Алматы облысында тұрақты тіркеуде тұрған 2 048 680 адамның 85 пайызы, яғни 1 738 679 тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы есебіне кіреді. Ал жыл басындағы есеп бойынша облыста жиналған МӘМС жарнасы 11,2 млрд теңгені құрады.
Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізіміне енген 1 183 425 адам міндетті төлемнен босатылған әлеуметтік санатқа жатса, 474 514 адам жалдамалы жұмысшылар қатарына кіреді. Ал МӘМС бағдарламасына қатысушылардың тағы бір қалың шоғырын жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін тұлғалар құрайды. Олардың саны – 50 088 адам. Сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем жүйесі бойынша жарна аударғандар саны да 30 652 адам шамасында. Ал облыс көлемінде МӘМС бағдарламасына қосылмаған 26 650 адам қалып отыр.
Жаңа жүйе бойынша жүргізілетін жұмыс аясында облыста медицина мекемелерін оңтайландыру аяқталды. Бұл үрдіс бұған дейін мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны нысанында қызмет көрсетіп келген ауруханаларды шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындарға айналдыру мен тұрғын саны аз елді мекендердегі емдеу орындарын аудандық деңгейдегі емханаларға қосу жолы арқылы жүзеге асқан. Атап айтқанда, енді Талдықорған қаласында және Талғар қаласында екі ірі наркологиялық диспансер біріктіріліп, бір орталықтан басқарылатын болса, осы екі қаладағы туберкулезге қарсы күрес диспансерлері де оңтайландыру жолымен қосылды. Ал бұған дейін жеке емдеу мекемесі болып келген Қаскелең қаласының жұқпалы аурулар ауруханасы Қарасай ауданының орталық ауруханасына берілсе, Жаркент қаласы мен Есік қаласындағы перзентханалар да аудандық ауруханаға бағынышты болды.
Бұған қоса облыстағы төсек саны 29 орынға жетпейтін барлық ауылдық ауруханалардың мәртебесі алынып, аудандық ауруханаларға қосылған. Ал жалпы саны 237 болатын дәрігерлік амбулаторияның жиырма төрті алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету орталықтары болып қайта құрылса, тұрғын саны 1 500 адамнан асқан елді мекендердегі 49 фельдшер-акушер пункті мен 13 медицина пункті дәрігерлік амбулаторияға айналған екен.
Сондай-ақ аймақтың медицина мекемелері «Sagtandyry» орталықтандырылған жүйесіне қосылып жатыр. Жақын күндері бұл жұмыс аяқталады. Осы жүйе «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры бойынша жүзеге асатын қаржылық төлемдерді нақты әрі қысқа мерзімде төлеу үшін қолданылмақ. Бүгінде бұл міндет те толықтай орындалды деуге болады. Атап айтқанда, облыстық, аудандық деңгейдегі мекемелердің интернетпен қамтылуы 100 пайызға жеткен. Ал шалғай ауылдардағы емханалардың ғаламтор желісіне қосылуы Astel жер серігі арқылы жүзеге асып жатыр. Қазір ауылдық аймақтағы 588 медицина мекемесінің төрт жүз алпыс бірінде жоғары жылдамдықты интернет істеп тұр. Қалған мекемелерді қамту ақпан айында толық аяқталмақ.
– Облыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылу бойынша айтарлықтай жұмыс істелді. Әсіресе, техникалық дайындық шарасына көп көңіл бөлдік. Бұл үшін аймақтағы медицина мекемелерін жаңа үлгідегі кеңсе техникасымен қамту күн тәртібіне шықты. Қазір осы міндетті толық атқардық. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 952 компьютер сатып алынды. Оған 112 млн теңге қаржы жұмсалды. Сол арқылы емханалардағы техникалық қолдау 100 пайызға жетті, дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Алматы облысы