Жыржыс қажы Қаржас еліне сіңіп, өсіп-өнген қожалар әулетінен. Жыржыс қажының ардақты есімі жадымызда өзінің мұсылмандық қасиетті парызын адал атқарып кеткен жерлесіміз ретінде сақталып қалды. Қажы атқарып кеткен ізгі істің негізгі мәні, оның Қарағанды мен Кереку өңірлерінің арасындағы тоғысқан жері Мәдрәсі қыстауында, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ата қонысына жақын тұста мешіт ашып, медресе салдырғанында еді.
Бұл XX ғасырдың жаңа ғана басталған кезі болатын. Аталған кезеңде осы өңірдегі мешіттер саны аға сұлтан, патша әскерінің полковнигі шеніндегі Мұса Шорманұлының Баянауылдағы, хакім Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбай қажының Қарқаралыдағы және Қазақстанға кеңінен танымал мемлекет қайраткері Қамза Бижанұлы Жұмабековтің әкесі Бижан қажының Павлодар қаласында салдырғандары сияқты бір қолдың саусағымен ғана санарлықтай некен-саяқ болатын.
Мұны бірінші десек, ал екіншісі – оның жоғарыда айтылып өткен Аллаға жағымды істерді атқарғандығы үшін саяси қуғын-сүргін құрбаны болып кеткендігі еді.
1929 жылдың ақырған ақпан айында, ел адамдары әлі күнге дейін «Мәдрәсі» деп атайтын қыстауына сотқа апару үшін екі милиционер келеді. Сондағы Жыржыс атамыздың жазығы, бар болғаны мұсылман дінінің өкілі екендігінде еді. Саяси жағдайды терең түсіне білген сезімтал жан, жерлестері және туған-туысқандарымен бақұлдасып қоштасады. Үйінен аттанарында барлығына, Жаратқанға жалбарынып, өзінің «Алланың сотын ғана мойындап, адамның сотын» көргісі келмейтінін жеткізеді. Ауылынан бірнеше шақырым шыққаннан кейін Қажы атамыз намаз оқып алуға рұқсат сұрайды. Орган қызметкерлері рұқсаттарын береді. Намазын оқып болып, атқа мінген кезде Қажы атамызға Алланың жазып берген дәм-тұзы да таусылады. «Аллаһу әкбар», деген соңғы сөздерімен ана дүниеге аттанады. Міне, осыдан кейін, Қажы атамызды қалай ғана «қасиетті» деп айта алмаймыз?!
Бір қызығы, Жыржыс қажыны тергеуге шақырған сот төрағасы да атамыздан дәріс алған шәкірттерінің бірі болған деседі. Ол да өз ұстазымен «осындай кездесуді» қаламаса керек.
Қажының қазасына берілген аста Мәшһүр Жүсіп өзінің батасында: «Аллаға керек нәрсені Жыржыс атқарды, Жыржысқа керек нәрсені Алла берді», деген екен.
Шынында да, Жыржыс қажы мешіт пен медресе ашып, Аллаға ұнамды іс атқарды, Алла да оның тілегін бірден қабыл қылды емес пе!
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Жыржыс атамызбен қасиетті Түркістан қаласынан 25 шақырымдай жердегі, рухани ілім, өнер және мәдениеттің белгілі орталығы болған Қарнақтағы медреседе бірге оқыған екен. Бұл медресе Орталық Азиядағы ең ежелгі оқу орындарының бірі болған.
Ел адамдарының айтуы бойынша, Қаныш Сәтбаевтай ұлы ғұламаның әкесі Имантай ақсақал Баянауылдан келе жатып, өзінің нашарлағанын сезісімен, қасындағы серіктеріне тез арада Жыржыс қажының мешітіне жеткізуді сұраса керек. Сондықтан жолдастары тоқтамастан, шұғыл түрде атаған жеріне жеткізіп, сол жерде бақилық болған деседі. Жыржыс атамыз да осындай елге сыйлы адамның соңғы демі шыққанша қасында болып, дұғасын оқып отырған екен. Кейінірек жаназасын да шығарыпты.
Жаңа ғасырдың басында, 2001 жылы Жыржыс қажының шөбересі, академик Арстан Мәуленұлы Ғазалиев бабасының қабірінің басына ескерткіш орнатты. Бұл 5 мамырдың бұлыңғыр күні еді. Күні бойы соғып тұрған жел жаңбырға ұласты, арты бұршаққа айналып, қар да жауды. Кешке қарай, ескерткіш орнатылып біткен кезде, автокөліктерде жылынып отырған ақсақалдар құран оқуға шақырылды. Бір ғажабы, құранның алғашқы сөздері оқыла бастаған кезде тынымсыз соққан суық жел кілт тоқтап, енді бір сәтте күн көзі де көрініп, шайдай ашылған сәулесі адамдар отырған жерді шамамен алғанда диаметрі 200 метрдей болатын конус түрінде жап-жарық қылып жіберді. Құранға қатысып отырған адамдардың бәрі де осыған таңғалып, таңдай қақты. Біз шын мәнінде бір ғажайып істің еріксіз куәгерлері сияқты болдық. Мұны табиғаттың ерекше бір құбылысы дейміз бе, әлде Қажының тағы да бір қасиеті ме еді?!
Жыржыс атамыз 1929 жылы қайтыс болса да артында мешіті мен медресесі қалған еді. Қажының өзі болмаса да, көзі болып тұрған осы қасиетті білім мен рухани мекен Кеңес өкіметінің де көз құртына айналды. Өлкеміздің өткен XX ғасырдағы Жыржыс қажы, Имантай ақсақал, Мәшһүр Жүсіп сияқты ұлы тұлғаларының өмір жолдары тоғысқан мешіт пен медресе де шолақ белсенділерге тілсіз жау болып көрінсе керек. Олар осыларды бұзып, олардың кірпіштерін осы Мәдрәсі қыстауынан жеті шақырымдай жердегі жаңа ғана құрылған Ақжар колхозына әкеліп, бастауыш мектеп салыпты.
Әрине іштерінен қасиетті адамның аруағынан қорыққан болулары да керек, бірақ өздерін «Біз бұл кірпіштерден білім ордасының қабырғасын қаладық», деп те ақталған шығар.
Аллаға жағымды істер ылғи да жалғасын таба береді. 2019 жылдың қараша айында өңірімізде тағы да бір айтулы оқиға болды. Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіндегі Жыржыс қажы мешіті күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылды.
Өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдары мешітке арнап берілген бұрынғы аудандық тұрмыс комбинатының ғимараты аудан тұрғындарының бүгінгі талаптары мен тілектеріне сәйкес келмейтін болып шықты. Соңғы 10 жыл бойы қажының шөбересі Арстан Мәуленұлы мешітке жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырғанына қарамастан, соңғы жылдары ол күрделі жөндеуге мұқтаж болып, құлазыңқырап қалған еді.
Мына қызықты қараңыз, бір жыл бұрын ғимараттың күрделі қайта жөндеуін мойнына алатын азамат та аяқ астынан табылды. Биіктігі 15 метр мұнара салынды, мешіттің сырты толығымен сапалы қызыл кірпішпен қапталып, ғимараттың ішінде де кең көлемді жөндеу жүргізілді. Мешіттің ауласында 300 орындық асхана құрылысы да басталды.
«Азамат аяғын туған жерге, арқасын туған елге тірейді», деген, осы Аллаға жағымды істердің басы-қасында қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын, өз өңірімізден шыққан жас кәсіпкер Қанат Нұрмағамбетов сияқты азамат тұрды. Оның анасы жоғарыда айтылған Жыржыс қажының мешіт ашып, медресе салдырған Мәдресе қыстауына жақын жердегі Ақжар ауылынан екен. Қанына тартқан азаматқа бір Алланың өзі жөн сілтегендей емес пе?!
Аллаға жағымды істі бастамас бұрын, Қанат бір күні таңертең ұйқысынан оянған кезде, арқасының бір жері ісінгенін сезіп, зайыбына көрсетеді. Ал жары болса оның арқасындағы ісінген жерде араб жазуына ұқсас белгілердің пайда болғанын айтып, суретке түсіріп алады. Осыған қайран қалған Қанат өзінің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында істейтін танысына оқытса, арқасында «Алла береді», деген сөздер жазылған екен. Бұдан әрі не істеу керектігін білмеген Қанатқа ол Аллаға жағымды бір іс атқаруға тиіс екенін айтып, кеңесін де береді. Осыдан кейін Қанат Ботақараға келіп мешіт салмақшы болады.
Осы жағдаят болардан бір жұма бұрын Жыржыс қажы мешітінің имамы Рүстем қажы да бір Алладан мешітке күрделі жөндеу жүргізуге көмек беретін адам тауып беруді сұрап, ниет қылған екен.
Міне, осы кезде осындай ниетпен келген Қанатқа Рүстем имам жаңа мешіттен бұрын, бар мешітті қайта жаңғыртуды сұрайды. Бұған келіскен Қанат бауырымыз да бел шешіп іске кірісіп кетеді.
«Аллаға жағымды, адамға тағылымды», осы іс те уақытымен бітті, былтыр 6 қарашада аудан орталығы Ботақарада, қайта түлеп, қайта көркейген Жыржыс қажы мешітінде салтанатты жиын өтті, құран оқылып, ас берілді.
Аудан тұрғындары мен басшылығы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және басқа қалалардан келген қонақтар да Қанат Нұрмағамбетов сияқты Алланың нұры жауған азаматқа баталары мен алғыстарын жаудырды. Біз болсақ, Жыржыс қажы бабамыздың тағы да бір қасиетіне куә болдық!
Бораш ТӨЛЕУОВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор
Қарағанды облысы