• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Қаңтар, 2020

Мунгиямен жұдырықтасуы мүмкін

155 рет
көрсетілді

Таяуда АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында өткен бокс кешінде Мексиканың мықтысы, WBO нұсқасы бойынша бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хайме Мунгия ирландиялық Гэри О’Салливанды 11-раундта техникалық нокаутпен ұтып, дүйім жұрт алдында өзінің мықтылығын тағы бір паш етті.

Бұл жекпе-жек жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқ­пыз. Оның өзіндік себебі бар. Атап айтсақ, Гэри О’Салливан ке­зінде Бораттың кейпіне еніп, Қазақстанның мақтанышы Ген­­надий Головкинді жекпе-жекке шақырған еді. Бірақ GGG өзінен деңгейі әлдеқайда төмен боксшымен күш сынасуды құп көрмеді. Ал Хайме Мунгия болса, алдағы уақытта қазақтың құрыш жұ­дырықты жігіті Қанат Ис­лам­мен жұ­дырықтасуы мүмкін. Бұл күн­дері бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында осы іс­петтес әңгі­­мелер жиі айтылуда.    

Расында да, Хайме Мун­гия – өте мықты боксшы. 23 жас­тағы Мексиканың өрені ке­зінде бір­неше белді нұс­қалар бойынша әлем чемпионы атанған әйгілі Антонио Мар­гаритомен бір залда жат­тығып, сақа спортшы­дан көп нәрсе үйренді. Қа­зір­гі кезде ол Ноэ Альварес пен Ро­­берт Алькасар сынды бі­лік­­­ті бап­керлердің қол астын­да жат­тығуда. Сонымен қатар Хайменің әкесі де осы спорт түрін серік етіп, аса ауыр сал­мақ­та өнер көрсетті.

Кәсіпқойлар арасында өзінің тұсаукесер кездесуін Мунгия 2013 жылдың 13 шілдесінде өт­кіз­ді. Ол кезде Хайме небары 16 жаста еді. Содан бері 35 мәрте ринг­ке көтерілген ол барлық қар­сыласынан басым түсті. 28 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Былтырғы жылдың мамыр айында өткен жекпе-жекте АҚШ-тың өкілі Садам Әлиді төр­тінші раундта ұрып жыққан Мексиканың жас перісі бірінші орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иеленді. Өзінің алтын белбеуін ол ұлыбританиялық Лиам Смит, канадалық Брэндон Кук, жа­пониялық Такеши Иноуэ, ир­ландиялық Денис Хоган және ганалық Патрик Аллотиге қарсы айқастарда сәтті қорғады. 

Былтыр Мунгия сол кезде­гі WBC, WBA және IBF нұсқа­л­ары бойынша орта салмақ­та­ғы чемпиондық тәждің иеге­рі Геннадий Головкинмен жұды­рықтасуға ниет білдірді. Қазақ­стандық боксшы қарсылық біл­дірмеген көрінеді. Бірақ Нева­да штатының атлетикалық комиссиясы тәжірибесінің аздығын алға тартып, Головкиннің Мек­сиканың өренімен күш сынасуы­на рұқсат бермеді.

Бұл күндері барша қазақстан­дық жанкүйерлер Хайме Мунгия­ның Қанат Исламмен күш сынасуын қалап отыр. Себебі қан­дасымыздың кәсіпқой рингте күш сынасып жүргеніне сегіз жылға жуықтап қалды. Сол аралықта 27 жекпе-жек өткізген ол барлығын жеңіспен аяқтады. 21 қарсыласын есінен тандырды. Соған қарамастан, 35 жастағы Ислам үшін белді нұсқалардың бірінің алтын белбеуі үшін та­ласудың еш реті келмеді. Шыны керек, Қанат тек ортаңқол бокс­шылармен ғана жұдырықтасып жүр. Оны мойындауға тиіспіз. Соның салдарынан ол бір орында қалып қойды. Бокс әлеміндегі дә­режесі де, беделі де өсе қойған жоқ. Рейтингі де тұралап тұр. Ал егер жоғарыдағы жоспар жүзеге асып, Мунгия мен Ислам ортақ мәмілеге келсе, Қанат бауырымыз үшін кәсіпқой рингте өзін тү­бегейлі мойындатуға тамаша мүм­кіндіктің туындайтыны анық.