім алушылар асханада тегін тамақтанады.
– Облыстағы жеті колледжде 370 студент оқуда, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Кенжебай Бекбай. – Жаңа оқу жылында 120-дан астам талапкер қабылданды. Негізі, ынта бар. Тек осы жастар мамандық алып шыққаннан кейін түбегейлі орнығып қалу жайын қарастыру керек. Өткен жылы 42 түлек оқу орнын аяқтады. Оның 6-уы жоғары оқу орнына түсті. 17 талапкер ғана облыстағы әртүрлі ұжымдарда еңбек етіп жүр.
Бағдарлама бойынша білім алушылардың көбірек шоғырланған жері Шағалалы ауылындағы жоғарғы агротехникалық колледжі. Мұнда 2014 жылдан бері 380 бала әртүрлі мамандық бойынша білім алған. Жалпақ тілмен айтқанда, ауыл үшін қасқалдақтың қанында қат мамандықтар. Осы жастар өңірге тың серпін, соны леп беріп іске кірісіп кетсе, шалғайдағы жүдеу көңіл шағын ауылдардың шырайы кіріп-ақ қалар еді. Еңбек етемін деген адамға солтүстікте мол мүмкіндік бар. Тамылжыған табиғатын тәптіштеп айтпағанның өзінде, ақық дән егуге, ақтылы мал өсіруге жер жетеді. Сулы, нулы жердің игерілмей бос жатқанын көргенде, шіркін-ай, туған өлкені түлететін тегеурінді бір күш болар ма екен деп дәмеленесің. Сол күш осы «Серпін» бағдарламасы. Кейбір елді мекендердің тұрғындары азайып, жұмыс күші сарқылып жатқаны да шындық. «Жас келсе іске» дегендей, бағдарлама арқылы келіп білім алып, елге ел болып қосылып жатқан жастардың тегеуріні арқылы өлкенің алпыс екі тамырына қан жүгіртер ме екен деген үміт күшті.
Шағалалы колледжін 109 түлек аяқтап шықса, оның 70-і жұмысқа орналасқан екен. Өзге колледж түлектерімен салыстырып қарағанда, біршама тәуір көрсеткіш. Қазір аталмыш оқу орнында 199 жас білім алып жатыр. Күні ертең олар да жеке кәсіп ашып, өз істерін дөңгелетсе, ел бесігі – ауылдың гүлденері сөзсіз.
– Шағалалы жоғарғы агротехникалық колледжін аяқтағаннан кейін осында жұмысқа орналастым. Енді «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасынан үміткермін. Қызылорда облысындағы ата-анамды көшіріп алдым. Екі жылдың ішінде жерсініп қалды. Мемлекеттің тарапынан бізге мол мүмкіндік жасалып отыр. Осыны пайдалануымыз керек. Егер жастар білім алған соң туған өлкесіне қайтып кететін болса, игі іске бөлінген қыруар қаржы ысырап болмай ма? Бұл ең алдымен мемлекеттік мәселе, – дейді бағдарлама түлегі Байжігіт Боранбай.
Аймақта жұмыс күші тапшы екені белгілі. Демек, белгілі бір кәсіпке ие болған жастарды жұмысқа орналастырудың жайын қарастыру керек. Бұл арада техникалық және кәсіптік білім берудің, қарапайым жұмысшы адамның беделін арттыру мәселесін мықтап қолға алған жөн. Сондай-ақ жоғарыда айтып өткеніміздей, елді мекендердегі тұрмыс деңгейін арттыру да жастардың ірге теуіп қалуына себепші. Сайып келгенде бір-бірімен сабақтасып жатқан дүние. Ал жалынды жастардың өңірдің өңін кіргізуге тигізер шарапаты туралы жалғыз ауыз сөз сабақтасақ, ойымызға оралар бағыт мынау. Жобаға қатысу мүмкіндігіне ие Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысының түлектері біздің өңірдегі шалажансар тіліміздің тірілуінде түрткі болар еді. Оның арғы жағында тыңның эпицентрі атанған өлкені қазақыландыру деген сойылдай мәселе тұр.
Демек, «Серпіннің» серпінін сезіну үшін «Күте алмаса маған серт, кетіп қалсаң саған серт!» дейтіндей әлеуметтік-тұрмыстық жағдай керек-ау, сірә.
Ақмола облысы