Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында адамдардың денсаулығын жақсартуға жан-жақты қолғабыс жасау, ауыл адамдарына тегін медициналық қызмет көрсетуі жайлы айтылған болатын. Бұл бағытта Кенді Алтайда да көп істер тындырылып жатыр. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, мекемелерге көлік беру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуде игілікті шаралар атқарылуда. Жақында Ұлан ауданында іссапармен болған кезде бұған көз жеткіздік.

Мектеп пен оның жанындағы Нәзигүл Асанғалиева жетекшілік ететін фельдшерлік-акушерлік кабинеттің маңы ауыл адамдарына толы. Себебі, бүгін мұнда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес Ұлан аудандық орталығының дәрігерлері келген екен. Білікті дәрігер Ербол Арынғазин былай деді.
– Біз қазір Ұлан ауданының елді мекендерін аралап, тегін медициналық көмек көрсетудеміз. Ақтау, Бозамбай ауылдарында болдық, ендігі бағыт – Тройницкое, Митрофоновка елді мекендері. Бүгін Мамай батыр ауылына келдік. Татьяна Иванова қан құрамын тексерсе, білікті дәрігерлер Алмагүл Құйқашева, терапевт Әлия Тантыбаева, узи дәрігері Қайрат Манасбаев ауыл адамдарын мұқият тексеріп, қажетті ақыл-кеңестерін беруде. Оның үстіне облыстық құрт ауруына қарсы диспансердің қызметкерлері де арнайы құрал-жабдықтарын алып келіп, адамдарды рентгенге түсіруде. Егер ауыл адамдарының қалаға барып, өкпесін тексертуге және қан тапсыруға қанша уақыты мен қаржысы кететінін ескерсек, мемлекеттің «Денсаулық жолы» бағдарламасының адам факторын күшейтуге қосатын үлесі ерекше, – деп үгіт пойызының Ұлан ауданы бойынша жетекшісі Ербол Арынғазин ағынан жарылды.
Сол күні Мамай батыр ауылының екі жүзге тарта адамы өкпелерін тексертіп алса, тағы соншама адам қан тапсырып, дәрігерлердің ақыл-кеңесін тыңдады. Ауылдың байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Шәйзада Жаңабаева демікпе сырқатымен ауыратынын, қысылған кезде ауылдағы Нәзигүл Асанғалиева басқаратын фельдшерлік-акушерлік кабинет қызметкерлерінің өзіне ғана емес басқа адамдарға адал қызмет ететінін айтып, бүгінгі «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының Қазақстан халқына өлшеусіз жақсылық жасап отырғанына алғысын білдірді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы.
–––––––––––––
Суретте: Арнайы көлікте ауыл тұрғындары өкпелерін тексертті.