Солтүстік Қазақстан облысы Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков бастаған бір топ мамандар 11 қаңтардан бастап күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен қосымшалар туралы журналистерге түсінік берді.
Соның ішінде «Есірткіні насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін жаңа 299-1-бап енгізілгені туралы айтылды. «Баптың бірінші бөлімімен аталған қылмыс үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер бұл қылмыс адамдар тобымен, бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде жасалса, 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деді Қ.Қасымбеков.
Есірткіні қолдану емес, көпшілік орындарда жарнамалағаны үшін ғана осыншалық қатаң жаза қолданылатыны оның қасіретінің халық арасында артып кеткендігін көрсетеді. Өткен жылы Петропавлда көпқабатты үйлер мен өзге де үй-жайлардың қабырғаларына есірткі граффитилерін жазған төрт адам ұсталған екен. Бірақ оларға тек ұсақ бұзақылық жасағандары үшін деген жаза берілген, сөйтіп әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Енді осындай қылмысқа барушылар бас бостандығынан айырылатын болған.
Сонымен қатар тергеушілер Қылмыстық кодексте мал ұрлығы үшін берілетін жазаның күшейтілгенін жеткізді. Бұл қылмыстың әлеуметтік зияны зор. Ауыл тұрғындары тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін азаптанып, көзінің қарашығындай бағып, сақтап отырған алдарындағы нәпақасын қолды қылғанға қатты қапаланады. Былтыр облыста 92 мал ұрлығы тіркелген екен. Жазаның жеңілдігінен масайрап кеткен ұрыларға «әй дер әже, қой дер қожа» табылмайтын халге жеткен. Ұсталып қалған күннің өзінде олар ақысын төлеп, құтылады. Малды орнына келтіру ойға келмейді. Енді мал ұрлайтын ұрылар үшін Қылмыстық кодекс 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін жаза көзделген. Ал осы ұрлықты әбден кәсіп етіп, бірнеше рет ұсталған қаскөйлер үшін 188-1-бап бойынша 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
Өзінің сөзінде Қайрат Қасымбеков өзге де қылмыстар үшін жазалау шараларының күшейтілгені туралы айтты. Мәселен, әйел зорлағаны және сексуалдық сипаттағы басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыскерлер енді 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Бұрын мұндай қылмыстардың жазасы үшін тек 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен шектелетін. Енді тіпті зорлаушыға жәбірленушімен татуласуға мүмкіндік берілмейді. Егер зорлау әрекеті жас балаға қатысты жасалса, онда қылмыскерлер 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Солтүстік Қазақстан облысы