Заманның қалпына бейімделе алмай, қырдағы малы мен жұпыны тіршілігін қанағат етіп, ілім-білім жолында ізденіп, өркениетке ұмтылудың орнына, мансап пен мақтан қуып, ру-руға бөлініп, қырық пышақ болып дау қуған бұрынғы қазақтың кертартпа мінезін данышпан Абай сөз күшімен сынап, намысын оятып, жігерін жанып, жөн жолға салуды мақсат тұтты. Ол заман өтті. Қазіргі заман да, адам да, қоғам да басқа.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бірнеше қайтара оқып шықтым. Абай мұратының бүгінгі қоғам үшін әлі де маңызды, әлі де өзекті екендігіне көзім жетті. Өзім еңбек адамымын. Жатыпішер жалқаулыққа жаным қас. Сондықтан Абайдың еңбек хақындағы өміршең ойларын жиі қайталап оқып отырамын. Президенттің: «Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек» деген сөзінің астарында үлкен мәселе жатыр.
Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» дейтін тағы бір сөзі бар. Қазір қазақтың көбі бір адамдай-ақ бейнеттеніп жатыр, бірақ қолы дәулетке жетер емес. Егер құр бейнетпен дәулетке жету мүмкін болмаса, онда не амал ету керек? Данышпан Абай бұған: «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп жауап береді. Демек қазіргі қазақ жастары жаңа заманның сұранысына сай келетін қол өнерін, техника мен жаңа технология тілін игеруі керек. Игеріп қана қоймай, соның жілігін шағып, майын ішетіндей кәсіби шеберліктің шыңына ұмтылуы тиіс. Сонда ғана ол қалада табан тоздырып, жұмыс іздеп, ананың басын бір, мынаның басын бір шалып, болмашы пұлға терін сатпайды. Керісінше, жоғары еңбекақысы бар лайықты жұмыс оның өзін іздеп табатын болады. Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» дегені осы. Бүгінгі бейнет сапалы білім алудан басталып, белгілі бір кәсіптің нағыз шебері болғанға дейін жалғасады. Ал оны үнемі жетілдіріп, ұқсата білген адам – дәулетті адам. Дәулетті адам дегенді көбі ақшалы адам дегенмен шатастырады. Тіпті де олай емес. Дәулетті адам – білімі білігіне сай, заманауи өнердің қыр-сырын жетік меңгерген, нарықта жоғары сұранысқа ие адам.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде орынды көтеріп отырған игі бастамаларды Қостанай жұртшылығы да қолдайды деп сенемін. Енді Абай мұрасындағы бүгінгі қоғам игілігіне жарарлық жаһұтты тағы бір сүзіп алып, ел ішіне белсенді насихаттап, оның пайдасын халыққа түсіндіріп, жеткізу парыз. Бұған ел тізгінін ұстап отырған басшылар да, қарапайым халық та алаулатып, жалаулатып, ұрандатпай, әріден пішіп, терең түйсініп, салмақты қарағаны ләзім. Билік пен бұқараның көздегені бір жерден шыққан кезде ғана береке-дәулет еселеніп, ел көркеймек.
Сайран БҰҚАНОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері
Қостанай облысы,
Қарқын ауылы