Осыдан біраз уақыт бұрын Мексиканың мықтысы Сауль «Канело» Альварестің WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартқаны белгілі.
Бүкіләлемдік боксшылар ұйымы (WBO) жартылай ауыр салмақта жаңа чемпионды анықтау мақсатында төрт боксшы арасында жекпе-жек өткізуді жөн деп ұйғарды. Осы шешімге сай жартылай финалдық бәсекелер мексикалық Хильберто Рамирес пен колумбиялық Элейдер Альварес және ресейлік Умар Саламов пен Максим Влаксов арасында өтеді. Осы кездесулерде жеңіске жеткендері айтулы нұсқаның алтын белбеуі үшін таласады.
Жоғарыда аталған жігіттердің барлығы да мықты. Мәселен, Хильберто Рамирес әлі ешкімнен жеңілген емес. 28 жастағы Мексиканың марқасқасы 40 жекпе-жек өткізіп, 26 қарсыласын есінен тандырды. 34 жастағы Элейдер Альварес 25 кездесудің тек біреуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татты. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 25 жастағы Умар Саламовтың да көрсеткіші дәл сондай. Шешенстанның тумасы 19 бәсекелесін нокаутқа жіберді. 33 жастағы Максим Власов шаршы алаңға 48 мәрте көтеріліп, 45 рет жеңіс тойын тойлады. 26 кездесуде айқын басымдыққа ие болды.