Қазір медицина дамыды. Уақыт өткізбей, дәрігерге дер кезінде қаралсаң, көп аурудан құлантаза айығып кетуге мүмкіндік көп. Бірақ науқасты емдеу, аурудың алдын алу ісі алға басқан сайын түрлі сырқат бой көтеруде. Мысалы, бұрын-соңды жаңа туған сәбилер арасында қант диабеті болады дегенді естіп пе едіңіз?! Қазір мұндай диагнозбен дүние есігін ашып жатқандар бар. Түрлі сырқатпен туған сәбилердің саулығын күзетіп, ауруды өршітіп алмау жолында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің байламы – барлық дертті болдырмау өз қолымызда.
Ауру қайдан демеңіз
Аурудың дені астан болатынын бабаларымыз бағзы заманда-ақ айтып кеткен ғой. «Баяғылар айтқандай...» деп сөз бастауды білеміз, бірақ соны өмір салтына айналдыруға келгенде салғыртпыз.
– Қазіргі тамақтану рационымызда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Бірақ бәрі бірдей денсаулыққа пайдалы деп айта алмас едім. Мысалы, балаңыз сатып алған газды сусын мен қытырлақ нан, хотдог қарын тойғызуы мүмкін, бірақ құнары жоқ. Құнарсыздығын былай қойғанда көп пайдалансаң денсаулыққа қауіпті, – дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенова. – Мынаған қараңызшы, бұрын біз цитрустық өнімдерді Жаңа жылдың алдында ғана көретін едік қой. Қазір жыл он екі ай дүкен сөресінде тұр. Бұл – балалар арасында көп кездесетін аллергияны тудыратын жемістің бірі.
Сәбилер бойындағы қант диабеті де анасының аяғы ауыр кезінде тамақтану тәртібін сақтамағаннан болып отыр дейді мамандар. Осы ауру түрі анықталғаннан кейін дәрігерлер бала ағзасының оған бейімделгенін күтіп, 1 жылдан кейін помпаға кезекке қояды. Құны 1 млн теңгеге жуықтайтын бұл аппарат мемлекет тарапынан тегін беріледі. Бала бойындағы өзгеріске сай инсулинді дер кезінде бөліп тұратын бұл құрылғыны алғысы келмейтін ата-аналар бар. Олар да инсулинмен қамтамасыз етіледі. Бірақ кейде құрылғы уақтылы берілмей бала ауруы асқынып жатады.
Әрине, сырқатты емдеу – дәрігердің міндеті, бірақ ауруды асқындырмау өзімізге байланысты.
Балаға ботқа беріңіз
Жалпы, облыстық балалар ауруханасына түскен балалардың көпшілігі тыныс жолдары ауруына шалдыққандар. Жергілікті ауа райынан болуы мүмкін, бұл сырқатты емдеуде дәрігерлердің тәжірибесі бар. Пульмонологиямен қатар, неврология, кардиоревмотология, ненотальды хирургия, нейрохирургия, травматология, ортопедия, колопроктология салаларының көрсеткіштері жақсы. Мұнда күйікпен түскендерді толығымен емдеп шығуға мүмкіндік бар. Бұрын күйіктен бала денесінде тыртық қалып қойса, қазір аутодермопластика жасау арқылы ол мәселе де толық шешімін тапты. Осыған дейін лейкоз сырқатына шалдыққан балалар Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберілсе, қазір жергілікті ауруханада ем алады. Олардың барлығын қызылордалық мамандар емдеп жатыр.
Біз тізбелеген аурулардың көпшілігінің түп-тамыры – дұрыс тамақтанбауда.
– Бұрын балабақша мен мектепте балаларға ыстық ботқа мен сорпаны бекер бермеген ғой. Қазір оның орнына үйде жұмыртқа қуыра салғанды, балаға бутерброд ұстата қойғанды оңай көреміз. Құс фермасында тауыққа берілген түрлі антибиотиктер осылайша бала ағзасына түседі, – дейді Зоя Рахатқызы.
Бас дәрігер «Ас – адамның арқауы» дейтін қазақтың ұлттық тағамтану жүйесін қайта қолға алатын кез жеткенін айтады. Мысалы, тәттіге тойған бала жемек түгілі қолының ұшын да тигізбейтін етте гемолық темір мол. Бұл қаназдықтың алдын алады. Қазір облыстағы туу жасындағы 100 әйелдің қырық пайызы осы аурудан зардап шегеді. Жарайды, ет бағасын кез келгеннің қалтасы көтермейді делік. Кәдімгі сөк те осы гемолық темірге тұнып тұр. Тіпті ұлттық тағамтану жүйесін жаңғыртатын бағдарлама қабылдаса да артығы жоқ. Бұл ұрпақ саулығы үшін керек.
– Біз қазір балаларға «Әдемі болғың, жақсы оқығың және ұзақ жасағың келсе – ет же!» деп айтатын жағдайда тұрмыз. Осы арқылы кейінгі буынды ұлттық тағамға үйір етуіміз керек. Бұл бала саулығын, сол арқылы ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы, – дейді дәрігер.
Қазір ауруханада дәрігер мен пациенттің арасындағы қарым-қатынастың алгоритмі жасалып жатыр. Тәжірибе ретінде қолға алынған бұл бастамада баланың қалай ауырғаны, не ішкені, оқыс жағдайдың туындау себептері жазылады. Осыдан кейін көзден таса қалған баласы ыстық суға күйіп қалған әке-шеше, терезеден төмен қарай ұшып кеткен сәбиін қараусыз қалдырғандар жауапкершілікті сезіне түсетін шығар деген үміт бар. Терезе демекші, былтыр сондай он шақты оқиға болыпты. Дәрігерлер екінші қабаттан құлаған бір баланы ғана құтқара алмады, қалғандары жазылып, үйлеріне қайтты.
Басты табыс – телемедицина
Бұрын жаңа үлгідегі құрал-жабдықтардың жетіспеуінен көп науқас Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент асып, емделіп қайтатын. Қазір олар осы ауруханада ем алады. Үш жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда сәбилердің денсаулығындағы туа бітті кінәраттан шетінеуі 4 есеге төмендеді.
– Осы ретте жергілікті биліктің көрсетіп отырған көмегін айта кеткеніміз жөн. Салаға жеткілікті қаржы бөлу арқылы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарға қолымыз жетті. Неонатальды хирургия бойынша жасақталған команда құрамындағы дәрігерлер Жапония, Оңтүстік Корея секілді әлемнің озық мемлекеттеріне барып, тәжірибе шыңдауға мүмкіндік алды, – дейді бас дәрігер.
Жергілікті мамандар үлкен қалалардағы әріптестерімен телемедицина арқылы тәжірибе алмасып, диагноздарды нақтылап, ақыл-кеңес алып отырады. Аудандармен де осы арқылы байланысқа шығады. Науқастардың жағдайына қарай қажет болса санавиация да жібереді.
Орталықтың жанында «Бала шағындағы ауруды ықпалдастыра емдеу» атты орталық бар. Бұл орталықта сырқат сәбиді кешенді емдеудің жолдары көрсетіледі. Әмбебап патронаттық қызмет модулі бойынша аудандық емдеу мекемелері мамандары, әлеуметтік қызмет көрсетушілер, психологтар осында келіп оқудан өтеді. Бұл бастаманың тиімділігін Денсаулық сақтау министрлігі де атап өтті. Орталықтың ашылуында ЮНИСЕФ ұйымының бас өкілі аз қаражатпен сырқатты тиімді емдеудің мұндай тәсілі дүние жүзінің денсаулық сақтау саласы үшін тың жаңалық екенін жеткізді. Орталықта аяғы ауыр әйелдің күтімі, сәби үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, оны тамақтандыру жолдары үйретіледі. Әсіресе балалар қауіпсіздігіне баса назар аударылады. Алгоритм бойынша мейірбике балалы үйдің туысындай болып кетуі тиіс. Егер нәресте үйде жүріп оқыс жағдайға ұшырап қалса да, мейірбике ата-анамен бірдей моральдық тұрғыда жауап береді. Орталықта қазір балалар жұтып қоятын ойыншықтарды алмастыратын қауіпсіз шылдырмақтарды да қолдан жасауды үйретеді. Министрлік тәжірибесін үлгі ретінде таратқан осы орталықты арнайы келіп көрген өзге облыстағылар да қазір өздерінде осындай құрылым жасаудың қамына кірісті. Тіпті Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Абхазиядан келген мамандардың да тәжірибенің тиімділігіне көзі жетті.
Аурухана алдағы уақытта офтальмологиялық хирургияны қолға алуды жоспарлап отыр. Осы жылы қызылордалық дәрігерлер алғашқы отаны жасай бастайды. Балалар кардиохирургиясын дамыту мақсатында осыдан 2 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық медициналық орталықпен меморандум жасалды. Келісім бойынша орталық мамандары аурухана дәрігерлерін оқытады. Бұған қажетті құрал-жабдықтар енді алынып жатыр. Алдағы уақытта жүрекке операцияны өзімізде жасау жоспарланып отыр.
Дәрігерлер атқарып жатқан осы қыруар тірлік «Сәбилер сау болса екен...» деген бір ғана ниеттен туындап отыр. Ал бала ауырса, бәріміздің де жауапты екенімізді ұмытпайық.