Табиғаты тамылжыған Катонқарағай ауданының Өрел ауылы тірек ауылдары тізіміне енгізілген. Қазір ауыл адам танымастай өзгерген. Көшелер жөнделіп, жарық тартылған. Балалар алаңы, саябақ, әлеуметтік нысандар ауыл көркін ажарландыра түскен. Ауылдық округтің әкімі Еркін Көбешов тірек ауылының алдағы уақытта да жаңарып, жасара беретінін, орталықтан түсіп жатқан қаржының халық игілігіне жаратылатынын тілге тиек етеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен ауылда Өрел орта мектебі бой көтерді. Бұдан бір ай бұрын іссапармен Өрелде болғанымызда мектепке бас сұққан едік.
Табиғаты тамылжыған Катонқарағай ауданының Өрел ауылы тірек ауылдары тізіміне енгізілген. Қазір ауыл адам танымастай өзгерген. Көшелер жөнделіп, жарық тартылған. Балалар алаңы, саябақ, әлеуметтік нысандар ауыл көркін ажарландыра түскен. Ауылдық округтің әкімі Еркін Көбешов тірек ауылының алдағы уақытта да жаңарып, жасара беретінін, орталықтан түсіп жатқан қаржының халық игілігіне жаратылатынын тілге тиек етеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен ауылда Өрел орта мектебі бой көтерді. Бұдан бір ай бұрын іссапармен Өрелде болғанымызда мектепке бас сұққан едік.
Сапалы білім мен саналы ұрпақтың қалыптасуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Оқушысының білімді, өнегелі, тәрбиелі болуында мұғалім негізгі тұлға болып табылары сөзсіз. Өрел орта мектебінде ауыл баласының білімін көтеру мақсатында, оның туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, болашақта жақсы маман болып қалыптасуы бағытында жан-жақты жұмыстар жүргізіледі.
Тәуелсіз «Эко-Алтай» ұйымы және Жаһандық экологиялық қордың даму бағдарламасы негізінде Өрел ауылында «гид-рейнджерлер мектебін» құру бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алынды. 2002 жылдан бастап Өрел орта мектебінің директоры Әмина Жұмағұлованың жетекшілігімен әлемдік жабайы табиғатты қорғау қорының Қазақстандағы Алтай-Саян бөлімімен бірлесе жұмыс бастады. Жұмыс барысында біздің өлкемізге келетін туристерге, демалушыларға бағыт беретін кәсіби гидтер, табиғатты қорғау ұйымдарында туристік бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін сауатты ғылыми байқау жасайтын инспектор-рейнджерлер керек екендігі анықталды. Осының негізінде 2005 жылдың қаңтар айынан Катонқарағай ауданы Өрел ауылында Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесе Өрел орта мектебінде «гид-рейнджерлер мектебі» жұмыс істей бастады.
– «Гид-рейнджерлер мектебін» дайындау Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің тұрақты экологиялық даму мәселелеріне толық сәйкес келеді. Осыған орай мектепте «Кедр» мектеп орманшылығы құрылған. Ол «гид-рейнджерлер мектебімен» тығыз байланыста жұмыс жасайды. Терең білім алған, үнемі табиғатпен байланыста болған оқушы табиғатты қорғауға, қолдауға әрқашанда дайын болары сөзсіз, – дейді Әмина Қазияқберқызы елімізде бірінші болып құрылған «гид-рейнджерлер мектебі» жайлы мақтаныш сезімімен.
Әмина Қазияқберқызының жетекшілігімен «гид-рейнджерлер мектебі» ауданнан, облыстан қолдау тапты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ШҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мен ШҚО денешынықтыру және спорт, туризм басқармасына «гид-рейнджерлер мектебіне» туризм саласына мамандарды дайындауға, туристік заттарды сатып алуға қаражат қарастыруды тапсырды. Соның нәтижесінде Катонқарағай ауданы Өрел орта мектебінің «гид-рейнджерлер мектебі» туристік қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні мектеп оқушылары осы заттарды пайдаланып, қажетті әрі қызықты жорықтарға шыққанда жоспарланған аймаққа, ауа райына бақылау жасайды. Компаспен жұмыс жасау, топографиялық белгілерді бағамдау, топографиялық картамен жұмыс жасау, картасыз жұмыс жасау, жаяу туристің жол жүру бағытын жоспарлауы сияқты жұмыстарды жүргізеді.
«Гид-рейнджерлер мектебінің» оқушылары көптеген экологиялық, ғылыми және туристік шараларға үнемі қатысып келеді. Мектеп оқушылары бірнеше экологиялық конкурстардың лауреаттары мен жеңімпаздары болып табылды. 2007 жылы Санкт-Петербургте өткен ІІІ халықаралық экологиялық форум «Орманшылық сайысында» 56 мемлекеттен келген команданың ішінен Өрел орта мектебінің командасы суырылып алға шығып бас бәйгені жеңіп алды. Бірнеше ж ылдар бойы «Алтын аймақ» жобасымен жұмыс істеп, 2012 жылы Мәскеу қаласында ІХ халықаралық экологиялық форум «Орманшылық сайысына» оқушылар дайындады.
Оқушының бойында өз елін, жерін қорғауға деген отансүйгіштік қасиеттердің қалыптасуы ең алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. «Жер жәннаты» атанған өлкенің мөлдір суымен сусындап, таза ауасымен тыныстап өсіп келе жатқан оқушыларды «гид-рейнджерлер мектебінің» жұмысы қызықтырады, өзіне баурап, тартып алады. Туған өлкенің табиғатымен байланысты ғылыми жұмыстардың халықаралық деңгейде нәтиже беруінің төркіні ізденісте жатса керек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.
Катонқарағай ауданы.