Алты Алашқа ғана емес, адамзатқа ортақ ойшыл, Абай хакімді өз деңгейінде ұлықтау біздің бұлжымас парызымыз болса керек. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айрықша атап өткенін білеміз. Бағдарламалық мақалада айтылғандай, ақын мұралары ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен насихатталғаны дұрыс.
Бұл орайда елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен және шет мемлекеттердің бірнеше елшілігімен бірлесе отырып, «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу жобасын қолға алды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының бастамасымен жүзеге асып отырған игі шара ең алдымен Еуропаның ең көне де көрікті қалаларының бірі – Прагада, Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада басталды.
Орталықтың тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Чехиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин, Чехияның зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ елімізден арнайы барған бір топ делегация қатысты.
Іс-шараның шымылдығын ашып берген елші Марат Тәжин: «Біз Абай атамыздың мерейтойын мемлекет аясында ғана емес, шетелдерде де насихаттауды қолға алып отырмыз. Бұл ретте Чехия ұлттық кітапханасына ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар елімізден келген үлкен делегацияға алғыс айтқымыз келеді. Абай өлеңдеріне, қара сөздеріне, деректі құжаттарға, аудио, бейне материалдарға толы үлкен орталық Абай тағылымымен қоса қазақ ұлтының да дәстүр-салты мен әдеп-ғұрпынан көп ақпарат береді. Үш айдың аясында Абаймен байланысты тарихи-мәдени қарым-қатынас екі ел арасында айрықша арта түседі. Біз Алтын Прагадағы барлық досымызға рахмет айтамыз», деп атап өтті.
Орталықтың ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан Чехия Республикасы Парламентінің депутаты Станислав Беркувич өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, ұлы ойшыл Абай есімі тек қазақ халқына ғана емес, Еуропа төрінде де танымал екенін айтты. «Чехия азаматтары үшін бұл орталық қазақ халқын жақын тануға үлкен жол ашып отыр. Біз Абай мұраларын осы орталық арқылы жақын тани түсетін болдық. Сән-салтанатқа толы залдан үлкен әсер алып тұрмын», деді чехиялық депутат С.Беркувич.
Жаңа орталықты ашуға көмек қолын созған бірден-бір азамат Чехия ұлттық кітапханасының директоры Мартин Косандро екенін айта кеткеніміз жөн. Үлкен екі залдан тұратын орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Косандро мырза да Абай мұрасына үлкен құрметпен қарайтынын жеткізді. «Біздің елде тарихи аңыздардан көп сыр шертетін көпірлер көп. Көпір адамдарды жақындастыратын болса, қаламгер тұлғалар ел мен елді таныстырады. Бұл ретте Абай мұрасы біздің ел мен сіздердің елдеріңізді қосып тұрған рухани көпір. Абайдың Чехия төріне жайғасқан жаңа орталығы алдағы уақытта үлкен зерттеулерге жол ашатынына сенімдімін», деді М.Косандро.
Елімізден барған делегацияның өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те жаңа орталықтың әдеби-мәдени маңызына ерекше тоқталды. Өз сөзінде ақын Ұ.Есдәулет осы іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. «Әр ұлттың туына, мөріне айналатын тұлғалар болады. Солардың бірі – Абай хакім. Біз Абай арқылы өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды байытып келеміз. Еуропа төрінде Абай тағылымы қанат жайған мұндай шаралар жаңа ұрпаққа үлкен өнеге сыйлайды», деген Ұ.Есдәулет Чехия ұлттық кітапханасының директоры М.Косандро мен Чехиядағы елшіміз М.Тәжинге биыл Алматы қаласында басылып шыққан «Абай» атты ерекше күнтізбені сыйға тартып, Мартин мырза мен Абайдың қара сөздерін чех тіліне тәржімалап жатқан кинорежиссер, драматург Владислав Куичектің иығына шапан жапты.
Кинорежиссер, драматург Владислав Куичек хакімнің қара сөздерін чех тіліне аударып жатқан азамат ретінде жұртшылықтың ерекше назарын аударды. «Мен Абай шығармашылығына үлкен тебіреніспен келдім. Абайды бұған дейін 1960 жылдары аударған профессор Л.Гржебичек бес жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Ол Абайдың тек 40 қара сөзін ғана тәржімалаған екен. Небәрі 25 жасында осы істі қолға алған оның жұмысын қазіргі жаңа чех тілінде қайта сөйлетуге бел байладым. Абай шығармаларын маған Чехияда оқып жатқан Аюбек Бақнұр есімді студент алып келді. Бір айдың ішінде бұрынғы аударманың стилистикасын жөнге келтіре отырып, орыс тілінен чех тіліне тікелей тәржімалап жатырмын. Осы жылдың қыркүйек айына қарай жұмысымды толық аяқтаймын», дейді В.Куичек.
Тұсаукесер рәсімінде қатысқандардың тағы бірі, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай өз кезегінде ақын тағылымы мен тарихына қатысты баяндама жасады. «Абай – біздің рухани өміріміздегі басты бағдарымыз. Мұны Президент Қ.Тоқаев өз мақаласында айрықша атап өтті. Алтын Праганың тұрғындарымен бүгін Абай атамыз арқылы қауышып тұрмыз. Кез келген ұлт өзінің көрнекті тұлғалары арқылы жүретін жолын таңдайды. Біздің жолымыз – Абайдың жолы болуы керек. Кітап – бүкіл адамзатты туыстыратын жүрек сияқты. Кітап – ой кілті. Алтын Праганың рухани әлемін алтын кілтіміз Абай арқылы ашып отырғанымызға қуаныштымыз», деді Т.Жұртбай.
Шара соңында іс-шара модераторы әрі идея авторы, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева да Абай мұрасының маңызды бір қыры – ол Еуропа мәдениеті мен әдебиетіне қатысы екенін айта келе, зерттеушілер алдағы уақытта Абай шығармаларының Батыс Еуропа әдебиетіне байланысын көбірек зерделеу керектігін жеткізді. «Бұл жағдай қазақ қоғамының ағартушылық дамуына, Еуропа мәдениетіне деген көзқарасының өзгеруіне септігін тигізеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі елшілектер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін тілге тиек еткен болатын. Орталық еліміздегі министрліктермен қатар, Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен жүзеге асырылуда», деді Ү.Мұңалбаева.
Аталған іс-шара бүгін «Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстелмен жалғасатын болады. Басқосуда Ұлықбек Есдәулет, Кенжехан Матыжанов, Тұрсын Жұртбай сынды зиялы қауым өкілдері баяндама жасайды.
Айта кетуіміз керек, Чехияға барған делегация құрамында республиканың бірқатар өңіріндегі кітапхана басшылары, ғалымдар мен ақын-жазушылар, сондай-ақ БАҚ өкілдер бар.
ПРАГА (Чехия)