ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Жапонияға ресми сапары өткен сәрсенбінің сәтінде одан әрі жалғасты. Алдын ала келісілген кестеге сәйкес бірқатар маңызды кездесулер ұйымдастырылды. Онда екіжақты қарым-қатынастарды қарымды ете түсудің түрлі жолдары қарастырылды.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы алдымен Жапония Парламентіне келді. Мұнда ол Кеңесшілер палатасының президенті, бізше айтқанда, жоғарғы палата төрағасы Сатцухи Эдамен және Өкілдер палатасының, яғни төменгі палата спикері Такахиро Йокомичимен кездесті. Жеке-жеке кездесулер кезінде Жапония Парламенті палаталарының төрағалары бір-бірімен алдын ала келісіп алғандай “Қазір Күншығыс елінде ең әдемі маусым, сакура гүлдей бастаған кезең”, деп әңгіме бастап, негізгі айтпақ ойларына келесі кезекте көшіп отырды. Осының өзінен-ақ жапондықтардың сакураны қаншалықты қадір тұтып, құрметтейтіні анық білініп тұрды.
Парламенттегі кездесулерде сондай-ақ, Жапонияда табиғи байлық жоқ болса, есесіне Қазақстанда мол екені атап көрсетілді. Сондықтан байланыстарды екіжақты пайдалы негізде тереңдететін мүмкіндіктер қарастырылғаны жөн. Екі ел арасында инвестициялық жағымды ахуал қалыптасып отырғанына да назар аударылды. Бұл – қос мемлекет арасын жақындастыратын маңызды экономикалық бағыттардың бірі.
Қ.Саудабаев өзінің жауап сөзінде Жапонияда сакура гүлдей бастаса, Қазақстанда көктем мен жаңару мерекесі – Наурыз аталып өтіп жатқанын, өзінің осы сапары екі ел халықтары үшін де қуанышты сәттермен тұспа-тұс келгенін жақсылықтың жаршысындай сезінетінін айтты. “Бұл сапар достық, әріптестік қарым-қатынастарымызға тың серпін қосады деп сенемін”, деді Қанат Бекмырзаұлы. Парламентаралық байланыстарды жандандыру жайы да назардан тыс қалған жоқ.
Осы орайда Жапонияда Қазақстанмен достықтың парламенттік лигасы құрылғанына 10 жылдан асып кеткенін атап кеткен абзал. Ол Қазақстанға достық көзқарастағы Жапония Парламенті депутаттарының кеңесу органы болып табылады. 2004 жылы осы тақылеттес топ Қазақстан Парламентінің Сенатында құрылса, араға бір жыл салып Жапониямен ынтымақтастықты дамыту тобы Мәжілісте жасақталған еді. Демек, парламентаралық байланыстарды белсенді ете түсуге толық мүмкіндік бар.
Жапонияның Экономика, сауда және индустрия министрі Масасюки Наошимамен кездесу екіжақты құжатқа қол қоюдан басталды. Қ.Саудабаевтың және жапониялық министрдің қатысуымен болған рәсімде Қазақстан жағынан бірлескен кәсіпорын құру туралы құжатқа “Қазатомөнеркәсіп” АҚ-тың басқарма төрағасы Владимир Школьник, Жапония жағынан “Sumіtomo Corporatіon” компаниясының президенті Сусуми Като қол қойды. Бұл БК “Summіt Atom Rare Earth Company” деп аталмақ. Құрылатын кәсіпорын сирек және сирек кездесетін металдар саласында жұмыс істейтін болады. Әрине, Қазақстан аумағында “Қазатомөнеркәсіп” болашақ БК үлесінің 51 пайызына, жапондық компания қалған 49 пайызына иелік етпек. БК-нің бас офисі Өскемен қаласында орналасады. Ең бастысы – бірлескен кәсіпорын өз жұмысына үстіміздегі жылдың маусым айында кіріседі деп күтілуде.
Сирек металдар кенін игеру Қазақстан үшін елді индустриялық-инновациялық дамытудағы жаңа бағыт болып табылады. Қазіргі кезде Жапония сирек кездесетін металдар импорттаушы аса ірі мемлекет санатына жатады. Бұл да еліміз үшін тиімділік әкелуі тиіс. Ал мұндай металдар жоғары технологиялы ғылыми ауқымды өнімдердің негізін құрайды. Мәселен, сирек кездесетін элементтер техниканың түрлі салаларында кеңінен қолданылады.
Қ.Саудабаевтың М.Наошимамен кездесуі кезінде өзара тиімді байланыстарды барынша дамыту қажеттігі атап көрсетілді. Осы ретте қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы бүгінгі қолда бар ұтымды мүмкіндіктерге Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жапонияға 2008 жылы жасаған ресми сапары үлкен негіз қалағанын айтты. “...Менің осы жолғы сапарымның мақсаты Қазақстан басшысының қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысын көзбен көру десек, бірлескен кәсіпорын құру туралы қол қойылған құжат соның бір жемісі”, деді Қанат Бекмырзаұлы.
Кездесуден кейін В.Школьник екі ел бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл жәйт жапониялық журналистердің үлкен қызығушылығын туғызды.
Осы күнгі ең маңызды кездесу Жапония Сыртқы істер министрі Кацуя Окадамен болды. Екі ел сыртқы саясат ведомстволарының басшылары мәселелердің кең ауқымын талқылады. Тараптар сөз еткен тақырыптар ішінде екіжақты қарым-қатынас мәселелерімен қатар, қос жақты да қызықтыратын және мүдделеріне сай келетін жаһандық саясаттағы мәселелер де болды.
Тараптар Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жапонияға 2008 жылғы сапары барысында жасалған Бірлескен мәлімдемеге сәйкес, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті қуаттады. Және де уағдаластықтардың орындалу барысын, ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалын талқылап, екіжақты қарым-қатынастың перспективалы бағыттары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша ынтымақтастықтың оң үдерісі атап көрсетілді.
Сұхбаттастар, сонымен қатар, жапон компанияларының уран кен орындарын жоспарлау жөніндегі жобаларға қатысуын қарастыру қажет деген ортақ пікірге келді.
Жапон жағы Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің транзиттік әлеуетін арттыру және экономикасын дамыту мақсатында “Жамбыл облысындағы ЦАРЭС көлік дәлізінің құрылысы” жобасы үшін заем ұсыну ниеті бар екенін білдірді.
К.Окада Жапонияның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағасы ретіндегі бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан тарабы Жапонияның екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған және тұтастай өңірдегі үнқатысуды ілгерілетуге арналған “Орталық Азия+Жапония” үнқатысуы аясында өткізіліп келе жатқан қызметін жоғары бағалап отыр. Тараптар үстіміздегі жылдың 25 ақпанында Токиода “Орталық Азия+Жапония” үнқатысуы аясында ұйымдастырылған “Төртінші Токио үнқатысуы” табысты өткендігіне ризашылықтарын білдіріп, аталған үнқатысу шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыру өңірдегі барлық мемлекет үшін ортақ қызығушылық тудыратын салаларда өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға берік негіз қалайтынын атап көрсетті. Осыған байланысты тараптар аталған үнқатысу аясында Сыртқы істер министрлерінің келесі кеңесін өткізуге бағытталған ынтымақтастықты жалғастырған жөн деген ортақ көзқарас танытты.
Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары 2009 жылдың 30 желтоқсанында күшіне енген “Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы қосарланған салық салудан қашу және салық салудан жалтарудың алдын алу туралы конвенцияға” үлкен сенім артатындықтарын айтып, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастар әрі қарай нығая түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, инвестициялық орта дайындау бойынша Қазақстан-Жапония ақпараттық желісін құру уақыт талабы болып отырғанын атады.
Сондай-ақ тараптар маңызы Қазақстан Президентінің 2008 жылдың маусымында болған сапары кезінде жоғары деңгейде атап көрсетілген “Қазақстан мен Жапония арасындағы инвестицияларды либерализациялау, ынталандыру және қорғау туралы” келісімге қатысты аталған келісімді бекіту бойынша келіссөздердің бірінші кезеңі табысты өтетіндігіне сенім артты. Аталған құжатқа қол қойылған жағдайда бұл шара екіжақты экономикалық қарым-қатынасты дамытуда қадам болады деген ортақ пікір ортаға салынды.
Қ.Саудабаев пен К.Окада ғылым, білім мәдениет және индустрия салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын да атап өтті. Сұхбаттастар, сонымен бірге, бүкіләлемдік қоғамдастық күш біріктіріп Ауғанстан үкіметінің қауіпсіздікті қалпына келтіру, мемлекеттік басқаруды жақсарту және елде бейбіт өмір орнату жолындағы қадамдарын қолдауы тиіс деген ортақ пікірге келді.
Кездесу кезінде бүгінде бүкіл әлемді алаңдатқан климаттың өзгеруіне, ядролық қарусыздану мен қатерлі қаруды таратпау туралы мәселеге қатысты ынтымақтастықты тереңдетудің маңызы да аталды.
Жүздесушілер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды жедел жүзеге асыру үшін бірлесіп белсенді күш-жігер жұмсауға деген өздерінің шешімділіктерін білдіріп, оның тұрақты және тұрақсыз кеңесі мүшелерінің санын көбейту жөніндегі ұстанымдары да ұқсас екендігін паш етті. Бұл ретте Қ.Саудабаев Қазақстан тарабы Жапонияның БҰҰ ҚК-іне тұрақты мүше болсақ деген ұмтылысын қолдайтынын жеткізсе, К.Окада өз кезегінде осы қолдау үшін зор ризашылығын білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар Корея Халық-Демократиялық Республикасын шұғыл түрде және сөз қайтармастан алтыжақты келіссөз үстеліне қайта отырып, 2005 жылдың қыркүйегінде болған алтыжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша жасалған Бірлескен мәлімдеме талаптарын бұлжытпай орындауға шақырды.
Кешкісін Жапония Сыртқы істер министрі атынан Қазақстан делегациясының құрметіне қонақасы берілді.
Қанат Саудабаев Жапонияға ресми сапарының соңғы күні Жапонияның саяси, іскер және академиялық топтары алдында лекция оқып, соңынан оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Лекция жапон тарабының үлкен қызығушылығын туғызды.
Самат МҰСА – Токиодан.