«Брекситтің» жыры бітер емес. Күні кеше Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Еуропалық одақтан шығу жөніндегі келісімге қол қойды. Аталған құжат бұған дейін ЕО тарапынан бекітіліп, Тұманды Альбионға жолданған-тұғын.
«Брекситпен» басы қатқан Борис мырзаның ақыры жүзінде күлкі ойнады десек артық айтқандық емес. «Даунинг стрит» таратқан суретте Б.Джонсон жылы жымиып, қол қойып отырған сәті бейнеленген. Осы тарихи сәтке қатысты пікір білдірген премьер-министр «ел тарихындағы таңғажайып сәт» деп баға берді.
Газетіміздің бұған дейінгі нөмірлерінде Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы жөнінде бірнеше рет жаздық. Қысқа қайырсақ, 2016 жылы Тұманды Альбионда осыған қатысты жалпыхалықтық референдум өтіп, кәрі құрлықпен қоштасуды аңсайтындар басым шыққан-ды. Алайда дауыс беру мәселені шешудің орнына, көптеген түйткілдің шетін қылтитты. Әсіресе, Еуроодақтан шыққаннан кейінгі жағдай көп талқыланды. Мәселен, Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара, одақпен қоштасқаны үшін төленетін айыппұл секілді сұрақтар Еуропа саясаткерлерінің басын қатырып келеді.
Референдумнан кейін ел тізгінін қолына алған Тереза Мэй де Брюссельмен келісе алмай, қызметінен бас тартқан. Содан кейін премьер креслосына жайғасқан Б.Джонсон елде парламенттік сайлау өткізді. Дауыс беру нәтижесі бойынша оны қолдайтындар басым түскен. Осылайша, Лондонның экс-мэрі өз мақсатын орындауға түбегейлі кірісті.
Айтпақшы, Брюссельдегі атқамінерлермен басы піспеген Британия басшылары «Брексит» мерзімін бірнеше рет ұзартты. Межелі уақытта түк тындыра алмаған ағылшындар Еуропалық одақтың астанасы Брюссельден 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін мұрсат сұраған.
Әне-міне дегенше қаңтар аяқталып, ЕО екіжақты келісімге енжарлықпен қол қойды. Ұлыбритания премьер-министрі осыған қарамастан қуанышын жасыра алған жоқ. Б.Джонсонның айтуынша, «Брексит» жөніндегі құжаттың ресми бекітілуі бірнеше жылға созылған дауға нүкте қоймақ.
«Енді біз дербес мемлекет ретінде әрекет етіп, қоғамдық қызметті жақсартуға, таңғажайып Ұлыбританияның түкпір-түкпіріне мүмкіндік беріп, дамуына назар аударамыз. Еуропалық одақпен дос әрі тәуелсіз ел ретінде іргесі берік қарым-қатынас орнатамыз», деді премьер-министр құжатқа қол қойғаннан кейін.
«Брексит» келісіміне қол қоюға Брюссель шенеуніктерінің ынта танытпағанын айттық. Еуропалық комиссия президенті Урсула вон дер Лейен мен Еуропалық кеңес төрағасы Чарльз Майкл құжатты Лондонға жөнелткеннен кейін пікір білдіруге құлықсыз болды. Вон дер Лейен ханым туиттердегі парақшасына «Чарльз Майкл екеуміз Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу жөніндегі құжатқа қол қойдық. Оны ратификациялау Еуропалық парламенттің еншісінде» деп жазса, М.Чарльз «Мәселелер өзгеретіні сөзсіз, әйтсе де біздің достығымыз үзілмейді. Әріптес әрі одақтас ретінде тарихтың жаңа парағын ашамыз» деп қысқа қайырды.
Кәрі құрлықты әуре-сарсаңға салған келісімге қол қойылды, әйтеуір. Оның заңды күшіне енуі үшін Еуропалық парламенттің мақұлдауы мен Ұлыбритания патшайымының бекітуі қажет. 600 беттік құжатта азаматтардың құқықтары, Тұманды Альбион төлеуі тиіс 33 миллиард фунт-стерлинг міндеттеме, Ирландия шекарасы секілді мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылған.
Осылайша, 4 жылға созылған «Брексит» мәселесі бітуге таяп қалды. 31 қаңтар күні Ұлыбритания ресми түрде Еуропалық одақтан шықпақ. Дегенмен, Ұлыбритания кәрі құрлықтан біржола қол үзді деп айтуға әлі ерте. Біріншіден, биылғы 31 желтоқсанға дейінгі уақыт «транзиттік мерзім» саналады. Түсінікті тілмен айтсақ, ештеңе айтарлықтай өзгермейді. Тек Британия басшылары Брюссельдегі жиындарға бұрынғыдай қатыспайды.
Бірақ Борис мырза бастаған ағылшын атқамінерлері қарап отырмақ емес. Осы уақыт аралығында көптеген келісімдерді біржақты шешіп алуы тиіс. Мәселен, Ирландия шекарасы, Еуропалық одаққа кіретін елдер азаматтарының құқығы, төлемақының нақты сомасы әлі де толық шешілген жоқ.
2021 жылдан бастап көп нәрсе өзгермек. Әсіресе, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді. Кей сарапшылар «Брексит» екі елдің тағдырына қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Естеріңізде болса, XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралы тынышсыз еді. Ирландияның бірігуін қолдап, британиялық басқаруды тоқтатуға қарсылар мен Ұлыбританияны қолдайтындар арасында қарулы қақтығыс жиі болатын. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісімі жасалды. Соған сәйкес, екі тарап та қаруын тастап, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойылды.
«Брекситтің» ресми аяқталуымен өткен ғасырдың еншісінде қалған қақтығыс қайта бастала ма деген қауіп бар. Өйткені Тұманды Альбионды үрейде ұстаған Ирландия республикашылар әскері (ИРА) тарағанымен, оның мүшелері ешқайда кеткен жоқ. Олардың кейбірі суық қаруларын жасырып қалғаны бұқаралық ақпарат құралы бетіне ара-тұра шығып тұрады. Оның үстіне, қаруын тәркілегенмен, соғыс өнеріне машықтанған адамның әскерде үйренгенін ұмыта қоюы екіталай. Яғни, алда-жалда Ирландияда қайта қақтығыс туа қалса, ИРА-ның қайта топтасуы әбден мүмкін.
Шекара мәселесі мұнымен бітпейді. Ирландия мен Солтүстік Ирландия түйіскен жерде көптеген ауылдар бар. Мысалы, шекарада орналасқан бір елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Екі мемлекетке тиесілі екеніне қарамастан, халықтың «ауылы аралас, қойы қоралас». Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Айта берсеңіз, мұндай мысалдар жетіп-артылады.
Шешімін таппаған тағы бір мәселе – Ирландия мен Солтүстік Ирландияға келетін тауарларды кедендік рәсімдеу. Еуропалық одақтың басқа елдерінен әкелінген тауарларға Ұлыбританияның баж салығы салына ма? Әлде, Дүниежүзілік сауда ұйымының бекіткен ережелері қолданыла ма? Бұл да әлі басы ашық тұр.
ЕО азаматтарының құқығы да әлі талқылауды қажет етеді. Аталған құжатқа сәйкес, одақ құрамына кіретін мемлекеттердің тұрғындары ұйымға мүше елдердің аумағында еркін жүріп-тұруға, көшіп-қонуға, жұмыс істеуге құқылы. 2021 жылдан кейін Тұманды Альбиондағы еуропалықтар мен кәрі құрлықтағы ағылшындардың жағдайы қалай болмақ? Бұрынғыдай емін-еркін жүре бере ме, әлде арнайы виза әзірлетуі керек пе? ЕО құрамындағы бір елде жұмыс істеп, басқа мемлекетте зейнетке шыққандар зейнетақыны қалай алады?
Айта берсеңіз, мұндай мәселе өте көп. Қысқасы, «Брекситтің» ресми аяқталуына санаулы күн қалса да, әлі шешілмеген дау шаш етектен.