Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан Дүниежүзілік бокс академиясында Қазақстан, Куба, Жапония және Венгрия ұлттық құрамаларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны аяқталды.
Қазіргі кезде отандық былғары қолғап шеберлері Қытайда өтетін лицензиялық турнирге қызу даярлануда. Айтулы жарыста сары құрлықтың барлық мықтылары бас қосып, Олимпия ойындарының жолдамалары үшін таласады. Сол себепті де Василий Левит, Бекзат Нұрдәулетов, Қамшыбек Қоңқабаев, Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов, Тұрсынбай Құлахмет, Сәкен Бибосынов және тағы басқа еліміздің ең үздік боксшылары Алатау баурайында 12 күн бойы жаттықты.
Осы жиынға сонау Бостандық аралынан даңқы жер жарған Хулио Сезар Ла Круз, Арлен Лопес, Энди Круз Гомес, Рониэл Иглесиас Саталонго, Лазаро Альварес Эстрада бастаған бір топ гүрзі жұдырықты жігіттер келді. Сондай-ақ, Жапония мен Венгрияның ұлттық құрамалары да осы жерде тер төкті.
Ғалымжан Кенжебаев тізгінін ұстаған команда келесі оқу-жаттығу жиынын Нұр-Сұлтанда өткізеді. Таяу күндері олардың қатарына Англия мен Германияның боксшылары қосылады деп күтілуде.