Таяуда еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында отандық ғылым саласында қабылданған негізгі нормативтік-құқықтық актілер, атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу ережелері, Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) ережесі мен құрамының қайта қаралуы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеген болатын.
Қысқа қайырғанда, сала басшысы ҰҒК жұмысын жаңғырту, ғылымды мемлекеттік қаржыландырудың тиімділігін арттыру, мемлекеттен тыс қаржыландыру үшін ғылымның тартымдылығын арттыру, ғылыми кадрларды даярлау сапасын түбегейлі арттыру сынды негізгі бағыттарды жетілдіру керегін жеткізген-ді. Яғни, ҰҒК құрамын қалыптастыру процесі түбегейлі қайта қаралды, оның мүшелеріне қойылатын талаптар да қатаңдатылды. Бұдан былай кандидаттарды ҰҒК құрамына іріктеген кездегі басты талап – ғылыми жарияланымдарының сапалы болуы. Сонымен бірге ҰҒК қызметінің ашықтығы үшін нақты критерийлері бар және ұпай қойылатын ашық дауыс беру енгізілді. Бұған дейін ғылымға арналған конкурстар 3 жылда бір рет өткізілсе, енді конкурстар жыл сайын өткізіліп, жобаларды іске асыру мерзімі 3 жыл болмақ.
Министр ғылымды дамыту туралы жазбасының жалғасында ғылыми кадрларды даярлауды жетілдіру және академиялық ортаны жақсарту жөніндегі кейбір шараларға тоқталды. Ведомство басшысының жазуынша, біріншіден, ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдардың тізбесіне контенттің жоғары сапасын қамтамасыз ете алмайтын белгілі бір өлшемдер бойынша іріктелген 177 отандық басылым кіреді. «Осыған байланысты, біз Scopus және Web of Science сияқты деректер қорының талаптарына сәйкес осы журналдарға қойылатын талаптарымызды бейімдеу бойынша жұмысты бастадық. Бұл мысалы, қосарланған жасырын рецензиялау, анық редакциялық саясат, қабылданған мақалалардың журналдың тақырыптық бағытына сәйкестігі, шетелдік рецензенттер, барлық жариялау үрдісінің транспаренттілігі, күшті редакциялық алқа, авторлық құқықты қорғау және т.б. Осы талаптар 1-1,5 жыл ішінде кезең-кезеңмен осы тізбеге кіретін барлық отандық ғылыми журналдарға қолданылады. Осы орайда басылымдардың саны қысқарады деп күтілуде, сапалы контент үшін бәсекелестік артады және бұл жалпы алғанда, халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдарды шығарудың кәсіби академиялық мәдениетін қалыптастыруға қызмет етеді» дейді А.Аймағамбетов.
Екіншіден, министрлік Scopus және Web of Science халықаралық базаларының қатарына енуі тиіс бірқатар ғылыми журналдарды қаржылық қолдауға конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Үшіншіден, министрлік сұранысқа ие емес «әлсіз» журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдардың аз шыққаны жақсырақ деген ұстанымда. Дегенмен, бар ерекшелікті ескере отырып, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың даму деңгейіне сәйкес келетін гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар үшін жекелеген талаптар қалыптастырылатын болады. Төртіншіден, Диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережеге Диссертациялық кеңес мүшелеріне қойылатын талаптарды арттыру жөніндегі жаңа норма енгізіледі. Кеңес мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігінде Хирш индексі мен рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда кемінде 3 жарияланым болуы тиіс. Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар үшін бұл көрсеткіштер төмен болады. Сондай-ақ магистрлік және докторлық диссертациялар жетекшілеріне қойылатын талаптар да өзгереді. Мәселен, докторанттан беделді журналдарда жарияланым талап етілсе, онда ғылыми жетекшінің де осындай жарияланымдары болуы тиіс. Қазіргі уақытта іс жүзінде тиісті талаптар жоқ. Министрдің жазуынша, академиялық адалдықты дамыту, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңғырту, магистратура мен докторантураға қабылдау, постдокторантура институтын дамыту және т.б. мәселелер алдағы уақытта жарияланатын болады.