Абай әлемінің мың сан арналы бағыт-бағдары, қазақ сөзінің құдіреті мен қасиеті, ондағы ұлттық-қоғамдық, тарихи-фәлсафалық, мәдени-рухани Һәм танымдық-тәрбиелік мәні мол мүмкіндіктері мен сыр-сипаттары қазіргі кезеңде де маңызы мен құндылықтарын жоғалтқан жоқ. Ол, әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық мәні мен тұжырымы терең, тағылымы мол мақаласынан анық аңғарылады.
Анығында, Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемі мен халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жайы кеңінен қозғалады. Оның өзі «...той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін» аса мәнді мүмкіндік әрі айрықша құбылыс болатынына маңыз беріледі. Ақын әлемі, шығармашылық мұрасының мәдени-рухани байлығы мен құндылық қайнарларына, тағылымдық Һәм тәлімдік тұстарына да кең орын беріледі.
Абай мұрасын зерттеп-зерделеу ісінде оқу эстафетасының кең өріс алуы, осының негізінде маңыз-мәні жоғары көзқарас пен қолтаңба, ұстаным жүйесіне ден қойылып, көкейкестілігі мен тағылымдық сыр-сипаттарына айрықша назар аударылады. Атап өткен жөн, бағдарламалық еңбектің басты бөліктерінде («Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы») Абай мұраты мен мұрасы ел бірлігі мен мүддесімен телқабыс сөз етіледі. Қазақ қоғамы, ондағы артық-кем тұстар қатар беріледі. Айталық «Ұлттық болмыстың үлгісі» бөлігінен қоғам мен заман шындығы, адам болмысы мен дүниетаным арналары кең орын алады. Қазақ қоғамын дамыту, ел-жерге қызмет ету, мақсатты биікке ұмтылу мұраттары адамдық борыш, білім-ғылым ісімен байланыстырылып, оны дамыту мен жетілдіру жолдары – Абайдың шығармашылық мұрасымен сабақтастықта сөз етіледі. Оның мәні: «Ғылым таппай мақтанба», «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» сынды белгілі өлеңдері аясында кең өріс алады. Білім-ғылымды ерте меңгеру, «Артық ғылым кітапта», «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол» сынды қағидалы ойлары мен толғаныстарының мәні ашылады. Білім беру саласын заманға сай дамытып, жетілдіру жолдарына ден қойылады. «Педагог мәртебесі туралы» заңның осы бағытқа арналғаны, ұстазға құрмет пен мұғалім мамандығын құрметтеу қажеттілігі көрсетіледі. Бұл бағытта ана тілін дамыту мен дәріптеу жайы, көптілді білу мен меңгеру мәселелері де кеңінен қозғалады. Ақыл-парасатқа кең өріс ашу, сананың ашықтығын қамтамасыз ету, елдік пен ерлікті қадірлеу, ұлттық патриотизмді қалыптастыру, өркениеттің озық тұстарына батыл қадам жасау қажеттілігі – Абай мұрасына ден қою мен оны оқып-үйрену, зерттеп-зерделеу, тану ісінде маңызды болатындығы баса көрсетіледі. Бұдан басқа, әсіресе: «Патша құдай, сыйындым, Тура баста өзіңе», немесе: «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат, Екі түрлі нәрсе ғой, сыр мен сымбат» сынды ақынның мін-сын ретіндегі астарлы-қатпарлы ой-жүйелері де басты назарда тұрады. Мұның мәнісі былай беріледі: «...Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты». Мұны да біліп, қаперде ұстаған жөн.
«Мемлекет ісінің мүдделесі» атты келесі бөлікте ұлт мұраты мен елдік бірлік, әділетті қоғам құру идеясы, өркениетті мемлекет қағидаттары кеңінен қозғалады. Даму мен тұрақтылық тірегі – бірлік пен татулық екені баса көрсетіледі. Мемлекеттік мүдде, қоғамдық келісім, дәстүр мен сабақтастық сырлары ашылады. Абай айтқан: «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды», «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып» деген дәуір тынысы, өмір тағылымы, қатқыл үн, қатаң ескертулері де назарға алынады. Сондай-ақ заң үстемдігі, билік пен халық арасы, жастарға мемлекетті сыйлаудың сыр-сипаттары да басты бағыттарға ие болады. Әділетті қоғам құру, сындарлы диалог мәні – жаңа буын жауапкершілігімен сабақтастықта сөз етіледі. Түйінді тұста: «Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық... Қазақстанды озық дамыған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз», – деп анық айтады.
«Жаңа қоғамның жанашыры» атты бөлікте әлемдік өркениеттің өзінде орын алған қала мен ауыл арасы, бай мен кедей мәселесі, білім мен білімсіздік мәні, әлеуметтік жауапкершілік жайы жан-жақты қозғалады. Оның кілті мен түйінін Абайдың «Толық адам» формуласы арқылы ашады. Ақын мұрасындағы: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» сынды қоғамдық құбылыстардан туған, кезең көріністері мен заман шындығынан орын алған, өмір-тұрмыс сапасын жақсартуға қатысы бар маңызды тұстарды бөлекше атайды. Осының негізінде тәуелділік психологиясынан арылу, мақтан мен масылдық сынды тегізсіз, жат та теріс көріністерден алыс болу, керісінше ерен еңбек етіп, білім қуып, шағын және орта бизнесті өркендету бағытын алға тартады. Бұл ретте: «Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды», – қоғам сұранысын, еңбек мәнін, өмір тағылымын алға тартады.
Бұдан басқа, «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» атты бөлікте Абай әлемін жер-жаҺанға таныту мұраты қозғалады. Халық мәдениетін, бітім-болмысын, өмір-тарихын, тұрмыс сапасын – Абай арқылы таныту мәселесі қозғалады. Абайдың ақындық қуатының қайнар көздері, Батыс пен Шығысқа қатысы, бастысы, ақын өлеңдері мен қара сөздеріндегі өмір тағылымы мен тұжырымдар жүйесінің мәнін ашу, жалпыадамзаттық құндылықтары мен рухани байлығын жоғары ұстау қажеттілігі айтылады. Абайдың ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығының сырын ашу, ұлтымыздың мәдени капиталы, Қазақстанның бренді ретіндегі орын-үлесі айқындалып, маңыз-мәні жан-жақты қозғалады. Анығын айтқанда: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаҺан жұртына да үлгі-өнеге, Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы», – деп терең мәнді фәлсафалық түйіндер жасайды.
Ал «Торқалы тойдың тағылымы» бөлігінде: «Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген қорытынды жасалады. Оның мәні: қазақтың төрінде домбыра, ақын кітабы мен М.Әуезовтің «Абай жолы» тұруы керектігі айтылады. Ақын мерейтойы тұсында – 500-ден астам іс-шара өтіп, кеш-кездесу, конференциялар ұйымдастырылатынына да мән беріледі. Ақын шығармалары он тілге аударылып, «Абай» телесериалы түсіріледі. Әдебиет пен өнер саласындағы сыйлық – Абай атымен аталатын болады. Семей өңірі – ел тарихындағы киелі өлкеге айналып, атақты Жидебай абаттандырылады. «Абай» журналына қолдау көрсетіледі. Қысқасы, анығын айтқанда: « Абай арманы – халық арманы... Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деп бағаланады. Демек, Абай мұраты мен мұрасы – елдік мүдде мен бірлік көрінісі.
Рақымжан Тұрысбек,
филология ғылымдарының докторы, профессор