Есіл өңірі ғана емес, иісі қазақ даласы Петропавлды ежелден Қызылжар деп атап келгенін бәріміз білеміз. Жас күнімізден «Қызылжарға барады», «Қызылжарда оқиды» деген сөздермен санамызға сіңісті болған осы атауды растайтын тарихи құжат та бар. Бірақ сонау патша заманынан қалған қалаға жергілікті халықтың тарихына тікелей қатысты жоқ атау әлі күнге өзгермей келе жатыр.
Қаланы патша әскерінің 1752 жылы салына бастаған «Петропавл» атты қорғанынан өсіп шықты дегенге сенетіндер күні бүгінге дейін көп. Қорғандардың өзі қазақ жерін басып алу мақсатымен салынғаны белгілі. Жергілікті тарихшы В.Черников олар колониалдық басып алушылықтардың құралы ретінде салынып, «начавшееся расхищения казахских земель стоит в одном ряду с подобной политикой царизма проводившиеся в ХVІІІ-ХІХ вв. в Башкирии и Сибири...» деп патшалықтың отаршылдығын айыптаған.
Осындай мақсаттағы қорғандар қалаға айналуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Қорғаннан қала өсіп шықпайды, оның жанына көп болса шағын елді мекен ұйысуы мүмкін. «Петропавл» қорғаны салынған «Новоишимская» шекаралық белдеуінің бойына 11 қорған, 32 бекініс, 42 маяк тұрғызылған. Петропавл соның біреуі ғана. Бірақ солардың басқа бірде біреуінің төңірегіне қала өсіп шыққан жоқ. Егер қала қорғаннан өсетін болса, басқалар неге қалаға айналмаған?
Тек Қызылжарға салынған қорғанның маңы ғана қалаға айналды, өйткені бұл жер ежелден қазақ қоныстары болған көп рудың атамекені еді. «Киргизское хозяйство Акмолинской области» деген жинақта бұл аймақты ХVІІ ғасырда 117 қазақ ауылы мекен еткені жазылады. (Киргизское хозяйство Акмолинской области»., СпБ.,1910 г., 1 том., 33 стр)
«Қызылжар көп қазаққа арман жерсің,
Талайдан біз секілді қалған жерсің.
Керейде Толыбай сыншы туын тігіп,
Найзасын қанға бояп алған жерсің.
Атыңды «Қызылжар» деп бабам қойған
Қондырып саған қосын көңілі тойған...»,
деп Сегіз Сері жырлаған. Ал Толыбай сыншының ХVІІ ғасырда өмір сүрген адам екені белгілі. Бертінірек Қызылжар қонысын Атығайдың Дәулетәлі деген байы мекен еткенін Сәбит Мұқанов жазды. «Әулие Петр» (Петропавлдың алғашқы атауы) қорғаны болса тек ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында салына бастап, 1770 жылы ғана аяқталған.
Есілдің жағасы суы мол, қалың тоғайлы, адамға да, малға да жайлы жер болғандықтан қазақ оны ежелден мекендеген. Қалың өскен орманы патша әскері қорған салу үшін отағанға дейін қыста малға пана, мол қорық болған. Бірнеше ауылдар қатарласа қыстаулар салғандықтан, «Қызыл жардың» етегі «Ен қыстау» деп аталған.
Патша шенеуніктері қорған салып жатқанда Абылай хан да өзіне осы жерден ағаштан қыстық үй салғызғанын білеміз. Оның құрылысы 1762 жылы басталған. Кейін ол үй өртеніп кетіп, орнына «посольский дом» салынған. Артынан лазарет ретінде де пайдаланылғанымен, халық арасында «Абылайдың ақ үйі» деген атаумен танылған. Қазір қалпына келтірілген үй музейге айналып, халыққа қызмет етіп тұр. «Россия и казахские ханства в ХVІ-ХVІІІ в.в» деген жинақта академик В.Басин: «для него (Абылайға – Ж.С.) был построен деревянный дом близ реки Ишима в горах Енгистау» деп жазған еді.
Петропавлдың тарихын ұзақ жылдар зерттеген жергілікті өлкетанушы М.Бенюх: «по просьбе Аблая, для пребывания его построен прямо к крепости святого Петра, вверх по реке Ишим, в горах Енгистау 765 г. деревянный дом» деп жазған. Бұдан басқа да деректер жетерлік, соның ішінде осы жерден патшалық Абылайға жыл сайын астық беріп отырғаны туралы да мәліметтер бар. Абылайдың өзі 1759 жылы патшаға хат жазып, осы жерде сауда орталығын аштырған. «СКО: Страницы, летописи родного края» деген жинақта осы хаттан мынадай үзінді келтірілген: «...прошу же я и мой народ, чтоб дозволить в крепости Святого Петра киргизцам выменивать муку и крупу». Әрине шағын қорғанның ішінде сауда жүргізілмейді, оған үлкен керуендер кіре алмайды. Сондықтан сауда оның төңірегіндегі Қызылжар қонысында болған. Осыған Абылайдың Қытай боғдыханына жазған хатындағы мынадай сөздер дәлел:
Россия халқыменен салһы қылып,
Шартнама қағаз жазып, елші жүріп:
Ортада саудахана салып қойдық,
«Қызылжар» атты қала біз салдырып...
(Г.Муканова., «Центральная Азия через призму отношений России-Казахстана-Китая»., П-павл.,2001 г., 493 стр)
Сауда орталығының маңайына халық кейіннен баспана тұрғыза бастаған. Алыстан келетіндер үшін керуен сарайлар салынған. Қазақ даласы ғана емес, Хиуа, Бұхарадан керуендер, Татарстан мен Башқұртстаннан, Ресейдің орталық қалаларынан тауар тиеген жүкті арбалар көші келген. Солардың біразы жаңа, жайлы қонысқа баспана тұрғызып, қалып қойған. «Петропавл» қорғанындағы әскерден босаған кәрі солдаттар мен мүгедектер де осында үй салып, тұрғындар санын арттыра түскен. Сөйтіп қала өсіп шықты. Оны Қазақ даласы ежелден Қызылжар деп атады, ал патшалықтың ішкі іс қағаздарында «крепость св.Петра» деп жазылды. Ал «Абылайдың ақ үйі» де, саудахана да – бәрі қазіргі Петропавл қаласының аумағында.
Мұндағы алғашқы тұрғындар арасында мұсылман халқының өкілдері көп болған. 1785 жылы Орынбор экспедициясын бастап, қазақ даласын алты жыл зерттеген академик Фальк Қызылжар туралы: «...осында тұратын аз ғана казактар мен мүгедектерден басқа халықтың бәрі азиялықтар. Үй саны 172, адам саны 914» деген дерек қалдырған.
Тіпті ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін мұндағы орыс ұлтының үлесі төмен болған. Сол жылдардағы қала басшысы В.Черемисинов қала тарихы туралы мынадай дерек қалдырған: «Вскоре крепость св. Петра сделалось главным пунктом меновой торговли с Хивой, Бухарой, Ташкентом и мало по малу на луговой части берега Ишим село смешанное население из переселившихся бухарцев, ташкентцев и наехавших из внутренних губерн татар, преимущественно из городов Казани, Касимова и среди которых русские составляли только военный отряд» (Л.Кузнецов., «Краткий исторический очерк Петропавловска Акмолинской области»).
Міне, осы дәйектің бәрі Қызылжардың «Петропавл» қорғанынан емес, оның төңірегіндегі бейбіт мақсатқа қолданылған қоныстардан өсіп шыққан қала екенін көрсетіп тұр. Өкініштісі сол, әлі күнге дейін осынау әсем қаламыз жергілікті атаумен емес, бізді отарлық езгіге түсіру мақсатымен салынған әскери қорғанның атымен аталады...
«Бұл жер бос жатқан иесіз мекен болған, соған патша әскерлері қорған салған, қала содан өскен, сондықтан оның қорған атымен аталғаны дұрыс» дейтін біржақты пікірді ұстанушылар да өктемзорлықтарын қояр емес. Рас, Кеңес Одағы жылдарында қала тұрғындарының арасында өзге ұлттардың үлесі артты. Қызылжар Ресейден Орталық Азия мен Сібірге баратын тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, оның сырттан келген халқы Кеңес жылдарындағы түрлі дүрмектердің әсерімен күрт көбейді. Алдымен құрылысы 1921 жылы басталған Петропавл-Көкшетау («ПетроКок») теміржолын тартуға орталық Ресейден жұмысшылар әкелді. Мағжан осы жолды салу саясатының астарын бірден таныған. Сондықтан «Шойын жол» өлеңінде ол экономикалық прогрессті мақтамайды, қаптап келген келімсектердің кесірінен «Басқан анау жол жайына, Басылған анау ел жайына» көбірек қайғырады. Әрине ақын теміржолдың экономикалық пайдасы боларын білді, бірақ соның сылтауымен келімсектердің есепсіз үйілгенінен қорықты.
«Кеселді болмай аяғы,
Баяғы байлық – баяғы
Қолында мал бар ма екен?
Болмаса: «Оны ит жеген» деп,
Кемпір, шал, бала, азамат
Станция біткенді аралап,
Көзін сүзіп жүр ме екен?» – дейді ол.
Соғыс жылдарында бірнеше зауыт-фабрика жұмысшыларымен бірге Қазақстанға көшірілді, одан әрі Тың көтеру науқаны жалғасып, Ресейдің түкпір-түкпірінен келіп, осында қалып қойғандардың есебінен жергілікті халықтың үлесі шаһарда 8-9 пайызға дейін төмендеді. Әлбетте, мұндай жағдайда Петропавлды Қызылжар деп атауға ешкім мән бермейтіні де анық еді.
Алайда бір кезде ол Қызылжар деп ресми түрде де аталған... 2008 жылы «Егеменге» жазған «Қызылжар» деп ресми түрде аталған» атты мақаламызда 1925 жылғы 18 шілдеде Петропавл қаласы орталығы болып табылатын Ақмола губерниялық атқару комитетінің төралқасы қаланы «Қызылжар» деп атау туралы шешім шығарғанын жазғанбыз. Оны Қазақ Орталық Атқару комитеті: «Постановление Акмолинского губисполкома от 18 июля 1925 года о переименовании г.Петропавловска в г.Кзыл-Жар подтвердить и возбудить перед ВЦИК-ом ходатайство об утверждении этого переименования» деген арнайы қаулысымен бекіткен. Осыдан кейін сол кездегі барлық ресми орындар қаланы «Қызылжар» деп атай бастаған. Қазақ, орыс тілдеріндегі газеттер де «Қызылжар» деп жазатын болған. Бірақ... бірақ бұл атауды Мәскеу бекітпеген. Осының өзі түсініксіз еді. Өйткені дінді жоққа шығарып жатқан большевиктер өкіметі неге христиан дінінің апосталдары Петр мен Павелге жабысып қалған. Бекітпеу туралы хатты да ресми түрде жібермей, тек Қазақстанның Мәскеудегі өкілдігіне ескерткен. Осыған байланысты біз: «осы хаттың өзі жоғарғы өкіметтің жасағаны емес, діншіл бір шенеуніктің өз тарапынан астыртын жібере салған жазбасы сияқты» деп күдік келтірген екенбіз. Өйткені дінге қарсы болып жатқан ресми өкімет дін иелерінің атына жабысып қалмас еді ғой. Оның үстіне сол жылдары басқа қалалардың атауларын (мысалы, Царицынды Сталинград, Царское селоны Красное село, т.т.) жаппай өзгертіп жатқан большевиктер Петропавлды да қалдырмас еді.
Бүгінде заман өзгерді. Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулықты ту еткен, елдің жарқын болашағына сенетін, мемлекет құраушы ұлттың тарихи-мәдени құндылықтарын құрметтейтін, толерантты жаңа қоғам қалыптасты. Сондықтан қала атауын тарихи атауына өзгерту мәселесін өңір жұртшылығы да қолдайды деп үміттенеміз. Өйткені бұл атау осы өңірде тұрып жатқан азаматтарымыздың мүддесіне ешқандай нұқсан келтірмейді. Керісінше елдік рухты көтеріп, халықты ұйыстыруға, демографиялық ахуалды жақсартуға соны серпін беруі тиіс.
ПЕТРОПАВЛ