Соңғы күндері түтеп тұрған ақ боранға байланысты елордада төтенше жағдай жарияланды. Ұйытқи соққан қаңтардың қарлы боранынан қабағы ашылмай қойған кейінгі күндер ел астанасы мен теріскей өңірлердің коммуналдық және құтқару қызметі үшін сын болып тұр.
Төтенше жағдай жарияланды
«Қысқы боран соқты үдей, соқты қарды үйіріп, қасат қарлар боп үйдей, қалды жолға үйіліп» деп Мұқағали ақын жырлағандай, тақтақ жатқан жол бойын күртік қар басып, жол қозғалысы қиындады. Соның салдарынан қар құрсауында қалып қойған жолаушылардың мәселесі өз алдына, коммуналдық қызмет көліктері тұрғын үй алаптарындағы қоқыс контейнерлеріне де жете алмағаны байқалды. Ал түзде жүйткіген боран қуалаған жолдардағы ахуал тіпті күрделі.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдай департаментінің жетекшілігі инженерлік құрылыс-жол техникасын жұмылдыру арқылы қаланың азаматтық қорғанысының аумақтық ішкі жүйесін төтенше жағдай режіміне ауыстыруды ұсынған болатын. Сонымен бірге қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев, қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов елорда тұрғындарына үндеу жолдап, ақтүтек бораннан барынша сақтануға, жұмыс берушілердің жұмыс уақытын қысқартуға кеңес берген-ді. Үдей соққан үскірік бораннан әуе рейстері де кейінге шегеріліп, мектептерде сабақтар тоқтатылғаны мәлім.
Енді міне, долы боранның беті бері қарамаған соң елордада төтенше жағдайды енгізуге тура келді. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған жағдайдың Әділет басқармасында тіркеуден өткенін, алты өңірде төтенше жағдай бойынша комиссия отырысы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, елді мекендерде тіршілік жағдайын қамтамасыз ету бойынша қиындық туындаса, сол жерде төтенше жағдай жарияланады.
Шешімді жергілікті әкімдіктер қабылдайды. Яғни, осы арқылы тіршілік жағдайын қамтамасыз ету, адамдарды тұрғылықты жерлеріне және жұмыс орындарына уақтылы жеткізу, сондай-ақ азық-түлікпен, медициналық қызметтермен қамтамасыз ету іспетті қауіпсіздік шаралары көзделген.
95 жол учаскесі жабылды
Өткен жексенбіде елдегі автокөлік жолдарының 95 учаскесінде қозғалыс шектелді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, күн райының қолайсыздығына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтанда жедел штабтар құрылды. Бұл штабтардың құрамында аталған министрліктің Автомобиль жолдары комитетінің, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ және ІІМ Төтенше жағдайлар мен Әкімшілік полиция комитеттерінің және Ұлттық гвардияның қызметкерлері енді. Алдыңғы тәулікте 13 өңірде дауылды ескерту жарияланып, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 61 учаскесі, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдардың 34 учаскесі жабылды. Республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының 3 учаскесінде жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.
Құтқарушылар мен жол қызметтерінің жұмыскерлері қар құрсауынан 750 адамды құтқарды. Олардың 82-сі – балалар. Қауіпсіз жерге шығарылған 447 адамның ішінде 11 бала бар. Жалпы есепте 1380 автокөлікке көмек көрсетілді. Республикалық маңызға ие «Нұр-Сұлтан – Шучинск» жолында екі бағытта да көліктердің ұзын-сонар кептелісте қалуына орай Ақмола облысында аса күрделі жағдай орын алды. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп, 26-қаңтар күні сағат 15:00-де екі бағыттағы көлік құралдарының легін арнайы техниканың, патруль көлігінің сүйемелдеуімен өткізу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ төтенше жағдай қаупі туралы халықты ескерту мақсатында азаматтардың ұялы телефондарына 224 СМС-хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы 367 хабарлама жіберілсе, «Қауырт желі» телефонына 155 қоңырау түскен екен. Апаттық-құтқару жұмыстарына барлығы 913 адам мен техниканың 607 бірлігі жұмылдырылған.
1,5 мыңнан аса көлік шығарылды
Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин кеше министрлік бөлімшелерінің, жергілікті атқару органдарының, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Автожолдардағы жағдай күшімен 140-тан астам көлік Ақкөл қаласына дейін жеткізілгенін, әкімдік тарапынан адамдарды орналастыру мен тамақтандыру шаралары ұйымдастырылғанын айтты. Сонымен қатар елорда маңында адамдарды құтқару жұмыстары жүріп жатқанын, алдыңғы тәулікте 750-ден астам адам құтқарылып, 1,5 мыңнан астам көлік қар құрсауынан шығарылғанын жеткізді. Десе де қар үрлеп тастаған кей жерлерде тұрып қалған 500-ге жуық көлікті эвакуациялау қиынға түсіп тұр. «Бұл көліктерді жол тазартылғаннан соң алып шығамыз. Қазір Қорғаныс министрлігінің бөлімшелерін жұмылдырып жатырмыз. Арнайы техникамен адамдарды қар құрсауынан шығару жұмыстары жалғасуда», деді Ю.Ильин.
Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні таңғы сағат 06.30-ға дейін Қарағанды облысының Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары «Орталық» Өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерімен бірлесіп қар құрсауында қалған автокөліктерді шығарды. Олар «Алматы – Екатеринбург» тас жолының 1047-1073-ші шақырымында, яғни Теміртау қаласының маңында қар құрсауында қалған автобус пен жеңіл автокөліктерден 187 адамды құтқарды, оның ішінде 40 бала болған. Адамдар Теміртау қаласының ҚарМИУ және №31 колледжінің жатақханасына орналастырылды. Құтқарылған азаматтар медициналық көмекті қажет етпеген. Сондай-ақ жолда 20-дан астам жүк көлігі, 40 жеңіл көлік және 1 автобус қалған. Қатты боран салдарынан көрінбей қалған жол үстінде 4 вахта, «Трэкол» жол талғамайтын көлігі және 6 жол техникасы құтқару жұмыстарын жалғастыруда.
Сол сияқты Ұлттық ұлан сарбаздары сенбіден жексенбіге қараған түні «Нұр-Сұлтан – Шортанды» бағытындағы тасжолда қалған 100-ден аса адамды қар құрсауынан шығарды. Олардың арасында 28 ересек, 4 бала және 1 аяғы ауыр әйел болған. Түн ортасы ауа Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, подполковник Самат Аюпов пен екі жүргізушісі бар ұландық экипаж, сондай-ақ төтенше жағдай департаментінің үш қызметкері жолда қалған адамдарды құтқарып, елордаға қайтар жолда тағы 20-ға жуық автокөлікті қардан алып шыққан.
Автожолдардағы жағдай күрделі
Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автожолдардағы жағдай әлі де күрделі күйде қалып отырғанын жеткізді. Жалпы, елдің 10 облысында күрделі метеорологиялық жағдай сақталуда. Министрдің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға жолға шығу жоспарын кейінге шегере тұрып, жолдың ашық немесе жабық екенін бақылап отыру қажет. Жол жабылғаны туралы ақпарат әр 2 сағат сайын жаңартылып отырады. Әсіресе елордада жағдай күрделі. Жуық арада жел күшейіп, аяз басталады және ауа температурасы төмендейді деп күтілуде.
«Эвакуациялық-құтқару жұмыстарына шамамен 2 мыңдай полиция қызметкері, Төтенше жағдай және Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері тартылды. Жолда жүруде жоғары мүмкіндігі бар 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстың бәрі ауа райының қиын жағдайында жүргізілуде. Сондықтан азаматтар өз қауіпсіздігі үшін елді мекендер арасындағы жолдармен жүруден аулақ болуы керек. Мұндай жағдайда «өзімбілемдік» қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін», дейді Е.Тұрғымбаев.
Боран алдағы тәулікте басылады
Жалпы, 26-27 қаңтарда қабылданған шаралардың нәтижесінде 2 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Олардың ішінде жүзге жуық бала бар. Қар құрсауынан 1400-ге жуық техника құтқарылды. Айта кетерлігі, жекелеген жүргізушілер бекеттерді айналып өтіп, өз өмірімен бірге жолаушыларға да қауіп төндірген. «Төтенше жағдайдың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі азаматтарға ескерту хабарламаларын ескеріп, ішкі істер органдары мен төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауын орындауға кеңес береді», деді Ішкі істер министрі.
Кеше «Қазгидромет» РМК ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасының басшысы Алуа Саханова алдағы күндері боран басылатынын жеткізді. Яғни, 29 қаңтардан бастап солтүстік-батыс антициклоны мен ауа температурасының төмендеуіне байланысты жауын-шашын тоқтайды. «29 қаңтар күні түнде қар жауып, тұман түссе, 30 қаңтар күні ара-тұра тұман болып, түнде -26 -28, ал күндіз -16 -18 градус аяз болады», дейді А.Саханова.