• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 26 Қаңтар, 2020

Цифрландыру қадамдары артып келеді

472 рет
көрсетілді

​Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті халыққа көрсетілетін мемлекеттікқызметтерді сандық түрде алуды насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Оқыту-түсіндіру семинарларымен, ақпараттық дәрістермен облыстағы барлық ауылдық округтер, еңбек ұжымдарының қызметкерлері және барлық студенттер мен оқушылар қамтылды. Соның ішінде облыс әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияның филиалымен бірлесіп әзірленген «Желілік кесте» аясында 825, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында 61 169 оқыту жүргізілді. Шаралар барысында 78 мыңнан астам мемлекеттік қызметтерді электронды нысанда алу дағдыларына үйрететін, қызмет алушылардың құқықтарын түсіндіретін парақшалар мен брошюралар таратылды.

Облыстық телеарналарда мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер басшыларының 29 сұхбаты мен брифингтері, бұқаралық ақпарат кұралдарының беттерінде шамамен екі жүз жарияланым жарық көрді. Сонымен қатар өңірдің халық көп шоғырланған көшелерінде, барлық аудандарда ақпараттық сауаттылықты арттыруға бағытталған 67 тақырыптық  баннерлер орнатылғандығы осы жұмыстың нәтижелі болуына үлесін қосты.

Мемлекеттік аппарат тұрғындардың қажеттіліктеріне сай әрі қолжетімді болуы керек. Осы мақсатты көздеп ұйымдастырылған жәрмеңкелер көпшілік көңілінен шықты деуге болады.  Олар – тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша кеңес беру, қолжетімділікті дамыту және «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттар берді. 2019 жылы осындай 82 жәрмеңке ұйымдастырылып, алты мыңнан астам облыс тұрғыны қамтылды.

Электронды түрде көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыруда электронды-цифрлық қолқоюдың болуы және оны қолдана білудің маңызы зор. Осыған орай департамент үстіміздегі жылы «Электронды-цифрлық қол қою – әрбір адамға» акциясын іске қосты. Аталмыш акция М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде және өңіріміздегі барлық колледждерде өтіп, қажетті ақпараттар мен білім ордаларының 10 мыңға жуық студенті мен оқытушысы қамтылды.

Мектеп оқушылары үшін электронды қызметтердің тиімділігін түсіндіру және оларды әр түрлі тәсілдер арқылы алуға үйретуге бағытталған  оқытулар жүргізілді. Петропавл қаласы мен барлық аудандарда өткізілген осындай 137 шараға шамамен бес мың жасөспірім қатыстырылды. «Telegram bot», «E-gov mobile», «Digital agent» мобильдік қосымшалары жастар арасында ерекше қызығушылық тудырды.

​Айта кететін болсақ, облыстағы мемлекеттік қызметтер көрсететін ғимараттарда, барлық мектептер мен колледждерде, денсаулық сақтау мекемелерінде 680 «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» орнатылған. Осы бұрыштардағы үйретулер пайдалы болып, қызмет алушылар жеке уақыттарын үнемдеді. 

Қоғаммен өзара байланыс орнатудың жоғарыда көрсетілген әдіс -тәсілдерінің тиімділігі тәжірибе арқылы дәлелденіп отыр. Сондықтан электронды қызметтерді тұтынушылырдың үлесін көбейту, көрсетілетін қызметтердің санын арттыру бағыттарында жұмыстар жалғасын табады.

Индира БАЖЕНОВА,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Солтүстік Қазақстан облысы

департаментінің бас маманы