Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары барысында Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.
«Әл-Уатан» сарайында өткен ресми кездесуде Президент Қ.Тоқаевты шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян қарсы алды. Содан кейін екі мемлекеттің Әнұрандары орындалды.
Келесі кезекте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев пен БАӘ тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян бірлескен суретке түсіп, делегация мүшелерін өзара таныстырды. Салтанатты рәсімнен кейін Президент Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.
«Еліңіз бен «Әл-Уатан» сарайындағы жылы қабылдауыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің достығы мен бауырластық қарым-қатынастары нығая берсін. Әмірліктер халқының ырысы мен берекесі баянды болуына тілектеспін!
Ізгі ниетпен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев», делінген Құрметті қонақтар кітабында жазылған тілекте.
Бұдан соң мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөздер өткізді. Мәртебелі мейманды құрметпен қарсы алған шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян сөз алып, осы сапары үшін Қ.Тоқаевқа алғыс білдірді.
«Жоғары мәртебелі Президент мырза. Елімізге, Біріккен Араб Әмірліктері аумағына қош келдіңіз. Біріккен Араб Әмірліктері президенті шейх Халифа ибн Заид әл Нахаянның Сізге жолдаған ыстық ықыласты лебізін білдіргім келеді. Әмірліктердің басшысы сапарыңызға зор табыс тілейді», деді мұрагер ханзада.
Сонымен қатар шейх Мұхаммед бен Заид Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да ел Президентінің сәлемін жеткізді.
«Әмірліктердің Президенті және менің ыстық сәлемімді жаңа Қазақстанның негізін қалаушы, жақын досым, жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізуді сұраймын. Әмірліктердің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан әл Нахаянмен өте жақын қарым-қатынаста болды. Екі ел арасындағы байланысты нығайтуға, кеңейтуге зор үлес қосты. Қазіргі уақытта өзара қарым-қатынастарымыз өте жоғары деңгейде деп айта аламыз», деді шейх Мұхаммед бен Заид.
Осы орайда, мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті – шейх Халифа бен Заид әл Нахаян. Алайда оның денсаулығы нашарлауына байланысты, мәртебелі меймандарды күтіп алу, Әбу-Дабидің күнделікті тіршілігіне қажетті шешім қабылдау секілді маңызды жұмыстарды атқару Әбу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ-нің негізін қалаушы шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахаянның үшінші баласы шейх Мұхаммед бен Заидке жүктелген.
Сондай-ақ шейх Мұхаммед бен Заид Қазақстанмен ықпалдастықты дамытудың маңызына тоқталып, өзара әріптестіктің соны тұстарын атап көрсетті.
«Біз Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен ықпалдастықты дамытуға ерекше маңыз береміз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық бағыты мен мүмкіндігі мол. Осы ретте, 2019 жылғы қыркүйекте Әбу-Дабиде өткен Қазақстан мен Әмірліктердің үкіметаралық комиссиясының жұмысы нәтижелі аяқталды. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы сауда айналымы өсіп келеді. Әмірліктер Қазақстанның араб әлеміндегі тауар айналымы бойынша ең бірінші сауда әріптесі саналады. Қазақстан Әмірліктер инвестициясын тарту бойынша Орталық Азия елдері ішінде негізгі елге айналды», деді тақ мұрагері.
Шейх Мұхаммед бен Заид өз елінің тұңғыш ғарышкері аспан әлеміне қазақ даласынан ұшқанына ерекше екпін берді. Естеріңізде болса, былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінің тұңғыш ғарышкері Хаззаа Әли әл-Мансури заңғар көкке «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқаны есімізде. Жерге аман-есен оралған әл-Мансуриді алғаш құшағында аялаған да Сарыарқаның сайын даласы екенін арабтар әлі күнге тамсана әңгімелейді.
«Осы ретте жоғары мәртебелі екі ел арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты ерекше атап өткім келеді. Өткен жылы Әмірліктердің тұңғыш ғарышкері Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш орталығына аттанды», деді шейх Мұхаммед бен Заид.
Бұдан кейін аймақтағы ахуалдың қазіргі жағдайына тоқталып, Әмірліктердің негізгі саясаты аймақтағы мәселелерді бейбіт жолмен шешу, толеранттылықты нығайту, халықаралық аренада өзара бейбітшілікте өмір сүру екенін атап өтті.
«Әмірліктер мен Қазақстан Республикасы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы шеңберінде тығыз әріптестік орнатты. Екі ел осы ұйымның беделін арттыру бойынша бірлесіп жұмыс атқарады.
Қазақстанның Ислам әлеміндегі орны ерекше. Жоғары мәртебелі Президент мырза! Елімізге хош келдіңіз. Осы сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтеретініне кәміл сенемін», деп сөзін түйіндеді тақ мұрагері.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын білдірді.
«Бұл менің Президент ретінде араб әлеміне тұңғыш сапарым. Сондықтан, бұл сапар Қазақстанның Сіздің елге үлкен мән беріп отырғанын аңғартады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Сізге Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ыстық лебізін жеткізгім келеді. Шын мәнінде, екі елдің арасындағы қарым-қатынастың арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік», деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев әріптесінің сөзімен келісетінін айта отырып, екі елдің байланысы шынайы достық, өзара түсіністік пен сенімге негізделгенін жеткізді.
«Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихының тамыры терең. Бізді шынайы достық, өзара сенім мен түсіністік байланыстырады. Сондықтан қарым-қатынастарымыздың келешегі зор. Менің сапарымның негізгі мақсаты – екі мемлекеттің ынтымақтастығына тың серпін беру. Біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайды. Алға жылжуымыз керек. Мен осы сапарға ерекше мән беремін және үлкен үмітпен қараймын», деді Президент.
Келесі жылы Әмірліктердің құрылғанына 50 жыл толмақ. Ал Қазақстан 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Осыны еске түсірген Мемлекет басшысы бұл Қазақстан үшін аса маңызды тарихи меже деп мәлімдеді.
«Дипломатиялық қатынастар орнаған 28 жылда Нұр-Сұлтан мен Әбу-Даби көпқырлы ынтымақтастықты нығайтып, мазмұнды әрі ашық саяси диалог қалыптастырды. Әсіресе сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Екі ел кәсіпкерлері белсенді жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 350-ге жуық бірлескен кәсіпорын құрылды. Мысалы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан Әбу-Даби Плаза кешені – осындай табысты байланыстардың жарқын көрінісі», деді Қ.Тоқаев.
Кездесу барысында мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимылдар мен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Екіжақты кездесу аяқталғаннан кейін, келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар мемлекетаралық келісімге қол қойылды.
Атап айтсақ, Қазақстан Энергетика министрлігі мен БАӘ Энергетика және өнеркәсіп министрлігі арасында Мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстан Сауда және интеграция министрлігі мен БАӘ экономика министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті мен БАӘ Орталық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan» – Әбу-Дабиден (Біріккен Араб Әмірліктері)