Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервіне енген 300 азаматпен жүздескенде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына, мемлекеттік басқаруды реформалау мәселесіне қатысты пайымды пікір білдірген еді. Ал осы сындарлы іріктеуден сүрінбей өтіп, болашақта мемлекеттік басқаруға араласатын ел жастары алға қойған мақсаттары, арман-мұраттары тұрғысында орамды ой бөліседі. Кезең-кезеңімен жауапты қызметке орналаса бастаған бұл жастардың жасампаз қадамы, тың идеялары, ордалы ой-толғамдары қаз-қалпында беріліп отыр. Мархабат...
Мен қарапайым теміржолшылар отбасында туып-өстім. Ақтөбе қаласындағы №32 қазақ мектеп-гимназиясын «Алтын белгімен» бітірген соң Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне құжатымды тапсырдым. Елдестірмек елшіден дегендей – елші болу о бастағы арманым, жүрегімнің қалауы болатын. Отандық элитарлық жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен оқып, алға қойған мақсатыма қол жеткізудің алғашқы әліппесін аштым дей аламын.
Мен таңдаған мамандығымды игере жүріп АҚШ, Түркия және Қытай секілді іргелі мемлекеттерде тиісті тәжірибе мен тағылымдамадан өткен едім. Соның ішінде Қытай елінде білімімді одан әрі жалғастырып магистратурада оқыдым. Оны да үздік аяқтадым. Сол кезде қытайлық компанияның бірінен қызметке шақырған ұсыныс түсті. Алайда оған барудан бірден бас тартып, өз Отаныма оралдым.
Көп кешікпей туған жер төсіндегі «Сағыз Петролиум» компаниясына қызметке орналастым. Осы жылдардың ішінде ана тіліне қоса, орыс, қытай, ағылшын және түрік тілдерін емін-еркін игере алғаным қызметіме әрі шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатуға өз пайдасын тигізді. Мұның бәрі біріншіден, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандық жастарға жан-жақты білім алуына туғызған қамқорлығы деп бағалауға болады. Осы үрдіс бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан өз жалғасын тапқаны сабақтастықтың бір көрінісіндей әсер береді.
Атап айтқанда, 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру мен тиімділігін көтеру үшін ел жастары арасынан кадр резервін жасақтау жөніндегі мәселенің белгіленгені маған үлкен ой салды. Міне, қазіргі кезде Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы нақты түрде жүзеге асып, елімізде тұңғыш рет Президенттік жастар кадр резерві іріктелді.
Мен сол уақыттың өзінде аталған жастар резервіне қосылуға тиісті әзірлік жасай бастадым. Мұндай аса жауапты сынға өз білімім мен біліктілігімді одан әрі көтере түсу арқылы қосылғанды жөн көрдім. Осы арада мұнай-газ секторы саласында бұған дейін қол жеткізген табыстарын жаңа асуларды алуға өз ықпалын тигізе алды. Осы орайда Байғанин ауданында мұнай өндіру және шикізат тасымалдайтын мұнай құбырының құрылысына сүбелі үлесімді қоса алғанымды риясыз көңілмен айта аламын. Сонымен бірге Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданында мұнай-газ саласы бойынша өткізілген халықаралық сайыста екінші орынға ие болғанымды да лайықты түрде мақтан тұтамын.
Бүгінгі уақытта «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы шеңберінде Шанхай қаласындағы Дунхуа университетіне оқуға шақырылуым маған көрсетілген сенімнің бірі демекпін. Міне, осындай жетістіктерім кадр резервіне қатысуға белгілі бір деңгейде алғышарт қалағаны анық. Бұл іріктеу әділ әрі ашық түрде өткізілді. Жеті кезеңнен тұратын жауапты сайыстар кезінде екі рет тест тапсырып, құзыреттілікті қорғау бойынша күрделі сыннан өттік. Тұтастай алғанда Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеу меритократия қағидаттарына негізделді.
Президенттің аталған бастамасы кәсіби деңгейі жоғары жастардың жаңа биіктерге жетуіне таптырмас мүмкіндік беретін ашық әрі әділ әлеуметтік саты деп білемін. Әрі бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген сенімінің көрінісі. Жастар кадрлық резервінің жасақталуы еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашып, жаңаша серпін бере алатыны анық. Сондай-ақ осы арқылы халыққа қызмет етудің озық та жаңаша үлгісі қоғамдық өмірге қадам басты деуге әбден болады.
Бұған дейін баспасөзде хабарланғанындай, Президенттік кадрлық резервіне қатысуға 13 мың адам өтініш берген болса, оның тек 300-інің ғана бағы жанғаны айтуға ғана жеңіл болса керек. Солардың бірі болғаным мен үшін үлкен мерей. Бұл мені жаңа табыстар мен жетістіктерге қанаттандырады деген сенімдемін.
Ляззат ӘДІЛОВА,
«Сағыз Петролиум» ЖШС компаниясы энергетикалық бөлімінің бас менеджері
АҚТӨБЕ