Ұлттық тестілеу орталығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу кезінде арнайы мониторингтік топтарды жұмылдыру туралы бастама жасады.
Бұл бастама негізінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің ашықтығы мен объективтілігіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалаудың арнайы мониторингтік тобының өкілдері жұмылдырылады.
2020 жылы 13 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ұлттық тестілеу орталығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және өңірлердегі арнайы мониторингтік топ өкілдерінің қатысуымен мәжіліс өткізілді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, 2020 жылы 16-20 қаңтар аралығында 99 ҰБТ пункті базасында ҰБТ өткізіледі.
Жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі (қаңтар, наурыз, маусым, тамыз). Бұл ретте оқуға түсушілер білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет. Жалпы, ҰБТ-ны тапсыру форматы өзгеріссіз. Бұл норма жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында енгізілді.
ҰБТ-ға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 2019 жылы 1-15 желтоқсан аралығында бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, ҰБТ-ға қатысуға 95 мыңнан аса адам өтініш берді.
Осы ҰБТ-ға орта мектептердің 11 (12-сынып оқушылары, бірінші академиялық оқу кезеңін аяқтағанға дейін (шартты түрде қабылдау) ЖОО-ға қабылданған тұлғалар, сондай-ақ шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобында оқитын және басқасына ауысуға ниет білдірген студенттер қатысады.
ҰБТ өткізу үшін жергілікті жерлерде 594 адамнан тұратын ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік комиссиялар құрылды.ҰБТ-да 820 аудитория пайдаланылатын болады. Барлық аудиториялар ұялы байланыс құралдарының жұмысын басқыштар және бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген.