Биыл бүкіл ел бойынша 9,8 мың шақырым автокөлік жолы жөнделмек. Оның ішінде 2,6 мың шақырым жолдың жөндеу жұмысы жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Ал осы республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсартуға қазына қоржынынан 750 млрд теңге шамасында ақша жұмсалады екен. Ниет қылған жұмыстардың дені «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жүзеге аспақ.
2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасына Алматы облысынан 18 жоба кіріп отыр. Оның ішінде 5 жоба бойынша құрылысы басталатын және жөндеу жалғасатын маңызды жолға ерекше назар аудару қажет. Негізгі құрылыс жұмыстары қар көбесі сөгіле серпін алатын Талдықорған – Өскемен, Күрті – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Қапшағай – Күрті, Үшарал – Достық трассаларында биыл да еңбек көрігі қызады. Осы республикалық бюджеттен қаржыландыратын жол құрылысы жергілікті тұрғындар үшін жұмыс көзіне айналып отыр. Дерек бойынша қазірге дейін Талдықорған – Өскемен автобанының құрылысына мыңнан астам адам жұмылған. Дені – жергілікті жұмысшылар. Ал ел астанасына бастайтын Күрті – Бурылбайтал бағытындағы трасса жұмысына 816 адам тартылған.
Биыл облыстың ішкі жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жалғаспақ. 427 шақырым трасса қосымша жөнделеді. Былтыр ішкі жол құрылысына 22,5 млрд теңге қаржы жұмсалып, 365 шақырым трасса толық жөнделген екен. Нәтижесінде, аймақтағы жол сапасы жақсарып, оң көрсеткіш 81 пайызға дейін өсіпті.
– Жол құрылысының жандануы жергілікті халық үшін экономикалық табыс әкеледі. Басқаны айтпағанда, адамдарды жұмыспен қамтуға оң әсер етеді. Былтыр жол құрылысына екі мыңға жуық жұмысшы тартылған. Негізгі мамандық иелерінен басқасы жергілікті тұрғындар. Жалпы, жол құрылысына қажет мамандарды өзіміз оқытып, дайындауымыз керек. Ауыл тұрғындарын сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлауға мән беріп отырмыз. Бүгінде бұл салаға дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, тракторшы, машинист сияқты мамандар өте қажет. Тұрғындарды оқытуға, үйретуге қаржы бөліп, жағдай жасадық, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Жол демекші, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты «Алтын орда» базарының маңындағы күре жолдың құрылысы созылып барады. Әуелгі жоспар бойынша жол салу 2017 жылы басталып, 2019 жылы ішінара қолданысқа беріле бастауы тиіс еді. Алайда қазір бұл трассадағы жұмыстар 68 пайызға ғана атқарылған. «Қазавтожол» ұлттық компаниясының мәліметінше, Алматы қаласына оңтүстік бағыттан кіретін күре жолдың құрылысы биыл толық аяқталмақ. Жұмыстың кешеуілдеуіне бірнеше себеп болған екен. Бастысы, бөлінген қаржының аздығы. Компания мамандары мұны жол құрылысы жобаланған 2016 жылдан бері құрылыс материалдарының ондаған есеге қымбаттауымен түсіндіреді. Мәселен, жол төсеуге қолданылатын арматура, қиыршық тас, битум сияқты қажетті заттар мен жанар-жағармай бағасының шарықтап өсуі мердігерлер жұмысына кедергі келтіріп отырған көрінеді. Ал жол салудың құқын «Дәулет-ДорСтрой» серіктестігі мен «AYTEI GROUP Holding Company» серіктестігі ұтып алған болатын. Бұл компаниялар бүгінге дейін 6,2 миллиард теңге қаржыны игеріпті.
Жол құрылысына қол байлау болған екінші мәселе – аумақтағы жер телімдерінің жекеменшікке сатылып кетуінде жатыр екен. Базар аумағынан бөлек, жолдың қос қапталына сауда-саттық пен қызмет көрсету орындары орналасқандықтан, нысан қожайындарымен келісу ұзаққа созылған. Дау-дамайы көп іс сотқа дейін жеткен. Қазір аумаққа орналасқан 2 жанармай құю бекетін көшіру мүмкін болмай отырған көрінеді. Екі бекет те бір қожайынға, «Oilan LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды. Ал қожайын мемлекет төлейтін өтемақыға разы емес. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жер телімдерін 110 млн теңгеге бағалап отыр. Ал жанармай бекеттерінің иесі шығын үшін 225 млн теңге талап етуде. Іс бойынша 3 рет сот болса да, тараптар ортақ мәмілеге келе алмауда.
Соған қарамастан биыл жол құрылысы аяқталуы тиіс. Күн жылынғасын Ақсай өзеніне салынатын көпір, аспалы жолдар мен автобус аялдамаларын құру сияқты негізгі міндеттен бөлек аумақты көгалдандыру жұмысы жалғасады. Жалпы, трассаның «Алтын орда» базарынан Алматы қаласына кіреберіс қақпаға дейінгі тұсы қос бағыт бойынша 10 жолаққа жоспарланған екен. Яғни, бір бағыттағы қозғалыста ауыр жүк көліктері мен қоғамдық көліктер үшін арнайы жолақ ашылып, жеңіл көліктер өтетін жол табаны бөлек болмақ.
Алматы облысы