Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Үкіметке еліміздің ең ірі үш қаласы әкімдіктерінің құзыретін, оның ішінде қала құрылысы саясатында, көлік инфрақұрылымы мен сәулет келбетін қалыптастыруға байланысты тапсырма берген болатын. Осы орайда, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары салаларын реттеуді жетілдіру, жасыл қорды сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, коммуналдық меншікті басқару, көлік, әлеуметтік мәселелер бойынша отызға жуық ұсыныс енгізілген-ді.
«Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес оңтүстік шаһар келбеті қалай түрленеді? Жыл санап құлашын кеңге жайған Алматы аясындағы елді мекендер қалай дамиды? Жұртшылықтың көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап бере отырып, Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг өткізген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев, «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Ізтілеуов, сондай-ақ Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов, Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов оңтүстік шаһардың ерекше мәртебесіне қатысты маңызды жайттармен бөліскен болатын.
Мұхит Әзірбаевтың айтуынша, заңнамада бекітілген талаптар Алматы қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес қала және қала айналасындағы аймақтарда құрылыстарды жоспарлауға, үйлестіруге мүмкіндік береді. Тың жобаларды жүзеге асыру барысында тұрғындардың мүддесі мен талаптары ескерілетін болады. Әкімдік құзыретінің кеңеюі қала құрылысы үшін, сондай-ақ қала маңындағы аумақтарда әлеуметтік, тұрғын үй, көлік, инженерлік және басқа инфрақұрылымды дамытудың тиімділігін арттыруға қолайлы болып отыр. Осы орайда, Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп Алматы агломерациясын 2030 жылға дейін дамытудың өңіраралық жоспары әзірленген. Онда халықты тұрғын үймен, әлеуметтік қызметпен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қаланы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, жаңа туристік нысандарды дамыту мен экологияға қатысты нақты жобалар көрініс тапқан. Сонымен қатар биыл қала мен облыс аумағында Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына қатысты жоспар әзірленіп отыр.
Мың жылдық тарихы бар әрі қаржы орталығы болып саналатын Алматы бүгінде сәулет келбеті қалыптасқан мәдени орталық. Осы орайда қаланы безендіру мен құрылыс жүргізуді регламенттеу, ғимараттардың сәулет келбетін сақтау бойынша ережелер қабылдау уақыт күттірмейді. Мамандар абаттандыру, жасылдандыру, жарықтандыруды стандарттар аясында жүзеге асыруда осы уақытқа дейін кездескен бірқатар бейберекетсіздіктерге жол берілмейтінін айтады. Сонымен қатар жаңа ережелер балабақшалар мен мектептер, сауда және қосымша білім беру орталықтары, спорт секциялары, медициналық, тұрмыстық қызмет нысандарының дамуына да барынша көңіл бөлінеді. Мұның барлығы қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруіне, бизнесті дамытуға бағытталады. Ал жоспарланған барлық өзгерістер қоғам және іскерлік орта өкілдерімен талқыланатын болады.
Алмасхан Ахмеджанов атап өткеніндей, қаланың ерекше мәртебесі туралы заңнама бүгінде қаланың дамуына кедергі келтіріп отырған көптеген мәселелердің оң шешімін табуына мүмкіндік береді. Әр қаланың өзіндік келбеті, даму бағдары бар дейтін болсақ, бүгінде екі миллионға жуық халқы бар Алматыда қалаішілік әрі қала маңы мәселелері жеткілікті. Алдағы уақытта нормативтік талаптарға орай тиісті стандарттар қабылданып, онда қаланың сәулет келбетін сақтауға, ғимараттарды қала ескерткіштерінің қатарына қосу жайындағы ережелерді бекіту мен сақталуына ерекше көңіл бөлінетін болады. Сонымен қатар қаланы безендіруде де белгілі талаптар сақталады.
Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетовтың айтуынша, бүгінде қаладағы жерлердің тоқсан пайызға жуығы жеке меншіктің үлесінде. Заң аясында осы жерлерді мемлекет иелігіне қайтаруға байланысты қызметті жүзеге асыратын кәсіпорын құру қажеттілігі туындап отыр. Бүгінде жиырмадан астам жобаның жүзеге асып жатқанын ескеретін болсақ, Құлжа трактіндегі Рысқұлов-Емцов жол айырығы, Абай даңғылындағы, т.б. ірі жобаларды жүзеге асыруға байланысты 600-ге жуық жер учаскесіне қатысты жұмыс жүргізілуде. Ал мемлекет қажетіне орай қайтарылатын жер учаскелерінің иелеріне нарықтық бағамен өтемақы төленетін болады. Қаланың бас жоспарын жүзеге асыру барысында Алматы агломерациясы, Алматыны дамытудың 2050 жылға арналған стратегиясына сәйкес көлік, энергетика, әлеуметтік нысандарды салу барысында жер телімдерін пайдалануға байланысты нақты талаптар қарастырылған.
АЛМАТЫ