• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Қаңтар, 2020

Ықпалдастыққа серпін беретін сапар

271 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге биылғы алғашқы сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен (БАӘ) бастамақ. Мемлекет басшысының бұл сапары саяси тұрғыдан да, сауда-экономикалық жағынан да маңызға ие.

Сенімге негізделген серіктестік

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмір­ліктері дипломатиялық байланыс орнатқалы 27 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономика­лық және мәдени қарым-қатынастың көк­жиегі кеңе­йіп, серіктестіктің жоғары деңгейі қалып­тасты. Қазақстан мен БАӘ қарым-қаты­насы өзара түсіністік пен келісімге негіз­д­еліп дамып келеді.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақ­стандағы елшісі Мұхаммед әл-Джабердің сөзіне сүйенсек, БАӘ тарапы үшін Қазақ­стан – сенімді серіктес, әлеуетті әріптес.

«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең бас­ты серіктесіміз. Тиімді қарым-қатына­сы­мыз­ды бүкіл салаларда белсенді дамытуға мүд­деліміз. Халықаралық күн тәртібіндегі мә­се­лелерге қатысты ұста­ным­дарымызды салыс­тырып, Қазақстан-Әмірліктер қарым-қаты­­на­сы­ның құқық­тық негізін нығайтуға бірлесе күш салуға әзірміз», деді әл-Джабер мырза «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмір­ліктік­тері әлемдік аренада Қазақстан бастамаларына әрдайым қолдау көрсетеді. ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дандырылған көрмесін өткізуге ұсыныс білдіргенде, Қазақстанды бел­сенді қолдаған елдердің бірі Біріккен Араб Әмір­ліктері болатын. Оның үстіне, биыл Ду­байда халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді.

Сонымен қатар Азық-түлік қауіпсіз­дігі жөніндегі ислам ұйымын құру, Қазақ­­стан аймағында МАГАТЭ Төмен байытыл­ған уран банкін құру, Азиядағы өзара ық­палдас­тық және сенім шара­лары жөніндегі кеңесті шақыру, Әлем­дік және дәстүрлі діндердің көш­бас­шыларының съезін ұйымдастыру ісінде де БАӘ тарапы қолдау көрсетті.

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлік­теріндегі елшісі Мадияр Меңлі­бековтің сөзіне қарағанда, халықаралық және өңір­лік өзекті мәселелерде Қазақстан мен Әмір­ліктердің ұстанымы өте жақын.

БАӘ-нің әлеуеті жоғары

Жоғарыда Біріккен Араб Әмірліктері саяси тұрғыда Қазақстан үшін маңызды серік­тес екенін айттық. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, БАӘ Парсы шы­ға­­на­ғындағы ахуалға белсенді араласып жүрген санаулы мемлекеттің қатарында.

Бұған дейін Әмірліктер тарапы Сауд Ара­биясының бастамаларын әрдайым қол­дап, аймақтағы жағдайға осындай әдіс­­пен ықпал етуді көздеп келген-ді. Кейін­­гі бірнеше жылда БАӘ өңірдің гео­саяси мәсе­лесіне дербес араласа бас­тады. Халықаралық қатынастар жөнін­дегі Аустралия институты Йемен­дегі дағдарыс кезінде Әмірліктер мұны анық байқатты деп есептейді. Бұған себеп жетерлік. 2018 жылы ресми Әбу-Даби Йеменнің қарамағындағы Сокотра аралына сарбаз жіберген-тұғын. Мұндай қадам үшін не Сауд Арабиясы, не Йемен билігінің келісімін алған жоқ. Осы оқиғаның өзі Әмірліктердің геосаяси амбициясын анық байқатады.

Әбу-Дабидің басшылары өңірдегі саяси ахуалды жіті бақылап, оң ықпал етуге әр­дайым күш салады. Мәселен, Ливиядағы ахуал­ды реттеуге арналған саммитке БАӘ тара­пы белсенді араласты. Сондай-ақ Иран мен АҚШ-тың алауыз болуына мүд­делі емес. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақ­стан­­дағы елшісі Мұхаммед әл-Джабер атал­ған мә­сел­е­лердің оңтайлы шешілуін көздейтінін айтты.

Екіншіден, БАӘ Парсы шығанағы ел­дерін шартараптың түкпір-түкпірімен жал­ғастыруға қабілетті. Әсіресе Азия­ның оң­түстік-шығысымен, Үнді­стан және Пәкістан секілді саяси-эконо­мика­лық тұрғыда маңызды елдермен тығыз байланыс орнатылған.

Оған қоса, ресми Әбу-Даби ұстанған сая­сат Елбасы Н.Назарбаев негізін қалап берген, Қазақстанның көпвекторлық бағытына өте ұқсас. БАӘ тарапы бүкіл әлем елдерімен тату болуды жөн көреді. Кейінгі жылдары бастары бір қазанға сыймай жүрген Қытай мен АҚШ екеуі де Әбу-Дабиді өңірдегі бас­ты серіктесі санайды.

Үшіншіден, Әмірліктер – мұнайға бай мемлекет. Мысалы, 2019 жылы елде күніне 3,1 миллион баррель өндірілген. Бұл – әлемдік мұнай өндірісінің 4 пайызын құрай­ды. Сондықтан экономикасы қар­қынды дамып, дәулеті тасып, қаржылық әлеуеті артып келеді.

Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын бүкіл араб әлемін жаппай шерулер мен на­разы­лықтар дүр сілкіндіргенін ұмыт­қаны­мыз жоқ. Сирия секілді елдердің ша­ңы­рағы ой­ран­­­далуына әсер еткен осын­дай оқиғалар Әмір­ліктерді айналып өтті. Мұның себебі, халық­­тың тұрмыс-тір­ші­­лігі жақсы, «көйлегі көк, тамағы тоқ». Аш адамның ашушаң, жағ­дайы төм­ен тұрғынның шерушіл, наразылық жасауға бейім келетінін БАӘ билігі жете түсінеді десек артық айтқандық емес. Сон­дық­тан ел билігі мұнайдан түскен табысты халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсайды.

 Биылғы сапардың маңызы қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмір­лік­теріне бұл сапарының маңызы ерекше. Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде БАӘ-ға алғаш рет бармақшы. Сапар барысында ынты­мақ­тастықты одан әрі дамытудың бағыты талқыланады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақ­стандағы елшісі Мұхаммед әл-Джабер де Қ.Тоқаевтың сапары өзара байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосады деп есептейді.

«Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастың қазіргі деңгейі мен оны дамыту жолдарын талқылайды деп күтіліп отыр. Келіссөздер барысында мемлекеттеріміз арасындағы биз­несті ілгерілету мен инвестиция тарту мә­селесі қаралмақ. Қазақстанның Бірік­кен Араб Әмірліктерінде бизнесін кеңейтуге мол мүмкіндік бар», дейді елші.

Мұхаммед әл-Джабердің сөзіне сай, Қазақстан Президентінің сапары өзара әріптестікті нығайта бермек.

«Кездесу қорытындысы бойынша бір­қатар мемлекетаралық келісімге қол қойы­лады деп күтіліп отыр. Атап айтсақ, Қазақстанның Энергетика ми­нистр­лігі мен БАӘ Энергетика және өнер­кәсіп министрлігі арасында мұнай және химия саласында, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ Экономика министрлігі арасында сауда саласында, АХҚО-ның қаржылық қызметті реттеу комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасында қаржы саласында әріптестік пен ынты­мақтастық жөніндегі ведомствоаралық мемо­ран­думға қол қойылады деп жос­пар­ланған», дейді Мұхаммед әл-Джабер.

Осы орайда мына нәрсені айта кеткен жөн. Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Бұл саладағы ынты­мақтастық тұрақты дамудың даңғылына түскен. Тауар айналымы көлемі бойынша Әмірліктер араб елдерінің ішінде бірінші орында тұр. Мәселен, 2018 жылы тауар айналымы – 490 миллион долларды құрады. Былтыр бұл сома 500 миллион доллардан асып жығылды.

Айтпақшы, екі елге қатысты мынан­дай қызық дерек бар. Біріккен Араб Әмір­­лік­терінің тұңғыш ғарышкері Хаззаа Әли әл-Мансури заңғар көкке был­тыр қазақ даласынан, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқаны есімізде. Жерге аман-есен оралған әл-Мансуриді алғаш құшағында аялаған да Сарыарқаның сайын даласы екенін арабтар әлі күнге аузының суы құрып әңгімелейді.