Қазақстан Республикасы Біріккен Араб Әмірліктерін жалпы араб әлеміндегі және Парсы шығанағындағы басты әріптес ретінде таниды. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған 27 жылдан астам уақыт ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстар нығайып, өзара тиімді ықпалдастық қалыптасты.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев атап көрсеткендей: «Екіжақты ынтымақтастық, әсіресе екі мемлекет астаналарында елшіліктеріміздің ашылуы нәтижесінде қарқынды дамуда. Жоғары деңгейдегі байланыстарымыз жандана түсті. Алғашқыда Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттігінің негізін қалаушы марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянмен, бүгінде президент шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен ізгі ықыласты достық қатынастар орнаттық. Бұл байланыстар өз кезегінде барлық саладағы ықпалдастықты жан-жақты нығайтып, оның жаңа бағыттарын айқындауға зор мүмкіндік береді».
Саяси саладағы қатынастарға тоқталсақ, екі ел арасында өзара сенімге негізделген тығыз байланыстардың арқасында жыл сайын жоғары деңгейдегі ресми және жұмыс сапарлармен алмасу жүзеге асады. Мысалы, Елбасы Әмірліктерге 2018-2019 жылдары екі мәрте ресми сапар жасады, ал Әбу-Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян 2018 жылғы шілдеде Астанаға ресми сапармен келіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатысты.
Әмірліктер еліміздің екіжақты және көпжақты форматтағы барлық бастамаларын қолдайды, Әбу-Даби Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің белсенді мүшесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұрақты қатысушысы болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құру туралы біздің бастамамызды Әмірліктер толық қолдайды. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелердің басым бөлігі бойынша Қазақстан мен Әмірліктердің ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты түрде саяси консультациялар өткізіледі.
Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық жылдан-жылға тұрақты дамып келеді. Әмірліктер біздің елімізбен сауда айналымы көлемі жағынан араб елдерінің арасында бірінші орын алады. Мысалы, 2018 жылы сауда айналымы 490 млн АҚШ долларын құраса, 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында 500 млн АҚШ долларынан асып, алдыңғы жылдың көрсеткішінен шамамен 10%-ға артық болды. Осы ретте екіжақты сауда айналымында Қазақстан экспортының үлесі үлкен екенін атап өту керек.
Екі ел арасында қол қойылған Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімнің арқасында инвесторлар ұзақ мерзімді тұрақтылықпен қамтамасыз етілді. Осы уақытқа дейін еліміздің экономикасына Әмірліктерден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,1 млрд АҚШ доллардан асты. Осы жылдың маусым-шілде айларында құрылысы толығымен аяқталатын «Әбу Даби Плаза» көпфункционалдық кешені жобасына әмірліктер тарапы 1,2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Елорда күні қарсаңында ресми түрде ашылатын бұл кешен Нұр-Сұлтан қаласының көз тартар мақтаныштарының біріне және Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы мызғымас достықтың ерекше рәмізіне айналары сөзсіз. Еліміздің батыс бөлігінде мұнай-химия кешені жобасын іске асыру бойынша маңызды келіссөздер жүргізілді, енді оны іс жүзінде іске асыру басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп пен ғарыш салаларындағы инвестициялық жобалардың жалпы құны 10 млрд АҚШ долларынан асады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Әбу-Даби мен Дубайдағы халықаралық қаржы орталықтарымен белсенді іс-қимылдарын одан әрі жалғастыруда, Әмірліктердегі қаржы институттарының АХҚО-ның табысты қызметіне қызығушылықтары артып келеді.
Инвестицияларды тартумен қатар қазақстандық тауарларды Әмірліктер нарығына шығару бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. 2019 жылы Әбу-Даби мен Дубай қалаларында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сауда миссиясын ұйымдастырды. Азық-түлік, құбыр желісі жабдықтары, талшықты-оптикалық байланыс, аккумулятор мен органикалық тыңайтқыштарды өндірушілер Әмірліктердің іскер топтары өкілдерімен нәтижелі келіссөздер жүргізді. Сауда миссиясы барысында БАӘ нарығына ену үшін өнімдерді тіркеу мен сертификациялау мәселелері талқыланды. Өткен жылы елімізден ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ұн, күріш, қой еті, табиғи балды экспорттау жүзеге асты. Алдағы кезеңде Қазақстанда өндірілген аккумуляторлар экспортына қатысты келісім-шартқа қол қойылады.
Екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетті саласы – туризм саласы бойынша байланыстар нығайып келеді. БАӘ азаматтарына елімізге визасыз кіру құқығы 2015 жылғы шілдеден басталды, ал 2018 жылғы 10 наурыздан бастап Қазақстан азаматтары БАӘ аумағына 30 күндік мерзімге визасыз кіруге мүмкіндік алды. Аталған қадам Әмірліктерден келетін туристер санын 50 пайызға көбейтті, ал қазақстандық туристер көлемі шамамен 30 пайызға ұлғайды.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Әмірліктер арасында қол қойылған мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен басқа да құжаттардың саны 100-ден асты. Шарт-құқықтық негіз құрайтын маңызды құжаттар ретінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы, Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы, Қылмыскерлерді ұстап беру туралы, Азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы және т.б. келісімдерді атауға болады.
Екі елдің парламенттері арасындағы ынтымақтастық тұрақты дамуда. Өткен жылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесіне Әмірліктер тарапы ең жоғары деңгейде қатысты. БАӘ Федералдық ұлттық кеңесінің төрайымы Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кеңейтілген келіссөздер жүргізіп, парламентаралық байланыстарды одан әрі тереңдетуге уағдаласты.
Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық шеңберінде екі елдің өнер ұжымдарының қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы Әбу-Дабидегі мәдени фестивальда «Астана Балет» театрының ұжымы өнер көрсетті, Шаржа қаласында өткен мәдени мұра апталығына ән-би ансамблі және Әбу-Дабиде болған шейх Заид атындағы фестивальға Қызылорда және Жамбыл облыстарының фольклорлық би ансамблі қатысты. 2018 жылы қол қойылған Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, Қазақстан мен Әмірліктер халықтарын рухани салада одан әрі жақындастыру жалғасын табады.
Осы ретте қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылғы 27-30 қаңтар аралығында Әбу-Дабидегі «Манарат әс-Саадият» орталығында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы түсірген «Құнанбай» көркем фильмі және «Абай. Өмірбаяны мен шығармашылығы» атты деректі фильм көрсетіледі. Сонымен қатар Әмірліктердегі «Қазақ киносының күндері» аясында «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», киноэпопеясы және «Елбасы жолы. Астана» фильмі араб көрерменінің назарына ұсынылады.
Екі ел арасындағы ерекше қарым-қатынастардың бір бөлігі ретінде Әмірліктердің біздің елде жүзеге асырған бірқатар әлеуметтік маңызға ие жобасын атап өтуге болады. Мысалы, БАӘ Президенті атындағы Гуманитарлық істер мекемесі Шымкент қаласында 120 орындық перзентхана және 3 мың адамға арналған мешіт құрылысына қаржы бөлді. Сонымен қатар аталған мекеме Нұр-Сұлтан қаласында жалпы құны 13 млн АҚШ доллары болатын 1200 орындық орта мектеп құрылысын табысты түрде іске асырды.
Қорыта айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың Әмірліктерге алғашқы ресми сапары өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге кең жол ашады. Әбу-Даби мен Дубайда өтетін кеңейтілген келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарға қосымша серпін беріп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайды.
Мадияр Меңлібеков,
Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі